Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Экологиялық мәдениеттің мәні зор

Экологиялық мәдениеттің мәні зор
Автор
Қазір қоғамда экологиялық мәдениет мәселесі өткір болып тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғамда экологиялық мәдениетті орнықтырудың маңызына тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, табиғатқа жанашырлық пен қамқорлық ұлттық идеологияның өзегіне айналуы тиіс.

Президент: «Былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр, бұл баршаңызға аян. Осы жұмысқа миллиондаған азаматымыз атсалысуда.

Жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстан нағыз жасыл ел болмақ. Ал бұл келешек ұрпаққа керемет үлгі-өнеге және өсиет болып қалары анық.

Осы жұмысқа атсалысып жүрген азаматтарға, әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіремін.

Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру – өте маңызды міндет», – деген Президент Үкіметке экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуді тапсырды. Бұл жұмыс мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық деңгейдегі білім мекемелерін қамтуы қажет.

Бұл ретте экологиялық мәдениетті, құндылықтарды, балалар мен жасөспірімдер арасында қалыптастыру – ортақ борышымыз. Осы орайда біз облыс әкімдігі білім басқармасына арнайы барып, өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысқан едік.

Облыс әкімдігі білім басқармасының әдістемелік орталығының әдіскері Айгүл Сыздықованың айтуынша, оқушылардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында биыл бірқатар іс-шара ұйымдастырылыпты.

– «Таза Қазақстан» акциясы – жай ұран емес, еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Акция аясында оқушылардың қатысуымен ауқымды іс-шаралар өтті. Мәселен 15 наурыз күні 47 884 оқушының қатысуымен «Болашақты бірге отырғызамыз» акциясы ұйымдастырылды. Игі іс-шара барысында 28 916 түп ағаш отырғызылды. Сондай-ақ 17-20 наурыз аралығында өткен бірыңғай экологиялық сағаттарға 1-11-сыныптың 125 486 оқушысы қатысты. Одан бөлек «Мен Қазақстан экологиясын жақсартуға қандай үлес қосамын?» тақырыбындағы шығарма жазу конкурсының, «Табиғатты аяла» жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің форумының тағылымы мен тәлімі мол болды. 5-8-сынып оқушылары қатысқан «Pro-Eco» экологиялық жобалар конкурсы, «Мен зерттеушімін» байқауы да экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталды, – дейді Айгүл Аманқызы.

Бұдан бөлек, 17 сәуір күні облысымыздағы 385 мектепте 20 587 оқушының қатысуымен «Түлектердің ағашы» атты челлендж басталып, барлығы 14 574 ағаш отырғызылыпты.

Сонымен қатар сәуір айында облыс мектептерінде «Taза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Жасыл әлемді бірге құрайық» атты экологиялық дән егу акциясы ұйымдастырылып, 10 000 ыдысқа дән егіліпті.

Өңіріміздегі 295 мектепте қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер орнатылып, оқушыларға материалдарды сұрыптау және қайта пайдалануды үйрету бойынша эко-сағаттар өтуде.

Осы ретте Тараз қаласындағы №67 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәулет Бейсенбай табиғат пен қоршаған ортаны қорғаудың жолдарын ұғындыру, жалпы халықтың экологиялық сауатын ашу, жастарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешілетінін айтады.

– Жеткіншікке экологиялық тәрбие мен білім беру – олардың дұрыс дүниетану көзқарасын қалыптастырады. Бүгінде мектептерде экологиялық тәрбиеге ерекше мән берілуде. Сабақ арасында оқушыларға қоршаған ортаны қорғаудың маңызы, табиғатқа жанашырлықпен қарау қажеттігі туралы арнайы дәрістер мен тәрбие сағаттары өткізіледі. Сондай-ақ оқушылардың экологиялық мәдениетін бағалау мақсатында арнайы сауалнамалар мен бақылау жұмыстарын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Жауапты мамандарымыз оқушыларға қоқыс тастамау, қоршаған ортаны ластамау, ағаш пен гүлдерді сындырмау, су мен электр қуатын үнемдеу сияқты күнделікті өмірдегі маңызды экологиялық дағдыларды түсіндіреді. Сондай-ақ экологияға зиян келтіретін кез келген әрекеттің салдарын мысалдармен айтып, олардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді, – дейді Сәулет Бейсенбай.

Ал белгілі ғалым Аманбек Зандыбай пікірінше, жеке тұлғаның экологиялық мәдениеті, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігі санасында болмаса, қатал заңмен, мол қаражатпен, қара күшпен, озық технологиямен табиғатты қорғау немесе қалпына келтіру мүмкін емес.

– Жергілікті экологиялық мәселелер – тұрғындардың тіршілік ету салтының ерекшеліктеріне байланысты туындайды. Демек жергілікті қоршаған ортаның жағдайы, ерекшелігі, табиғат заңдылықтары мен құбылыстары ғасырлар бойы сол аумақта мекендеген тұрғындарға ғана жете түсінікті. Олардың тіршілік ету салты, дәстүрі, наным-сенімдері сол аумақтың табиғи, географиялық ерекшелігі негізінде қалыптасады. Сондықтан экологиялық білім мен мәдениет қалыптастыруда әр ұлттың этноэкологиялық ерекшеліктері ескеріледі, – деп есептейді биология ғылымдарының кандидаты Аманбек Зандыбай.

Ал тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевтың сөзіне сүйенсек, тірі табиғатқа, тіпті тірі атаулының барлығына жан ашу, аяу жəне махаббат идеясы – өте ежелгі идея. Гуманизмнің қайнар көзі де осында, кез келген тіршілік иесінің өмірдің əрбір көрінісіне деген сүйіспеншілік, əрбір тіршілік иесінің азабын түсіне білу, оған жанашырлықпен қарау – адам мəнінің, адам жанының негізгі қыры.

– Қазіргі кезде қазақтың дəстүрлі мəдениетіндегі табиғатты қорғауға бағытталған ырымдар, нанымдар, салт-жоралар өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Мәселен, «бір тал кессең, он тал ек», «бұлақ көрсең көзін аш», «көкті жұлма», «судың да сұрауы бар» жəне тағы да басқа аталы сөздердің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қалыптасып отырған күрделі экологиялық мəселені шешу мақсатында қазақтың дəстүрлі мəдениетіндегі табиғатты қорғауға бағытталған ырымдар мен нанымдарды, салт-жораларды бүгінгі күні ұрпақ тəрбиесіне пайдалану экологиялық мəдениетті қалыптастыру үдерісін барынша тиімді етпек, – Ж.Артықбаев.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – болашақтың кепілі. Өйткені табиғатты аялаған ұрпақ қана елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өздері үшін таза әрі жайлы орта құра алады.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар