АРУЛАР СЫНҒА ТҮСТІ
Наурыз мерекесі қарсаңында облыс орталығында «Үкілі ару» атауымен қыз сыны байқауы өтті. Оған облыс әкімдігі жастар ресурстық орталығы мен шаһардағы жоғары оқу орындарының бірі Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті мұрындық болды. Қазақтың салты салтанат құрып, аруларымыздың сұлулығы паш етілген байқауға аудандар мен қаладан 14 бұрымды қатысып, сынға түсті.
«Үкілі ару» байқауының өзгелерден орны ерек. Себебі мұнда қазақ қызының ұлттық дәстүрімізге сай тәрбиесі мен біліміне де жіті мән беріледі. Сайыс шартына сай қатысушы қыздар сәлемдесу рәсімі, өнер көрсету, танымдық сайысы және шаш өру бойынша бақ сынады. Халықаралық Тараз инновациялық институтының проректоры Гүлшат Құлабекованың айтуынша, дәстүрлі сұлулық сайысы биыл тоғызыншы рет өткізіліп отыр.
– Сахнада қатысушылар өздерінің күшті жақтарын, сұлулығын және эрудициясын көрсетеді. Байқауда сайыскерлер қазақ халқының дәстүрлі тағамдарын ұсынып, аспаздық өнерлерін паш етті. Сондай-ақ үміткер арулар өздерінің білімін, көпшілік алдында өзін ұстай білу қабілетін көрсетті. Байқауда міндетті түрде бірінші біліміне, өнеріне, қылығына мән бердік. Және берілген тапсырмалардың орындалуына қарап баға қойдық, – дейді Г.Құлабекова. Сайыс талабы бойынша қыздар елдің тарихын, халқының салт-дәстүрін білуі керек. Шараның басты мақсаты – рухани құндылықтарды насихаттау. Тұрар Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылынан келдім. Мұндай байқауларға қатысу мен үшін жаңалық емес, өйткені бұған дейін облыстық байқаудың жеңімпазы атанған едім. Байқаудың қыздарға берері өте көп. Өйткені қазақы салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында қойылатын сұрақтардың көбісі ұлттық құндылықтарға байланысты, – деді байқауға қатысушы Айнұр Нұрбек. Терең ақыл, келбетті көркімен көзге түскен бұрымдылар өзара бақ сынасқан жарыс нәтижесінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті Карина Хамитова жеңімпаз атанды. Ал I орын Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз институтының І-курс студенті Диана Қуантайға бұйырды. II орынды Мойынқұм ауданынан келген 11-сынып оқушысы Мерей Бақытхан мен Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының ІІ-курс студенті Гауһар Сайлаухан өзара бөлісті. Т.Рысқұлов ауданы Құлан агротехникалық жоғары колледжінің білімгері Айнұр Нұрбек пен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Нұршахизада Салимова III орынды місе тұтты. Сонымен қатар өзге арулар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табыс етіледі. Атап айтқанда, бас жүлдегер 150 мың теңгенің сертификатына ие болды. II және III орын иегерлері 100 мың және 70 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ
Келесі мақала