Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ақшамен алдану оңай

Ақшамен алдану оңай
Ашық дереккөз
Дәл қазір қоғамда сананы тұрмыс билеп тұрған шақта ақшамен байланысты ақпараттарға жұрт тез алданып қалып жүр. Қайтсек нәпақа табамыз, қайтсек бала-шағаны бағып-қағамыз деген тіршілік тауқыметінің жетегінде жүрген жандар жан қинамастан қомақты қаржыға қол жеткізгісі келетіні де жасырын емес. Сөйтіп, сенімсіз сайттарға кіріп, қаржылық қаскөйлердің шалған қоңырауына сеніп, артынша сан соғып қалып жатқандарын да көріп жүрміз. Қазір желіде жалған ақпарат өріп жүр. Ал оның ақ-қарасын ажырату тек өзіңіздің қаржылық сауатыңызға ғана байланысты. Ендеше өтірік ақпарат таратып, елдің ризық-несібесіне қол сұқпақшы болған оқиғаларды назарларыңызға ұсынамыз.

Өтірік өтемақы «Instagram»-да Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне тиесілі сайт пайда болды. Онда 2024 жылғы 11 ақпанға дейін берілетін 3 миллион теңгеден басталатын өтемақы туралы хабарландыру шыққан. Төлем сомасын білу үшін пайдаланушы ЖСН-ін енгізуі керек. Бұл жалған сайтты алаяқтар жасаған. Төлемдер туралы ақпарат орналастырылған порталдың домені – «.com». Бұл қазақстандық ведомствоның ресми парақшасы емес, елімізде мемлекеттік органдардың барлық сайттары қазақстандық «.kz» доменінде орналасқан. ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі ведомствоның жалған сайтқа ешқандай қатысы жоқ екенін растады.

Фишингтік сілтеме алаяқтық мақсатта жасалған веб-ресурсқа апарады. Онда шыққан өтемақы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. ҚР Қаржы министрлігі қазақстандықтардан сақ болып, күмәнді ресурстарда жеке деректерін қалдырмауын сұрайды. Сондай-ақ ведомствоның ресми порталында орналастырылған тексерілген ақпаратқа ғана сенуге шақырады. ҚР Қаржы министрлігінің атынан тараған өтемақы туралы хабарлама жалған, сілтеме бойынша өтпеңіздер және осы сайтта жеке ақпаратпен бөліспеңіздер. Елең еткізген 50 мың теңге «TikTok»-та 3 ақпаннан бастап 1949-1998 жылдары туған Қазақстан азаматтарына 50 мың теңгеден аударылатыны туралы ақпарат шықты. Төлем әлеуметтік қордан жасалады және оны тек 9 ақпанға дейін ғана алуға болады екен. Бұл – фейк жарнама, сондықтан оған сенбеген жөн. Төлемді алу үшін пайдаланушыға «benefitkz.click» ресурсына өтіп, өтінімді толтыру ұсынылады.

Алаяқтар сенімдірек болуы үшін сайтта Қазақстанның электрондық үкіметінің логотипін пайдаланған. «Egov.kz» ресми сайтына кіріп, төлемдер туралы жаңалықтар жоқ екенін көреміз. Одан әрі киберқылмыскерлер сауалнама толтырып, құпия деректермен бөлісуді сұрайды. Алайда жеке ақпаратты жазуға болмайды. Оны білген алаяқтар шоттағы барлық ақшаңызды иемденіп кетеді. Ресми БАҚ мұндай төлемдер туралы хабарлаған жоқ. ҚР Президентінің ресми сайтында да тиісті ақпарат шықпаған.

Әлеуметтік бағдарламалар туралы жаңалықтарды жариялап тұратын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1949-1998 жылдары туғандарға 50 мың теңгеден төленетіні туралы хабарлаған жоқ. Демек, танымал қосымшада жарияланған жарнама фейк болып табылады. Күмәнді сілтемелер арқылы өтіп, алаяқтарға өзіңіз туралы құпия ақпарат бермеңіз. бейресми жарнама Алаяқтар қазақстандықтарға 100 мың теңге төленетіні туралы фейк ақпаратты тағы да тарата бастады. «Facebook»-те қазақстандықтарға мемлекеттен 100 мың теңге мөлшерінде өтемақы төленетіні туралы жарнамалық ақпарат тағы да шықты. Яғни бұрын төленген қаражат қайтарылады, бірақ қандай қаржы екені нақтыланбайды, яғни фейк хабарландыру.

Бұл – белгілі алаяқтық схема. Адамдардың ақшалай қаражатына қол жеткізу үшін алаяқтар «Facebook»-те Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің атынан парақша ашқан. Онда ведомство жаңалықтары да, пайдалы ақпарат та жоқ. ҚР Қаржы министрлігінің ресми сайтында әрбір қазақстандыққа 100 мың теңгеден өтемақы төленетіні туралы ақпарат жоқ. Ведомствоның «Faceebok» және «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында да мұндай жаңалық жоқ. Жарнамада келтірілген сілтеме арқылы өткенде белгісіз сайт ашылады. Онда төлемді алу үшін өзіңіз туралы ақпаратты толтыру қажет. Осылайша алаяқтар сеніп қалған пайдаланушылардың банктік шоттарындағы ақшаны ұрлау үшін жеке деректерді біліп алады. Адамдарды жаңылыстыру үшін алаяқтар жарнаманың астына пікірлер де жазған. Онда қазақстандықтар төлемдерді алғаны туралы айтқан.

Алайда парақшаларды мұқият қарасақ, олардың бір күндік аккаунттар екенін түсінеміз. Бұл әдейі теріс пиғылмен жасалған. Парақшаларда белсенділік жоқ және бір-екі сурет қана бар. Демек, жарнаманы алаяқтар адамдарды алдау үшін шығарған. Тек тексерілген ақпарат пен ресми дереккөздерде орналастырылған хабарламаларға ғана сеніңіздер. Белгілі банктің атынан тараған фейк Telegram-да тараған ақпарат бойынша, пайдаланушыға «Halyk Bank»-тен 50 мың теңгеден төлем жасалады. Акция бірнеше аптаға жалғасады және қолма-қол ақшаны алу үшін сілтеме бойынша өту керек. Бұл – алаяқтық. «Halyk Bank»-тің ресми сайтында төлемдер туралы ақпарат жоқ.

Сондай-ақ банктің «Instagram»-дағы және «Facebook»-тегі ресми парақшаларында тиісті ақпарат жарияланбаған. «Бұл алаяқтардың ісі. Сақ болып, карта деректерін, СМС-кодтарды және басқа да құпия ақпаратты айтпаңыз. Алаяқтар өздерін әртүрлі банктердің өкілі ретінде таныстырады», деп хабарлады банктің клиенттерді қолдау қызметінен. Жарнамада ұсынылған сілтеме белгісіз сайтқа апарады. Бұл – фишингтік сілтеме. Осылайша алаяқтар пайдаланушылардың құпия ақпаратына қол жеткізеді. Олар жеке аккаунттардың, мобильді банкингтің логиндері мен парольдерін және тағы басқаларын біліп алады. Алаяқтықтың бұл түрі туралы біз бірнеше рет жазған болатынбыз. Демек, «Halyk Bank»-тің атынан 50 мың теңге көлеміндегі төлем туралы таралған ақпарат – фейк. Министрлік атын жамылған алаяқтық сайт «WhatsApp»-та жаңа қаулы туралы хабарлама таратылуда.

Онда Қазақстан азаматтарына 100 мың теңгеден бастап төлемдер төленетіні туралы жазылған. «Есептеулерді тексеру» үшін пайдаланушыларға ҚР Қаржы министрлігінің жалған сайтына апаратын сілтеме арқылы өту ұсынылады. Бұл ақпарат – алаяқтардың ісі. Әрбір қазақстандыққа төленетін төлемдер жайлы жаңа қаулы туралы хабарлама – фейк. Ресми дереккөздерде және БАҚ-та мұндай ақпарат жоқ. ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі таралған ақпаратты жоққа шығарды.

Хабарламада көрсетілген мәліметтер шындыққа жанаспайды, ал тіркелген сілтеме ҚР Қаржы министрлігінің атынан ашылған жалған сайтқа апарады. Ведомство өкілдері барлық ресми ақпарат Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ресми порталында орналастырылатынын атап өтті. Естеріңізге салайық, ақшаңыздан айырылып қалмау және киберқылмыскерлердің құрбаны болмас үшін күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіз және үшінші тарап ресурстарында жеке және банктік деректерді қалдырмаңыз. Тек ресми және сенімді ақпарат көздеріне ғана сеніңіз.

Ж.Бақытбекұлы 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар