– Жалпы ондаған жыл бойы қомақты қаржы бөлінсе де ауызсу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет, – деген еді Президент айтылған Жолдауында. Өңірімізде Президент тапсырмасына сәйкес ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамту мәселесі ретімен шешіліп келеді. Кеше облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Маулен Қожақов өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте 2024 жылдың ІІ жартыжылдығында елді мекендерді ауызсумен жабдықтау жағдайы туралы баяндады. Спикердің айтуынша, былтыр облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен жабдықтау саласында жалпы 13,6 миллиард теңгеге 54 жобаны іске асыру жұмыстары басталыпты. Жыл қорытындысымен 34 нысан пайдалануға берілсе, қалған 20 нысанның құрылысы осы жылға өтпелі екен.
Жыл қорытындысымен 17,2 мың тұрғын сапалы ауызсумен қамтылған. – Қаржыландыру жоспары бойынша 54 нысанның бесеуі ғана келесі жылға өтпелі болған. Атап айтқанда, Қордайдағы Цемзауыт ықшамауданы, Еңбек, Күнбатыс-2 елді мекендері, Т.Рысқұлов ауданындағы «Арай» тұрғын алқабы, Шудағы «Қант зауыты» аумағында биыл ауызсу мәселесі толығымен шешіледі. Алайда құрылыс жұмыстарының өндірістік кестеден кешігуі және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ұзақ мерзімге созылуына байланысты 15 нысан жыл соңына дейін аяқталмады. Нақтылап өтсек, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандары мен Тараз қаласында 12 нысан бойынша өндірістік кестеден кешігу орын алған. Оның ішінде Байзақтағы Аққия, Қосақ, Жамбылдағы Бесағаш-Түрксіб, Қордайдан Қайнар, Степное, Сарыбұлақ ауылдарында құрылыс жұмыстары кешігуде.
Сондай-ақ Мойынқұмдағы Ақсүйек, Сарысудағы Тоғызкент, Саудакент, Тараз қаласындағы 28 саяжайда, Шудағы Сауытбек, Көктөбе елді мекендерінің тұрғындары әлі де ауызсудың игілігін көре алмай жүр. Мұнымен бірге Меркі және Мойынқұм аудандары бойынша 3 нысанда, атап айтқанда, Меркідегі Қайыңдысай, Құмарық, Мойынқұм ауданындағы Хантау ауылдарында мемлекеттік сатып алу рәсімдері ұзақ мерзімге созылған, – деді Маулен Рахматалинұлы. Спикердің сөзінше, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, өткен жылдың қорытындысымен қалаларда 513,451 мың адам (97,5 пайыз), 313 ауылдық елді мекенде 655,7 мың тұрғын (94,9 пайыз) ауызсумен қамтылған. Дегенмен облыста сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз етілмеген 54 ауылдық елді мекен (35,4 мың адам) және Тараз, Шу қалалары бойынша 10 тұрғын алқап (13,5 мың адам) қалып отыр.
Баяндамашы өз сөзінде өңір тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 43 жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен 21,7 миллиард теңге қаралғанын жеткізді. Аталған қаражатқа 26 елді мекен мен қалалардағы 5 тұрғын алқапты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған. Жыл соңына дейін сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткішін қалаларда 98,8 пайызға, ауылдық елді мекендерде 96,9 пайызға жеткізу жоспарланыпты. Сонымен қатар биыл республикалық бюджеттің нақтылауына қосымша 17,8 миллиард теңгеге 26 жоба қаржыландыруға ұсынылған. Қазіргі таңда Мойынқұм ауданында ауызсумен қамту құрылысын қажет ететін 2 жоба, яғни Мойынқұмдағы Қашқантеңіз стансасы мен Қордай ауданындағы Алға ауылына құрылыс жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамаға тапсырылыпты. Сараптаманың қорытындысы осы жылдың наурыз айына дейін алынған жағдайда салалық министрлікке бюджеттік өтінім ұсынылатын болады.
Ақтоты Бекенқызы