Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Экология немқұрайдылықты кешірмейді

Экология немқұрайдылықты кешірмейді
Автор
Экология – адам өмірінің өзегі. Табиғатқа қамқорлықсыз ұлт денсаулығы мен елдің болашағы туралы айту мүмкін емес. Егер қоршаған ортаның жағдайына бейжай қарасақ, күндердің күнінде зардабын өзіміз тартамыз. Себебі ластанған су мен ауа, жойылып бара жатқан жасыл желек, көбейген ауру түрлері – мұның бәрі біздің өмірімізге тікелей әсер етеді.

Осы мәселелер Тараз сервис және технология колледжінде өткен кездесуде талқыланды. Жиын барысында қатысушылар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызына тоқталып, өз көзқарастарын білдірді. «Байтақ» партиясының Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ыхтияр Мырзахметов жастарға қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үндеді.

– Негізгі мақсат – әр адамға таза табиғат өз қолымыздан басталатынын түсіндіру. Табиғатты қорғау дегеніміз – тек сенбілікке қатысу немесе бір реттік іс-шара өткізу емес, ол – ауланы, көшені, саябақ пен орманды, өзен-көлдерді таза ұстауға күнделікті назар аудару, – деген спикер елімізде экологиялық саясат жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын, ал «Таза Қазақстан» акциясы қоғамды табиғатты қорғау ісіне жұмылдырудың маңызды құралына айналғанын атап өтті.

Кездесуге қатысқан жастар өз тәжірибелерімен бөлісіп, экологиялық мәдениетті мектеп пен жоғары оқу орындарында дамыту жөнінде ұсыныстар айтты.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шу ауданының балалар мен жасөспірімдер орталығында тұрмыстық қалдықтардан жасалған бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылды. Шу аудандық жастар ресурстық орталығы қолға алған акция желтоқсан айының соңына дейін конкурс түрінде жалғасады. Ұйымдастырушылардың мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті қалыптастыру, қоршаған ортаның құндылығын ұғындыру.

Көрмеде экологиялық тақырыптағы суреттер, табиғи және қайта өңделген материалдардан жасалған қолөнер бұйымдары, плакаттар мен фотоколлаждар қойылды. Балалар өз еңбектері арқылы Қазақстанның болашағын таза, жасыл және салауатты ел ретінде бейнеледі.

Желтоқсан айына дейін жалғасатын конкурс аясында оқушылар мен студенттер жаңа жобалар мен шығармашылық жұмыстарын ұсына алады.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай жобалар экологиялық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, жастарды табиғатты қорғау ісіне біріктіреді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар