Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алғыс АРҚАЛАҒАНДАР

Алғыс АРҚАЛАҒАНДАР
ашық дереккөз
Алғыс АРҚАЛАҒАНДАР
– Сүйектерім сырқырағанда жанымды қоярға жер таппаймын. Аурудың ең ауыры буын аурулары ма деймін. – Тынысым тарылып, жөтел қысқанда жүріп кете жаздаймын. Сырқаттың ең сұмдығы өкпе ауруы болуы керек. – Аурудың оңғаны жоқ. Қай жерің ауырса, жаның сонда. Сондықтан ең дұрысы – дер кезінде дәрігерге қаралып, тиісті ем-дом қабылдау. «Бәрі Алладан!» дегенмен дәрігер – аурудан айығуыңа бірден-бір себепкер. (Емханада дәрігердің қабылдау кезегінде отырғандардың әңгімесінен) Бұл теңеуге денсаулық күзетінде тұрған ажалдан арашашы ақ желеңді жандардың бәрі де лайық. Солардың қатарында Тараз қалалық №1 көпбейінді аурухананың урология бөлімінің қызметкерлері де бар. Бұл мақалада сол алғысқа бөленіп жүрген абзал жандар мен олардың мінсіз қызметі жайында әңгімелемекпіз. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде. Сондықтан кейбір кеселді жеңіл-желпі көріп, «ой, тұмау-сұмау ғой», «сәл суықтап қалыппын» деп ескермей жүре беруге болмайды. Ауруды асқындырып аласың. Дер кезінде дәрігерге қаралсаң, дертіңе шипа жасайды. «Ауруды емдегеннен гөрі алдын алған дұрыс». Бұл – халықтық қағида. Соны орындамай опық жейтін жерлеріміз көп. Несін жасырайын, сондай бейқамдықпен жүріп қалып, дәрігерлердің дертіме шипа жасап, деніме саулық сыйлағаны арқасында аяққа тұрып кеткен жайым бар. «Урология» деп аталатын бөлімде негізінен несеп жолдары, бүйрек, қуық ауруына шалдыққандар емделеді екен. Урология сөзі туралы «несеп жолдары және еркектің жыныс мүшелері ауруларын емдейтін медицина саласы» деп жазылыпты сөздікте. Өзінен гөрі өзгелер туралы айтқанды дұрыс көретін бөлім меңгерушісі Қуаныш Елубаев әңгімені өзімен қызметтес, бір майданда жұмыс істеп жатқан әріптестерінен бастады. – Бөлімдегі жалпы жұмыс жайында аға медбике Клара Омарова айта жатар, – деп әңгіме бағытын нақтылап алған Қуаныш Керімжанұлы осы бөлімде ұзақ жылдардан бері қызмет атқарып келе жатқан жоғары санатты дәрігер Серік Құдайбергенов, 1-санатты дәрігерлер Нұркен Асанәлиев, Дәулет Жұмағұлов, аға медбике Клара Омарова, операциялық медбике Балжан Нұрымбетова, медбикелер Светлана Өтемұратова, Айгүл Шегебаева, тазалықшылар Мәнсия Қосыбаева, Ләйла Айтжанова, Ақбота Дәуренбекова, Нәзира Жарылқасыновалар туралы жақсы лебізін, оларға деген ризашылығын айта келіп: «Бізде қызметкерлердің бәрі де жақсы. Бәрі де жұмыстарына жауапты. Соның арқасында емделушілердің алғысы мен ыстық ықыласына бөленіп жүрміз», – деп сөзін түйіндеді. Біреулерге көңілжықпастық сияқты көрінетін бұл сөздерде бөлім меңгерушісінің шынайы пейілі аңғарылып тұрды. Осыдан-ақ ұжымда ұйымшылдық салтанат құрып тұрғанын байқау қиын емес. Ұйымшылдық бар жерде ұтыс бар, ол ұтыс – нәтижелі жұмыс, жемісті еңбек. Ашылғанына 40 жылдан асқан бөлімде жыл сайын жүздеген адам емделіп, дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігі арқасында аурудан айығып, алғыстарын жаудырып қайтып жатады. Мұнда науқастарға барлық жағдай жасалған. Бұл туралы аға медбике Клара Бескемерқызы жан-жақты айтып берді. – Бөлімде 42 төсек бар. Науқастар палаталарға ауруларының түрлеріне қарай орналастырылады. Ауруларға қажетті дәрі-дәрмектер, емдік шараларға арналған медициналық құрал-саймандар жеткілікті. Аурулар жататын палаталарда тазалық пен тыныштықтың сақталуы – басты назарда. Сондықтан емделушілер тарапынан наразылық болған емес. Тамақтандыру, ем-шара қолдану – режимге сай. Бұл жөнінде тәртіп қатаң сақталады. Сіз «қатаң тәртіп» дегенді қаталдықпен шатастырып алмаңыз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, қызметкерлеріміздің науқастарға жылы сөздерінің өзі – үлкен ем. Оны емделушілер де жақсы қабылдап, жандары жадырап қалатыны айтпаса да түсінікті, – деді К.Омарова. Аға медбикеден кейін қайтадан бөлім меңгерушісіне қайырылғанбыз. – Сіздерде жылына қанша адам емделіп шығады? Қанша ота жасалады? Сіздерде трансплантация бойынша (адам ағзасын ауыстыру) ота жасау тәжірибесі бар ма? – деп топтап қойған сұрақтарымызға Қуаныш Керімжанұлы нақпа-нақ былай деп жауап берді: – Мен өткен жылдың көрсеткіштері бойынша сөйлейін. Бөлімде 1 500-дей науқас емделіп шыққан. 1200-дей ота жасалынды. Оталардың бәрі де сәтті өтті. Емделушілер тарапынан ешқандай арыз-шағым болған жоқ. Трансплантация жайына келсек, бөлімде ондай отаны 2022 жылы Астанадан арнайы келген бригада жасаған. 19 жасар қызға анасының бүйрегі ауыстырып салынды. Ота сәтті өтті. Қазір пациенттердің екеуінің де жағдайлары жақсы. Біз әріптесім Серік екеуміз бақылаушы ретінде қатыстық. Жалпы біздің дәрігерлер басқа қалаларда тағылымдамадан өтіп, трансплантациялық оталарға бақылаушы ретінде қатысып тұрады. Өзі туралы айтуға сараң бөлім меңгерушісі жөнінде әріптестері мен емделушілерден сұрап көргенбіз. Бәрі де Қуаныштың атына мақтау айтып, жақсы пікірлерін білдіріп, алғыстарын арнап жатты. Айтса айтқандай-ақ, бөлім меңгерушісі Қуаныш Елубаев – медицинаның білгір маманы. Онда осы мамандыққа орай қанмен берілген тектілік бар. Оның әкесі Керімжан Елубаев білікті дәрігер болатын. Алғашқы еңбек жолын қайдам, соңғы жұмыс істеген жері – Жамбыл ауданына қарасты Айша бибі ауылдық дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері қызметінде жүргенінде ол туралы тек жақсы пікірлер мен лебіздер еститінбіз. Марқұм дүниеден ерте озды. Бірақ сол қамшының сабындай қысқа ғұмырында елдің есінде қалатындай, көмегіне жүгінгендер риза болатындай тірліктер тындырыпты. Халық қалаулысы – аудандық мәслихаттың депутаты Керімжан Елубаевтың сайлаушылар аманаттары мен талап-тілектеріне сай атқарған жұмыстары жұрт айта жүрерліктей. Әке жолын қуған Қуаныш 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын бітіргеннен кейін 2 жыл Шымкенттегі өкпе аурулары диспансерінде медаға, 2004-2008 жылдары Сайрам аудандық ауруханасында хирург болып қызмет атқарған. 2008 жылы туған топыраққа оралып, №2 қалалық ауруханада дәрігер-уролог болып 11 жыл жұмыс істеген Қуаныш Керімжанұлы 2019 жылдан №1 қалалық көпбейінді ауруханада урология бөлімінің меңгерушісі. Жоғары санатты дәрігер. Бөлімде қашанда қайнап жатқан еңбек. Біреулерге палатада, біреулерге процедуралық ем-шара бөлмесінде дәрі құйылып немесе дәрі егіліп жатады. Біреулерді сүйретпе төсекке салып отаға алып барып, біреулерді отадан кейін палатасына әкеліп жатқызады. Бәрінде де медбикелер қимылы – епті, ұқыпты, ыңғайлы. Олардың әрбірі науқастардың жағдайларын жасап бәйек. Емделушілермен сыпайы сөйлесіп, талап-тілектерін орындап тұрады. Осының өзі-ақ дерттеріне шипа болатыны сөзсіз. Бөлімдегі осындай жағдайларды көзбен көріп, куә болғаннан кейін қызметкерлеріне «алғыс арқалағандар» деген теңеуді лайық санадық. Шын мәнінде де солай. Болат ЖАППАРҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар