Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Такси таппай қиналамыз

Такси таппай қиналамыз
Ашық дереккөз
Тараз қаласы тотыдайын таранып, шаһар күннен-күнге шырайланып, түрленіп, гүлденіп келе жатыр. Сөз жоқ, мұнда қала әкімі мен оның командасының үлесі зор. Сәулет өнерінің үздік үлгісінде салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар қаланың ажарын ашып, тұрғындардың көңіл күйін көтере түскеніне қуанамыз. Соған қарамастан, шаһарда шешуі кезек күттірмейтін мәселелер де жоқ емес.

 Тараздағы Төле би даңғылы бойындағы «Mart» сауда орталығы – тұрғындардың ең көп баратын орындарының бірі. Мұндағы сауда нүктелерінен қажетті азық-түлік, киім-кешек, тұтыну тауарларының барлық түрлері табылады. Келушілерге қызмет көрсету мәдениеті де жоғары.

Бірақ бұл жердегі шешуі кезек күттірмейтін бір мәселе – такситұрақтың жоқтығы. Орталықтан анау-мынау қажетті заттарыңды алып, артынып-тартынып шыққанда такси таппай қиналасың. Сауда орталығы алдына арнайы такситұрақ керек. Іздеген таксиің қажет кезінде тура сауда орталығы алдынан табылғаны қандай ғанибет! Мұнда олай емес, жол-патрульдік полицейлер таксилердің тұруына, тіпті тоқтауына рұқсат етпейтін жол белгілерін қойып тастаған.

Сонда қалай, алыстау жердегі сауда орнының сырт жағындағы машиналар қоятын орынға сөмкемізді сүйретіп жүреміз бе? Жалдай қоятын базардағыдай арбакеш те жоқ. Қала әкімдігі осы мәселені оңтайлы шешіп берсе екен.

Болат ЖАППАРҰЛЫ, журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар