ШЫН ЖҮРЕКТЕН ДОНОР БОЛ!
Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында облыстық қан орталығында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Шын жүректен» атты донор болу акциясы өтті. Акция барысында қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, этномәдени бірлестік мүшелері мен жастары, еріктілер қан тапсырды.
Облыс жастарының бірлесе игі іс жасауының басты мақсаты – донор болып, қан мен оның компоненттерін қайта құю арқылы адам өмірін құтқару. Денсаулығына қауіп-қатер төнген жандардың өмірін ұзартуға мүмкіндік бар екенін ұғындыру, өзгенің көмегіне мұқтаждарға үміт сыйлау да осы іс-шараның негізгі мақсатының бірі. Іс-шара барысында өскелең ұрпаққа донор болудың еш зияндығы болмайтынын түсіндірді. Донорлардың қатарын көбейтуге қала тұрғындарын және жастарды игілікті іс жасауға шақырды.
– Донор болу – біреудің өмірін құтқарумен қатар, денсаулығыңды жақсарту. Қан тапсырудың адамды ынталандыратын әсері бар екені ғылыми түрде дәлелденген, яғни
донорлар – өте белсенді және өмірге құштар жандар. Әлемде қан құюды жыл сайын миллиондаған адам қажет етеді екен. Қан қандай жағдайда керек? Қан немесе қанды құраушы компоненттер жол-көлік оқиғасына ұшыраған, босанғаннан кейінгі ауыр жағдайдағы әйелге, сырқаты терең балаларға ауадай қажет. Ал гемофилиямен және анемия ауруына шалдыққандарға өмірін сақтап тұру үшін тек қан керек. Әлемнің әрбір үшінші тұрғыны бір рет донорлық қанды қажетсінеді, – дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы А.Кадралиев.
Айта кетейік, мұндай қайырымдылық шаралар жыл сайын дәстүрлі түрде жастар тарапынан өткізіліп келеді. Бұл игілікті іс әрбір жанға үлгі болары сөзсіз.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала