Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аймақ басшысы жеңімпаз спортшыларды қабылдады

Аймақ басшысы жеңімпаз спортшыларды қабылдады
Ашық дереккөз
Жақында Астана қаласында өткен спорттың күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатында грек-рим және еркін күрес түрлері бойынша облыс балуандары топ жарып, қанжығалары майланып қайтқан еді. Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жеңімпаз спортшы­лар мен мақтаныштары­мыз­дың бапкерлерін қабылдап, олармен емен-жарқын әңгімелесті.

Облыс әкімі сөз басын спортшыларымызды құттықтаудан бастап, өңірде спорт саласының дамуына қатысты жасалып жатқан жағдайларды тілге тиек етті. – Елімізде бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­ма­сы­мен салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешендерінің жыл сайын артып жатқаны осы сөзімізге нақты дәлел бола алады. Сәйкесінше спорттағы жетістігіміз де артып келеді. Облысымызда әлемге атын танытып, топ жарып шыққан спортшылар аз емес. Осыдан тура 44 жыл бұрын Мәскеу Олимпиадасында грек-рим күресінен алтын жүлде жеңіп алған Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың есімі ел тарихында мәңгі алтын әріппен жазылып қалды.

Ағамыздың сол сәттегі жеңісі барша қазақстандықтарды қуанышты көңіл күйге бөлеген еді. Содан бері де облыстан қаншама намысты спортшы ұл-қыздарымыз жасындай жарқырап шығып жатыр. Олардың арасында Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров секілді жігіттеріміз бар. Бүгін міне, өңір балуандары тағы да «чемпиондар ұстаханасы» атанған облыстың мерейін өсіріп, ел чемпионатынан жеңіспен оралып отыр. Құрметті спортшылар, сіздерді грек-рим және еркін күрес түрінен өткен Қазақстан Республикасы чемпионатындағы жоғары жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Атап өтсек, облыс құрама командасы грек-рим күресінен бір алтын, бір күміс, бір қола медаль, еркін күрестен екі алтын, үш күміс, бір қола медаль иеленіп отыр. Бұл үлкен жетістік. Жеңістеріңіз алдымыздағы үлкен сайыстарға жол ашып жатыр. Еркін күрестен облыстың құрама командасы жалпыкомандалық есепте екінші жыл қатарынан бірінші орынға ие болып отыр. Жетістіктеріңізбен облыстағы спорт жанашырларының мақтанышына айналып отырсыздар. Осындай жігерлі жігіттерді жаттықтырған бапкерлерге де алғысымыз шексіз. Сіздердің еңбектеріңіз үлкен, рөлдеріңіз маңызды екенін айтпай кетуге болмайды. Олай болса, алдағы уақытта Бішкекте өтетін Азия чемпионаты мен Стамбулда өтетін олимпиадалық іріктеу турнирінде жеңістің шыңынан көрінулеріңізге тілектеспіз. Әрі сіздерге сенеміз. Сондай-ақ Олимп шыңын бағындырып, Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың арманын орындайды деп үміттенеміз, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Мұнан соң аймақ басшысы жүлдегер спортшыларды марапаттады. Атап айтқанда, ҚР Спорт шебері, грек-рим күресінен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Жарылқасын Ержет, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еркін күрестен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Ерғали Әлішер, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еркін күрестен ел біріншілігінің жеңімпазы Мейіржан Әшіров 1 миллион теңгелік сертификатпен марапатталды. Сонымен қатар ҚР Спорт шебері, еркін күрестен ел чемпионатының күміс жүлдегері Рахат Қалжан, ҚР Спорт шебері, еркін күрестен ел біріншілігінің күміс жүлдегері Мұхтар Санжар, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еркін күрестен Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Нұрдәулет Қуанышбай 500 мың теңге жүлдеге ие болды. Сондай-ақ ҚР Спорт шебері, грек-рим күресінен ел чемпионатының қола жүлдегері Талас Әшірханов, ҚР Спорт шебері, еркін күрестен Қазақстан чемпионатының қола күлдегері Елдос Қуанышбай 300 мың теңгенің сертификатына лайық деп танылды.

Сонымен қатар ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, U-23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы тұңғыш әрі ең жас әлем чемпионы Сұлтан Әсетұлы 2 миллион теңгелік сертификатқа ие болды. Жиында облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Әлімбек Жұмабаев, облыстық еркін күрес федерациясының негізін қалаушысы және алғашқы президенті, КСРО Спорт шебері, спорт ардагері Ахан Бекназаров сөз алды. Олар әңгіме барысында спортшыларға әлемдік жарыс кезінде тұрғындар тарапынан жанкүйерлік қолдау көрсетілсе, әйелдер күресіне де лайықты көңіл бөлінсе дей келе, бірқатар өтінішін жеткізді. Ербол Шырақпайұлы айтылған талап-тілектерінің назарға алынатынын айта келе, күресшілерді Кавказ елдерінде, таулы жерлерде жаттықтыру жағын назарға алуды тапсырды.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар