Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құлаққаптың керең қылатыны рас па?

Құлаққаптың керең қылатыны рас па?
Ашық дереккөз
Әлеуметтік желілерде пайдаланушылар ұзақ уақыт музыка тыңдау сенсорлық жасушалардың зақымдалуына әкелуі мүмкін деп жазылған суретті таратуда. Сенсорлық жасушалар қалпына келмейді, мұның салдарынан есту қабілеті жоғалады және бұл емделмейді екен. Құлаққапты пайдалану есту қабілетіне қалай әсер ететінін түсіндіріп өтейік.

Алдымен есту қабілетінің қалай жұмыс істейтініне тоқталайық. Дыбыстарды есту құлақтың құрышы орналасқан ішкі құлақта жүзеге асады. Сенсорлар, яғни түкті жасушалар осы құлақ құрышында орналасқан. Сонымен қатар мұнда сұйықтық та болады.

Дыбыс толқындары құлақ қалқанынан және ортаңғы құлақ сүйектерінен өтіп, сұйықтықтағы толқындар тудыратын тербелістерге айналады. Түкті жасушалар толқындармен бірге қозғалады және олардың қозғалысы кезінде есту нерві арқылы миға жіберілетін электрлік сигнал пайда болады. Ал ми бұл сигналды дыбысқа айналдырады. Есту қабілетінің жоғалуы түкті жасушалардың зақымдануы немесе өлуі салдарынан болады және қалпына келмейді.

Бұл қатты дыбыстарды тыңдау кезінде орын алады. Мұндай есту қабілетінің бұзылуы «шуылдық» деп аталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, 12-35 жас аралығындағы адамдардың шамамен 50 пайызы қатты дыбыстардың ұзақ және шамадан тыс әсерінен, соның ішінде құлаққап арқылы музыка тыңдау кезінде есту қабілетін жоғалту қаупіне ұшырайды. Дегенмен бұл жағдайға жол бермеуге болады.

Ғалымдар мәні 70 децибел (дБА) немесе одан төмен дыбыстар, тіпті ұзақ әсер еткенде де есту қабілетінің жоғалуына әкелуі екіталай деп санайды. Ал 85 дБА немесе одан жоғары деңгейдегі дыбыстардың ұзақ немесе бірнеше рет әсер етуінің салдары болуы ықтимал.

Бұл жағдайда құлаққаптардағы музыканың мәні ең көп дегенде 94-110 дБА құрайды. Шу шкаласында 70 децибел қатты сөйлесу, ал 85 децибел айқай болып саналады. Ал 100-110 дБА – бұл оркестрдің, найзағайдың, жұмыс істеп тұрған араның немесе тікұшақтың дыбысы.

Алайда дыбысты есту кезінде қашықтықтың да маңызы барын ұмытпау керек. Егер 110 децибел шу шығарған тікұшақ үлкен қашықтықта ұшып өтсе, 70 дБА әңгіме адам мен оның құлағынан белгілі бір қашықтықта айтылып жатса, құлаққаптың оған тікелей қатысы болса, онда дыбыс басқаша, әлдеқайда қатты естіледі. Әрине, телефон мен құлаққап сияқты құрылғыларды пайдаланған кезде децибелдегі дыбыс қуатын анықтау қиын.

Бұл ретте ғалымдар дыбыс деңгейін 50 пайызға ғана қосуға кеңес береді. Бұдан бөлек құлаққаптағы дыбыс деңгейін басқаруға болатын қосымшалар да бар. Шудың әсерінен есту қабілетінің бұзылуына келетін болсақ, бұл бірден болуы мүмкін, қатты дыбысты естігеннен кейін немесе оған дейін біраз уақыт өтуі мүмкін.

Сондай-ақ есту қабілетінің жоғалуы уақытша немесе тұрақты болады, ол бір немесе екі құлаққа да әсер етуі ықтимал. Есту қабілетінің жоғалуының ең көп таралған алғашқы белгілері – шулы ортада дыбыстарды естудегі қиындықтар және адамдарды естіп тұрып, оларды түсінбеу.

Сонымен қатар құлақта шу пайда болуы мүмкін, бұл да есту жүйесінің зақымдануының және есту қабілетінің жоғалуының белгісі. Демек, құлаққаппен дыбыстарды қатты және өте қатты тыңдау салдарынан есту қабілеті жоғалуы ықтимал. Бірақ құлаққаптағы дыбысты 50 пайыздан аспайтын немесе 70 децибелге дейін тыңдаса, онда есту проблемаларын болдырмауға болады. Ғалымдардың пікірінше, ұсынылған диапазонда музыканы ұзақ уақыт тыңдау есту қабілетінің жоғалуына әкелмейді.

Ж.Бақытбекұлы 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар