Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

НҰРЛЫКЕНТТЕ ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

НҰРЛЫКЕНТТЕ ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ
ашық дереккөз
НҰРЛЫКЕНТТЕ ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ
Жуырда Нұрлыкент ауылында исі мұсылман қауым үшін ақ түйенің қарны жарылған айтулы оқиға – еңселі мешіттің ашылу рәсімі өтті. Халықтың көптен күткен қуанышымен бөлісуге Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза, депутаттар, ардагерлер, алыс-жақындағы нұрлыкенттіктер жиналды. Мешіт – мұсылман қауымы үшін пендесін Аллаға біртабан жақындататын, ауызбіршілік пен имандылыққа үндейтін бірден-бір қасиетті орын. Сондықтан мешіт салу – сауапты іс. Бұл жайлы қасиетті Құранда да айтылған. Халықты бірлікке шақыратын руханият ошағының ашылуымен құттықтаған облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев мешіттің бой көтеруіне атсалысқан, ұйытқы болған арда азаматтарға алғысын білдірді. – Халықты руханиятқа бастайтын мешіт салу – үлкен сауапты іс. Мейірімділік мекенін салуға демеушілік жасаған, басы-қасында жүрген азаматтарға, жалпы ауыл тұрғындарына, білімді, іскер, кәсіпкер барша азаматтарға Алланың нұры жаусын! Рамазан айының қарсаңында ашылып отырған мешіттеріңіз құтты болсын! Кезінде мешіттерде ешқандай жағдай болмады. Дегенмен сонда да қарияларымыз мешітке барып, намаз оқыды. Ал қазір мешіттерде барлық жағдай жасалған. Қадірлі ағайын, мешітке келіп, діни сауаттарыңызды арттырып, Аллаға құлшылық етіңіздер, – деген Бейбіт Әліпбекұлы бүгінгі таңда облыс бойынша 343 мешіт бар екенін жеткізді. Бейбіт Мырзагелдиев ауылдық мешіттің имамы Қанат Шемшеевке Құран кітабын сыйлап, құлшылық ордасының бой көтеруіне үлес қосқан Алмат, Ринат Раханұлы, Сапархан Оразұлы, Нағима Әділбекқызы, Айбек Орынбасарұлы, Қанатбай Режепбайұлы және тағы да басқа бірқатар азаматты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатымен марапаттады. Ауыл тұрғындары облыстың бас имамының иығына қазақы дәстүрмен шапан шапты. Сондай-ақ Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза мешіт имамына Құран кітапты сыйға тартып, мешіттің салынуына ұйытқы болған, қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс хат тапсырды. Ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалдан Назаров, Алматыдан арнайы келген Серікбай қажы, Алмат Абдрахманұлы ізгі тілектерін білдірді. Белгілі ақын Арман Бердалин жырдан шашу шашты. Ал ауыл тұрғындары мешіттің салынуына демеуші болған Алмат Раханұлына, сол секілді Сүйіндіковтар әулеті ауыл имамы Қанат Шемшеевқа ат мінгізді. Қадірменді қария Әбілқасым Ергебеков көпшілікке ақ батасын беріп, жиын соңында Әнұранымыз орындалып, көк Туымызды көтерген қыран құс көкке самғады. Аудан қариялары, басшылар, облыстың бас имамы мешіттің лентасын қиып, жиналған жамағат ішке кіріп, жұма намаз оқыды. Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ, журналист, Жуалы ауданы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар