Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аман жүрем десең, расталмаған ақпаратқа сене берме

Аман жүрем десең, расталмаған ақпаратқа сене берме
Ашық дереккөз
Жуырда коронавирустың қайта өршитіні айтылып, елімізде маскалық режим енгізіліп жатқанын жақсы білесіздер. Үш жыл бұрынғы пандемия кезінде шошып қалған жұрт қазір ғаламтор мен әлеуметтік желідегі денсаулыққа қатысты кез келген ақпаратқа сенгіш болып қалған. Әсіресе аурудан айықтыратын «ақыл-кеңестерді» орындаймыз деп ауруына ауру қосып, денсаулығын күрт нашарлатып алғандары қаншама. Сондықтан ойда жоқта опық жеп қалмас үшін арасында фактчекиң контенттерге де зер салып тұру керек.

«CDC маскалардың пайдасыз екенін мойындады»

Қазақстандықтар «Instagram»-да АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) COVID-19-дан қорғануда маскалардың пайдасы жоқ екенін мойындады деп жазуда. Ведомствоның мәлімдеуінше, маскалар түтін бөлшектерінен қорғамайды, ал вирустар одан да ұсақ, олай болса, маскалар вирустардан да сақтай алмайды екен. Бұл мәлімдемені тексерейік. CDC маскалардың пайдасыз екенін мойындады деп алдымен Германия пайдаланушылары айта бастады.

Олар CDC-тің «Facebook»-тегі ресми парақшасында жарияланған матадан жасалған маскалар орман өрті кезінде күл мен түтіннен қорғамайтындығы туралы ақпаратқа сүйенеді. Пайдаланушылардың айтуынша, түтін бөлшектері вирустарға, оның ішінде SARS-CoV-2 коронавирусына қарағанда әлдеқайда ірі, яғни маска одан қорғамайды. Шындығында, бұл жаңсақ пікір, вирустар өздігінен таралмайды. Олар сілекей тамшыларымен және дем шығарған кезде ылғалмен беріледі, сондай-ақ шаң бөлшектеріне жабысады.

Маскалар мұндай конструкцияны ұстап қалады. Сонымен қатар матадан тігілген маскалардың мәні ауру жұқтырған адам шығарған аэрозоль бөлшектері шаң бөлшектерімен бірге оның айналасына таралмай, маскаға қонатындығында жатыр. Қорыта айтқанда, CDC COVID-19-дан қорғану үшін маска тағу пайдасыз деп мәлімдеген жоқ. Ведомство матадан жасалған маскалар ірі өрттер кезінде түтін мен күл бөлшектерінен қорғамайтынын хабарлады. Қалғанын пайдаланушылар ойдан шығарған, бірақ олардың пайымы дұрыс емес. Вирустар өздігінен емес, сілекей мен дем шығарғанда ылғал бөлшектерімен таралады, ал маскалар оларды ұстап қалады.

Екпенің ешқандай зияны жоқ

«Telegram» арналарының бірінде жүкті әйелдерді КВИ-ге қарсы вакцинациядан сақтан­дырады. Ондағы ақпаратқа сенсек, екпе болашақ анада тромбтар, жүректің қабынуы түрінде жанама әсерлер тудырады, сондай-ақ баланың денсаулығына зиян тигізеді екен. Бұл – жалған. Әлеуметтік желі қолданушы­лары «Pfizer» вакцинациясының жиынтық есебінің бір бөлігін қасақана немесе білмей бұрма­лайды. Оны Британ медици­налық реттеу агенттігі 2020 жылдың соңында жариялаған.

Ол кезде клиникалық зерттеулер жеткілікті дәрежеде жүргізілген еді, сондықтан жүкті және бала емізетін әйелдерге екпе алу ұсынылмаған. 2021 жылдың сәуірінен бастап Ұлыбритания үкіметі оларға COVID-ке қарсы вакцинациялануға кеңес берді. Сол жылдың желтоқсанында жүкті әйелдерді егуге басымдық берілді. Қазіргі уақытта COVID-19-ға қарсы вакцина, керісінше, өлі бала туу және мерзімінен бұрын босану қаупін төмендететіні анықталды. Ал ковид жұқтырған вакцинацияланбаған жүкті әйелдер стационарлық емдеуді қажет етеді. Бұл әсіресе үшінші триместрдегі әйелдерге қатысты.

Екпе жүкті әйелдерде жүрек ауруы мен тромбоз тудыратынына сенімді ғылыми дәлелдер жоқ. Жүктілік кезінде вакцинация­ланған 316 470 әйел қатысқан сегіз елдегі 27 зерттеуде түсік түсіру, өлі туу, мерзімінен бұрын босану, төмен салмақ немесе қалыптан тыс нәрестелер қаупінің жоғарылауы байқалмады. Ұлыбританияның вакцинация және иммундау жөніндегі бірлескен комитеті «V-Safe» америка­лық зерттеуінің деректерін де пайда­ланғанын мәлімдеді. Оған жүктілік кезінде вакцинацияланған 20 000-нан астам әйел қатысты. Нәтижесінде вакциналардың қауіпсіздігіне қатысты ешқандай проблемалар анықталған жоқ. Демек, хабарламада айтылған ақпарат шындыққа жанаспайды.

Чипстер мен фри картобы қатерлі ісік тудыра ма?

«Instagram»-да чипстер мен фри картобының зияны туралы видео тарады. Танымал тағамдарда онкологиялық аурудың даму қаупін арттыратын акриламид заты бар екен. Бұл рас па? Акриломид химиялық қосылысы тек тамақ өнімдерінде ғана емес, сонымен қатар кофе, темекі түтіні, косметика құрамында, тұрмыстық химия, тоқыма және басқа да өнеркәсіпте кездеседі. Бұл қаптамада көрсетілетін қоспа немесе ингредиент емес. Өнімдерде акриломид булары жоғары температураның әсерінен пайда болады. Сырттай түсі мен дәмі жоқ кристалды қатты заттар. Тамақ өнімдерінде акриломид болатыны туралы 2002 жылдың сәуірінде айтыла бастады.

Швецияның Ұлттық азық-түлік агенттігі шығарған баспасөз хабарламасында «қуырылған, пеште пісірілген картоп пен дәнді дақылдарда акриламид жоғары деңгейде болады» деп жазылып, «адам үшін ықтимал канцероген» деген болжам жасалды. Акриломидті өнеркәсіптік қолдану көбейген кезде ғалымдар осы затпен көп жұмыс істейтін жұмысшыларға назар аударды. Адамдар мен жануарларды бақылау барысында бұл химиялық қосылыстың буымен тыныс алу неврологиялық бұзылуларға әкелетіні анықталды. Акриломидтің жоғары реакциялық қабілетіне байланысты бұлшықет әлсіздігі, сананың шатасуы, үйлестірудің бұзылуы, галлюцинация пайда болады. 8 мың жұмысшы қатысқан зерттеу жүргізілді.

Ол акриломидтің уыттылығын растады, бірақ оның салдарынан қатерлі ісік аурумен сырқаттанушылық жоғарылағанын көрсетпеді. Ұлыбританияда ғалымдар зерттеу жүргізіп, оны 2003 жылы жариялады. Британдықтардың пікірінше, тағамдағы акриломид деңгейі тым төмен, сондықтан қатерлі ісіктің дамуына әкелмейді. Сонымен қатар ғалымдардың сөзінше, ағза химиялық затты басып тастай алады. Көптеген зерттеулер өнімдердегі акриломид қатерлі ісіктің даму қаупін арттыратынын дәлелдей алмады.

Осыған қарамастан, 2010 жылы ФАО/ДДҰ-ның Тағамдық қоспалар жөніндегі бірлескен сараптама комитеті мынадай қорытынды жасады: акриламид адамдар үшін қауіпті, сондықтан оны зерттеуді жалғастыру қажет. Әзірге акриломидтің тағам құрамында қаншалықты канцерогенді екендігі нақты анықталған бірде-бір ғылыми жарияланым жоқ. Сынақ кезінде ол көп мөлшерде егеуқұйрықтар мен тышқандарда қатерлі ісік ауруын тудырады.

Бірақ термиялық өңделген тағамдарды тұтынатын адамға әсері әлі де белгісіз. Бүгінгі күні акриламидтің улы әсері оның тағамдағы концентрациясы едәуір жоғары болғанда байқалды. Америкалық онкология қоғамы қатерлі ісік тудыратын қандай да бір тағамның бар екеніне күмән келтіреді. Дегенмен дәрігерлер аз өңделген өнімдерді жеуге кеңес береді.

Ж.Бақытбекұлы 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар