Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кимешек - қазақ әйелінің бет - бейнесі

Кимешек - қазақ әйелінің бет - бейнесі
Ашық дереккөз
Халқымыз кимешекті қазақ әйелінің алтын тәжі деп бағалап, киесі бар деп түсінген. Ел арасында «Бас кимешек таңдамайды, кимешек бас таңдайды. Яғни кимешек иілген басқа киіледі» деген сөз бар. Бүгінде мерекелік жиындарда немесе Наурыз мерекесі болмаса, күнделікті өмірде кимешек киіп жүргендерді көзіміз шала бермейді. Ал Тараз қаласының тумасы, белгілі психолог Ләзат Мырзаш киелі кимешекті бірнеше жылдан бері насихаттап жүр.

Ләзат 2017 жылдан бері кимешек тігіп, елімізде ғана емес, көршілес Қырғыз Республикасында да дәріптеп, түрлі кештерді ұйымдастырып жүр. Тіпті қасиетті Меккеге кіші қажылығын өтеуге барған сапарында қазақтың кимешегін киіп, миллиондаған халықтың қызығушылығын тудырған қазақтың қайсар қызы. – Кимешек – қазақ әйелінің бет-бейнесі. Кимешек тігумен 10 жыл бұрын айналыса бастадым. Магистратурада оқып, психологиядан білім алып жүргенде «АR-AI» газетіне сұхбат беріп, кимешекпен алғаш рет фотоға түстім. Сол суретім бүкіл Қазақстанды шарлап кетті. Бәріне образым ұнады. Арада бірнеше ай өткенде аяқ астынан Меккеге жолым түсті.

Ойламаған жерден жалғыз өзім сапарға шығып кеттім. Сөйтіп, миллиондаған мұсылман тоғысқан жерде кимешекпен сәжде етіп, Аллаға құлшылық қылдым. Ондағы халықтың көбі образыма қызығып, қандай ұлт екенімді сұрап жатты. Сол кезде еліміздегі телеарналарда да кимешекті насихаттау басталып кетті. Кезекті бір бағдарламаны қарап отырып «Шіркін-ай, аналарымыздың басына кимешек кигізсем ғой» деп те армандаған болатынмын. Сөйтіп, студент болсам да кимешекті қолымнан келгенше өзім киіп, көпке үлгі болып жүрдім.

Магистратураны аяқтап, дипломдық жұмысымды қорғап, Түркияға кеттім. Психология саласынан да біраз жетістікке жетіп, қолым жүре бастаған соң кимешек тігуге түбегейлі кірістім. Дубайға арнайы барып, сапалы маталар сатып алып, жүзге жуық кимешек тігіп, әлеуметтік желі арқылы насихаттай бастадым, – дейді Ләзат Мырзаш. Қазақ әйелінің дәстүрлі баскиімін насихаттап, көпке үлгі болып жүрген Ләзат ханымға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Кім біледі, дәл осылай кең көлемде насихаттала берсе, әрбір қазақ әйелі кимешек киіп жүретін күнді де көріп қалармыз.

А.Орынбасарқызы 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар