Негізінде адам Алланың саналы жаратылысы болғаннан кейін әркім табиғатқа жанашырлықпен қарауы керек. Мұны кез келген адам түйсінеді деп ойлаймын. Одан бөлек бала бүлдіршін кезінен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің табалдырығын аттағанда, бастауыш сыныпта оқып жүргенде, жоғары сыныпта да, жасөспірім кезінде де Жер-анаға қамқор болуды тәрбиешіден бастап мұғалімдерге дейін үйретеді. Көрінген жерге өзі тұтынған түрлі тұрмыстық қалдықтарды лақтырып жүргендерді «балабақша, мектеп көрмеген» деп кім айта алады? Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі екенін, табиғат пен адам қатар ұғым саналатынын, адамсыз табиғат тіршілігін жалғастырса да табиғатсыз адам өмір сүре алмайтынын барлығымыз жастайымыздан біліп өстік. Себебі табиғат – тіршіліктің құт-берекесі. Егер ішетін су, жұтатын ауа ластанса, жер бетін түрлі ауру жайлайды. Сондықтан табиғатты қорғау, аялау, ластамау – бұлжымайтын маңызды міндет. Қазіргі кезде әлем бойынша экологиялық мәселе ушығып тұрғанын әркім білмейді емес, біледі. Алда-жалда экологиялық апат орын ала қалса, оның қалпына келуі неғайбіл екенін осы салаға тән ғалымдар зерттеп, қорытындысын шығарып қойған. Қоршаған ортаны қалпына келтіру немесе сақтап қалу негізінен көзге еленбейтін ұсақ-түйек жұмыстарға жіті назар бөлуден басталады.
Себебі уақытында ұсақ-түйек деп қараған міндеттемелер дұрыс атқарылмаса, ол үлкен экологиялық апат тудырады. Нақты айтқанда, адам ұзақ жылдар бойы табиғатты тиісті ережелерді сақтамай пайдаланса, оның салдарынан климатта айтарлықтай өзгеріс орын алды. Қоршаған орта өзінің қызмет жасау жүйесінен ауытқып, арты орасан нәубетке ұласады. Бүгінде кейбір адамдар дүкеннен сатып алып ішкен сусынының құтысын, балмұздақ не басқа да тұтынған затының қаптамасын, егер бейнебақылау камерасы жоқ болса, жерге тастай салудан да тайынбайды. Одан қалса, жаяу не көлікте кетіп бара жатып, шеккен темекісінің тұқылын да лақтыра салатындар бар. Қазіргі уақытта арнайы қоқыс орындарында көпқабатты үйлерден шыққан тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын тұрғындарға арналған ортақ контейнер көп. Бірақ көпқабатты үйден полиэтилен пакетке салып шыққан қоқысын сол арнайы орынға апармай, есік алдындағы кішкентай қоқыс жәшігіне тастайтындар да кездеседі. Таяқ тастам жердегі қоқыс контейнеріне қолындағысын апарып тастауға ерінгендіктен әлгі жәшіктердегі қоқыс аузы-мұрнына дейін толып, тасып, тіпті жан-жағы шашылып жатады. Оны «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары жинастырып жүреді.
Енді бірер күнде Тараз қаласында көктемгі үш айлық сенбілік ұйымдастыру ісі қолға алынатыны белгілі. Өткен жылы қала әкімдігінің бас инспекторлары, учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе түрлі стихиялық және құрылыс қалдықтарын тазарту жұмыстары жүргізіліп, 2023 жылдың 1 қыркүйегі мен 27 қазан аралығында құрылыс қалдықтарын бейберекет тастағандарға 344 ескерту беріліп, 8 айыппұл салу шарасы қолданылған екен. Дегенмен кейбір тұрғындар тарапынан құрылыс қалдықтары уақытылы шығарылмай, немқұрайдылық таныту әлі де тыйылмай тұрған көрінеді. Тазалық жұмыстары туралы бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі хабарлама жарияланып, әлеуметтік желілерде аумақтық инспекторлар тарапынан әрбір квартал комитетінің төрағаларына, пәтер иелері кооперативтеріне сенбілікке шақыру жүргізілгенімен тұрғындардың тазалық жұмыстарына атсалысу деңгейі төмендігі байқалған. Былтыр «Қазақстан Ғарыш Сапары» ғарыштық мониторингінің түсірілімі бойынша Тараз қаласының аумағында 11 стихиялық қоқыс орны тазаланбағаны анықталыпты. Сәйкесінше айыппұл салу арқылы Тараз қаласы әкімінің тиісті орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Негізінде кінәлілерді жауапқа тарту, жазалау сынды әрекеттер өз алдына бөлек әңгіме.
Қалдықтарды орналастырудың рұқсат етілмеген орындарын, көрінген жерге қоқыс тастай салатындарды анықтау тиісті мекеме мен құзырлы органдардың бірлескен рейдтік іс-шаралары арқылы жүргізіліп, қолданыстағы заңнамаға сай кінәлілерге айыппұл салына жатар. Бірақ біз осы неге қоқыс тастау мәдениеті мен өзіміз тұратын аумақта тазалық жұмыстарын жүргізуді бойымызға әлі күнге сіңіре алмай келеміз. Осы мәселе адамның санасын сан-саққа жүгіртеді екен. Алдағы көктемгі үш айлық сенбілік аясында санитарлық тазалау жұмыстары Тараз қаласы бойынша барлық жерде жүргізілетіні анық. Бұл іске барлық мемлекеттік мекемелердегі, өзге де бюджеттік мекемелердегі ұжым мүшелері жұмылдырылатыны бұрыннан бар. Олар өздеріне белгіленіп берілген аумақтың қоқысын сенбі сайын тазалап тұрады. Сенбілікке қатысушылар тіпті көше бойында орналасқан мейрамхана, дүкен секілді әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлердің алдына дейін сыпырып, тазалап кетеді. Мәселен, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы ұжымы Бейбітшілік көшесінің бойын осы мекеме орналасқан аумақтан Жамбыл даңғылының бойына дейін тазалайтынын жылда көріп жүрміз. Ал ол көшенің бойында негізінен жеке тұрғын үйлер орналасқан.
Сенбілік жүріп, ақ халаттылар есігінің алдын тазалап жатса, сол көшенің бойындағы тұрғындар қызықтап тұрады. Неге олар ақ халаттыларға көметеспейді, неге өз есігінің алдын таза ұстамайды? Аптасына болмаса да айына екі мәрте тұрғындар өзі тұратын көше бойын, ондағы арық-атызды тазалап, ретке келтірсе болады ғой. Түптеп келгенде, біз сөз етіп отырған мекемелердің қызметкерлері, жұмысшылары тазалық жұмысымен айналысуға міндетті емес. Әсіресе ақ халатты абзал жандар біреудің есігінің алдын тазалаумен емес, аурумен арпалысуы керек. Сондықтан кез келген тұрғын қала тазалығына өзі де жауапты екенін естен шығармаса екен дейміз. Сонымен қатар жастар да айналаға, қоршаған ортаға деген қамқорлығын әрқашан көрсетіп, өзі тұратын үйінің аумағын назарда ұстаса, тазалыққа мән берсе, бұл қоғам, табиғат үшін аса пайдалы шаруа болар еді.
Мәдина Ақтанова,
Тараз қаласы
Аймақ басшысы жеңімпаз спортшыларды қабылдады
Ұқсас жаңалықтар
Келесі жылы да су шаруашылығы мамандарының еңбекақысын көтеруді жалғастырамыз - министр
- авторAR-AY
- 27 қыркүйек, 2024
Қазақстан мен Қытай су тасқынымен бірлесіп күресу жөнінде келісімге келді
- авторAR-AY
- 26 қыркүйек, 2024