Ең алдымен кез келген шаруашылық өз алқаптарында сапалы әрі мол өнім алғысы келсе топыраққа агрохимиялық талдау жасатқаны абзал. Жұмыс осыдан басталуы керек. Топырақ өте күрделі тірі организм. Біз осыны түсінуіміз қажет.
Эколог мамандардың айтуынша, еліміздің жер қорының шамамен 60 пайызы әртүрлі деңгейде тозған. Соның ішінде 30 миллион гектардан астам алқап эрозияға ұшыраған. Жер қабатының тозуына топырақты дұрыс өңдемеу, орман мен жайылымның азаюы, судың тиімсіз пайдаланылуы және климаттың жыл сайын құрғап, күннің шамадан тыс ыстық болуы әсер етеді.
Жер мәселесінің тағы да бір өзектілігі – эрозия ауылшаруашылығы өнімдерінің азаюына тікелей ықпалын тигізеді. Мәселен, топырақ қабатының 1 сантиметрге жұқаруының нәтижесінде астық өнімділігі 8-10 пайызға дейін азаяды. Жер қабатының жұқаруына байланысты бір гектар жерден алынатын өнім көлемі жыл сайын төмендей береді.
Сонымен қатар эрозия ауылшаруашылығына зиянын тигізіп қана қоймай, биоалуантүрлікті өзгертіп, өзен-көлдердің лайлануына әкеліп соғып, табиғи экожүйенің тепе-теңдігін бұзады.
Малдың ретсіз өрісі, бұталы өсімдіктерді қалай болса солай кесу, жолдардан тыс жерлерде автокөліктердің бейберекет қозғалысы да топырақтағы дефляциялық процестердің күшеюіне сеп болады. Оның әсері құрғақшылық жылдары, топырақ ылғалының жетіспеушілігі болған кезде айқын байқалады. Қазақстанда дефляция үрдісі әсіресе Қызылқұм, Мойынқұм, Үлкен және Кіші Борсық құмдарының ауқымды алқаптарында, шөл, шөлейт және дала зоналарында жеңіл механикалық құрамдағы топырақтарда белсенді көрінеді.
Егер ауыл шаруашылық өнімінің шығымы мен сапасы жақсы болсын десек, топырақты құнарландыруға көңіл бөлуіміз қажет. Ал топырақты құнарландырудың тиімді жолы – минералды және органикалық тыңайтқыштарды пайдалану. Жерді тыңайтудың тағы бір жолы – астықты орғаннан кейін сабан қалдыру органиканы жинақтаудың тиімді әдісі. Сабанның топырақ құнарын арттыратын құнды тыңайтқыш екені белгілі. Топыраққа араластырылған бір тонна көң орта есеппен 55-65 келі қара шірік түзсе, бір тонна сабан 170-190 келі жинайды. Демек, бұл сабанның таптырмайтын органикалық тыңайтқыш екенін көрсетеді.
Қазіргі техникалар сабанды ұнтақтап жіберетіндіктен, алқапта жабынды пайда болады. Бұл ылғалды жақсы сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сондықтан ауылшаруашылығы саласының мамандары осыған аса мән бергені жөн. Сабанды минералды тыңайтқыштармен толықтырғанда өте жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.
Жер – халықтың ең басты байлығы, ал оның құнарлылығы – елдің қауіпсіздігінің кепілі. Топырақтың тозуы мен эрозия үдерісінің күшеюі ауылшаруашылығына елеулі қауіп төндіріп отыр. Бұл жағдай тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан да алаңдатарлық.
Сондықтан жердің жағдайына бейжай қарауға болмайды. Әрбір шаруашылық өзінің алқабын ұтымды пайдаланып, топырақтың сапасын арттыру үшін агрохимиялық талдауды жүйелі түрде жүргізіп отыруы тиіс. Топырақты құнарландыруда минералды және органикалық тыңайтқыштарды ғылыми негізде қолдану, сабанды тиімді пайдалану, агротехникалық талаптарды сақтау – өнімнің сапасы мен шығымын арттырудың басты кепілі.
Анар ӨТЕБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 2-курс студенті




