Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балық өнімдерін ұлғайтудың жалғыз баламасы – акваөсіру

Балық өнімдерін ұлғайтудың жалғыз баламасы – акваөсіру
ашық дереккөз
Балық өнімдерін ұлғайтудың жалғыз баламасы – акваөсіру
Заң жүзінде маусым айының ортасына дейін өзен-көлдерден балық аулауға тыйым салынады. Алайда заң табиғат қаскөйлеріне тоқтам сала алмай тұрғанын мойындау керек. Қомақты айыппұл арқалап, жазаға тартылса да айылын жимай тұрған браконьерлер Табиғат-ана сыйға тартқан байлығымызға қырғидай тиіп жатыр. Осы ретте жауапты органдар заңбұзушылықпен жүйелі күрес жүргізу мақсатында 2022 жылы балық өнімдерін бақылаудың ақпараттық жүйесін енгізуді қолға алды. Сондай-ақ балықшаруашылығы саласын бұдан әрі дамытуды субсидиялау үшін «Акваөсіру туралы» арнайы заң жобасы ведомствоаралық комиссияда мақұлданды. Бүгінде өңірімізде мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, субсидияның игілігін көріп жатқан кәсіпкерлер жетерлік. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтың сөзіне сүйенсек, облыс аумағында акваөсіруді дамыту мақсатында жалпы сомасы 1,4 миллиард теңгеге 1 402 тонна өсіретін және 1 156 тонна өңдейтін 21 жаңа инвестициялық жоба іске асырылуда. – Жыл сайын акваөсіру мәдениеті дамып келеді. Балықшаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша, облыста 2024 жылы 13 75,9 тонна, 2025 жылы 3 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта аймақта 9 карп, 9 форель, 1 африкалық жайын және 2 бекіре балығын өсіретін шаруашылық тындырымды тірлік атқаруда. Атап айтқанда, Байзақ ауданы бойынша 3 жоба басталды. Мәселен, «Арслан» жеке кәсіпкерлігі Талас өзені бойынан форель балығын өсіру үшін облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы арқылы 5 миллион теңге мемлекеттік грант ұтып алды. 2022 жылы көлемі 1 000 текше метр болатын 5 балық өсіру тоғанын қазу жұмыстарын аяқтап, 80 мың шабақ жіберді. 2024 жылға қосымша 3 балық өсіру тоғанының қазу жұмыстарын жүргізуді және 100 тонна балық өнімін алатын жоспары бар. Одан кейін «Үлгілі нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі былтыр 10 миллион теңгеге 10 тонна тұқы балығын өсіруді бастады. Биыл суайдындарды балықтандыру жоспарлануда. Ал «Асамбеков Д» шаруа қожалығы биыл мемлекеттен алған 100 миллион теңгеге 40 тонна тұқы балығын өсіретін болады, – дейді Олжас Елебекұлы. Сол сияқты Жамбыл ауданында 8 жоба жүзеге асырылуда. «Алтынай» шаруа қожалығы Көлқайнар ауылдық округінің Қостөбе ауылына қарасты Төлексаз аумағында 4 гектар жер телімінде карп және форель балығын өсіру, өндіру мақсатында бірнеше тоған қазып, 7 мың шабақты жіберген. Тоғандарға су көздері жерасты бұлағынан келеді. Жоба құны 30 миллион теңгені құрайды. Ал «Янтарь» жеке кәсіпкерлігі Жасөркен ауылының іргесінен ағып жатқан Талас өзенінің бойында 50 миллион теңгеге 150 тонна форель балығын өндіруді жоспарлаған. Қазіргі таңда 380 мың форель шабағы тиісті аумаққа жіберілген. Шаруашылық жыл соңына дейін 120 тонна балық өндіреді. Сол секілді Талас өзенінің бойындағы «Айжан» жеке кәсіпкерлігі 50 миллион теңгеге 50 тонна форель өсіруді қолға алып, қазір 225 мың форель шабағын жіберіпті. Ал «Алтын бұлақ» компаниясы Шайқорық ауылында демалыс орнымен бірге балықшаруашылығын дамытпақ ниетте. Сондай-ақ 6 миллион теңгеге 100 тонна форель және тұқы балығын өсіруді жоспарлап, биыл Дания мемлекетінен форель балығының жалпы 1 миллион дана уылдырығына тапсырыс беріпті. Қазір 200 мыңы сатып алынған. Нәтижесінде 50 тонна тұқы, 60 тонна форель балығын өндірмекші. Одан бөлек «Жанбота Қ», «Сауранбаев» жеке кәсіпкерліктері форель өсіру жұмыстарын тыңғылықты атқаруда. Ал «Сандель Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Шөлдала ауылы маңында аумағы 4,2 гектар жер теліміне 3 тоған салыпты. 2021 жылы тоғандарға 20 мың дана тұқы шабағын жіберген. Сондай-ақ «Сандель» шаруа қожалығы Гродеково ауылы маңындағы Талас өзенінің ескі арнасында аумағы 4 гектар болатын тоғанға балық асырауға ниетті. Осы өзендегі тоғанға рұқсат алу, заңдастыру мәселесі бойынша аудан әкімінің орынбасарымен кездесіп, келіссөздер жүргізген. Алайда сұралып отырған 4 гектар жер учаскесі Талас өзенінің су қорғау белдеуінде орналасқан. Осыған байланысты Жамбыл ауданы әкімдігі аталған жер учаскесін бекітіп беру мәселесін бір жолға қойып бере алмауда. Сонымен қатар Жуалы ауданындағы «Ислам» шаруа қожалығы 30 миллион теңгеге 30 тонна форель өсіруді жоспарлапты. Қордай ауданындағы «TarazEcoFish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 141,5 миллион теңге инвестиция тартып, Сортөбе ауылында форель өсіретін шаруашылық ұйымдастыруды, консерві цехын салуды және жылына 67 тонна балық өндірмек. Бүгінге дейін 5 гектар жер телімін алып, диаметрі 11, тереңдігі 3 метр болатын 2 бассейн құрылысын жүргізген. – Судың оттегімен қаныққандығын қамтамасыз ету үшін бассейндер катамарандармен жабдықталған. Су астында катамаранның жылжуына қажетті жабдық іске қосылып, ол айналған кезде суды оттегімен одан әрі байытады. Шаруа қожалық аква өсіру жемдерін өндіретін және сататын жаһандық компаниялардың жемдерін пайдаланады. Біз шаруашылықты дамытуға қомақты қаржы жұмсаймыз. Ұсақ-түйекке мән беріп, қаржы үнемдемейміз. Өйткені өніміміздің сапалы болғанын қалаймыз. Сапа деңгейін сақтамайтын компаниялардан азық-түлік сатып алмаймыз. Біздің жеткізушілеріміз Польша, Түркия, Балтық жағалауы елдерінен, – дейді «TarazEcoFish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Харсан Буларов. Сондай-ақ «Kordai Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де Сортөбе ауылында бассейнде форель балығын өсіруде. Биыл тоғандарға 600 мың шабақ әкелген. Жыл соңына дейін 150-180 тонна балық өндіреді. Дания мемлекетінен 5,5 миллион форель уылдырығына тапсырыс беріп қойыпты. Меркі ауданында да 2 мекеме балықшаруашылығын дамытуды қолға алған. «Bester Yard» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекіре және африкалық жайын балығын өсіру үшін 2 гектар жер телімін қоршап, жоба бойынша орнатылатын қондырғыларды қоса есептегенде құны 50 миллион теңгеге 5 ғимараттың құрылысын жүргізуді жоспарлауда. Осы қаржыға 50 тонна бекіре және 50 тонна африкалық жайын балығын өндірмек. Одан кейін «Рузиев» шаруа қожалығы 30 миллион теңгеге Меркі өзенінің бойынан форель балығын өсіру үшін сыйымдылығы 4 000 текше метр болатын тоған қазып, құрылыс жұмыстарын аяқтаған. Шаруашылық 2021 жылы өз күшімен Меркі өзенінен су тарту жұмыстарын жүргізіп, көктем айында 5 мың форель шабағын салып, балық өсіру жұмыстарын жүргізіп, 2 тоннаға жуық өнім өндіріпті. Аталған кәсіп түрін Т.Рысқұлов ауданындағы «NOMAD» фермерлік шаруа қожалығы өткен жылы Сұлутөр тау шатқалындағы 10 гектар жер теліміне балық жіберуге арналған тоғандарын әзірлеп, жұмысын жүргізуде. Кәсіпкердің мақсаты – 150 миллион теңгеге 400 тонна форель балығын өсіру. Биыл 500 мың форель шабағын жіберіп, жыл соңына дейін шамамен 350-400 тонна балық өндіруге ниетті. Осы аудандағы «Fishing industry» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де былтыр Сұлутөр тау шатқалында 2 гектар жер теліміне балық жіберуге арналған 10 тоған әзірлеп, 150 миллионға 40 тонна форель балығын өсіруді қолға алмақ. Ал «Kaspi Bekiresi Limited» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекіре балығының уылдырығынан балық отырғызу материалын өсіреді. Сондай-ақ Шу ауданындағы «Жамболат» шаруа қожалығы 2021 жылы 180 миллион теңгеге 100 тонна тұқы балығын өсіруді бастаған болатын. Мойынқұм ауданы бойынша «Максутова» жеке кәсіпкерлігі биыл 260 миллион теңгеге балық өңдеу цехы мен тұқы балығын өсіруді қолға алды. Балықшаруашылығы өңіріміздің экономикасын дамытып, тұрғылықты халықты жұмыспен қамтуда. Отандық балық өнімдеріне қол жеткізудің бірден-бір жолы – акваөсіруді дамыту. Себебі бұл сала ақуыз өнімдерін өндіруде дүниежүзінде ең қарқынды дамып жатқан өндіріс түрі. Айтарлықтай жетістіктерге қарамастан, облыста акваөсіруді дамытуға кедергі келтіретін мәселелер де аз емес. Атап айтқанда, осы шаруа қожалықтары орналасқан аумақтар инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген екен. Жеке кәсіпкерлердің балық өсіруді дамыту мақсатында алдағы уақытта азық дайындайтын цех ашу туралы жоспарлары бар. Бірақ азық дайындауға қажетті жер телімі жетіспейді. Оны шешу жергілікті атқарушы биліктің құзырында. Сонымен қатар балықты өсіру, өңдеу білім мен мол тәжірибені қажет ететіндіктен бұл өндірісті дамыту үшін білікті мамандарды даярлау қажет.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар