
Биыл да туған өлкесіне жанашыр өрендер «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында көгалдандыру және қоршаған ортаны таза ұстау жұмыстарына ауқымды үлес қосты. Экологиялық акция аясында жастар әр апта сайын «Таза өлке» «Киелі мекен» «Жасыл аймақ» «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сынды экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырды.
Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиевтің айтуынша, сәуір айында басталған еңбек маусымы барысында 2 000 жас уақытша жұмыспен қамтылған. Науқан аясында Тараз қаласында 406 адам жұмыспен қамтылып, 10 мыңнан аса тал егіліп, 15 тонна күл-қоқыс шығарылыпты.
Облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жетекшісі Ақәділ Ринат айтуынша, осы жылы еңбек науқанын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясымен ұштастырған жамбылдық жастар ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген.
– Биылғы маусымда жастарымыздың белсенділігі мен жауапкершілігі жоғары деңгейде болды. Қоршаған ортаны қорғау, көгалдандыру, тазалық жұмыстарымен қатар, олар елге деген сүйіспеншілікті істерімен дәлелдеді. Экологиялық акциялар нәтижесінде 12,5 тонна күл-қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Сондай-ақ, 5 000 ағаш көшеті отырғызылды. Мәселен таяуда ғана еңбек жасақтарының жауынгерлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Тараз қаласында тазалық жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында Саңырақ батыр көшесі тазартылып, қоқыстар жиналды. Экологиялық бастамаға облыстық жастар ресурстық орталығының, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары мен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары белсене атсалысты. Игі іске 150-ге жуық жас қатысып, тарихи Тараз қаласының тазалығына өз үлестерін қосты. «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы – тәрбие мен патриотизмнің нақты көрінісі. Жастар тек еңбек етіп қоймай, табиғатты аялауды, қоғамға пайда әкелуді үйренді, – деген Ақәділ Ринат белсенді жастардың биылғы жетістіктеріне де тоқталды.
Атап айтқанда қыркүйек айының соңында Қарағанды қаласында өткен республикалық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХХІ Жазғы еңбек маусымының жабылу салтанатында облыстық ұйым «Еңбекқор жастар жасағы» номинациясымен марапатталыпты. Сол секілді «Таза Қазақстан» акциясына қосқан үлесі үшін 5 белсенді жас Экология және табиғи ресурстар министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Жақында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымының жабылу салтанаты өтті. Іш-шараға облыстық, қалалық және аудандық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының волонтерлері, эко-волонтерлер мен белсенді жастар қатысты.
Жиынның ашылу салтанатында сөз алған облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Кадыралиев «Жасыл ел» еңбек жасақтарының атқарған жұмыстарына тоқталып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға белсенді түрде атсалысқан аймақтарға және жастарға арнайы марапаттар мен сыйлықтар, қаржылай сертификаттар табыстады.
Атап айтсақ, І дәрежелі «Үздік жасақ» номинациясын Меркі ауданы, ІІ дәрежелі «Үздік жасақ» номинациясын Жамбыл ауданы иеленсе, ІІІ дәрежелі «Үздік жасақ» номинациясы Жуалы ауданына табысталды.
«Үздік командир» номинациясын Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенті, облыстық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының штаб төрағасы Абай Сұңғат иеленсе, «Үздік сарбаз» номинациясына Жамбыл ауданының белсенді жасы Айғаным Мұқашханова лайық деп танылды.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ