Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бірыңғай уақыт белдеуінің тиімділігі мол

Бірыңғай уақыт белдеуінің тиімділігі мол
Ашық дереккөз
2005 жылға дейін уақытты көктемде бір сағатқа алға, күзде бір сағатқа артқа шегеріп келген едік. Біз «қалпына келтірсек» деп ниеттеніп отырған сағаттық белдеу – UTC+5. Үкіметтің қаулысы бойынша, алдағы 29 ақпанда түнгі сағат 24:00-де еліміздің 13 облысында уақыт бір сағатқа кері шегеріліп, еліміздің батысындағы облыстардағы уақытпен теңестірілетін болды.

 Осы уақыт біз үшін өте тиімді болмақ. Мұның оңтайлы екені осы уақытқа дейін ұзақ зерттелді, сараланды. Бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің тиімділігін зерттеген ғалымдарға 2017 жылы Нобель сыйлығы берілгенін де білеміз. Еліміздің әр аймағы территориялық орналасуы бойынша табиғи уақыттан 30 минут айырмасы болуы керек. Әлемдік консенсус байламына салсақ, әрбір территория өзінің табиғи уақытына жақын болуы тиіс. Ал бізде Шығыс Қазақстан облысынан басқа аймақтың ешқайсысы табиғи уақытқа жақын емес.

Біз UTC+5 жүйесіне көшу арқылы осы айырмашылықты реттеудің амалын жасағанымызды түсінуіміз керек. Осы уақыт белдеуіне ауысу нәтижесінде енді тек батыстағы төрт облыста ғана уақыт айырмашылығы табиғи мезеттен жарты сағатқа артық болады. Ал 13 облыста айырмашылық 30 минуттан төмен болады.

Бір мысал келтірсек, қазіргі қыс мезгілінде Астана қаласында мектеп оқушылары таңғы 8:00-де сабақ оқуды бастайды. Бұл уақытта таң рауандап ата ма, жоқ маңайға қараңғылық әлі де үстемдік құра ма? Әрине, қараңғы болады. Сағат тілі сырғып таңғы 09:00-ге келгенде ғана күн ұясынан көтеріледі.

Мен тек Астана қаласындағы жағдайды айтып отырмын. Енді біз бірыңғай уақыт белдеуіне көшіп, батыс облыстардағыдай сағат тілін 60 минутқа кері шегерер болсақ, балаларымыз сабаққа таң алагеуімде емес, таң атып, күн шыға бастағанда барады, ұйқысы да қанық болады. Өйткені олар табиғи уақыт өлшеміне сай оянады. Екіншіден, бұл экономикалық тұрғыдан да тиімді.

Пойыздардың жүру кестесі, ұшақтардың ұшу уақыты қазір әртүрлі. Соның бәрін бірыңғай уақыт белдеуіне көшірсек, бәрі де табиғи уақытына сай келеді. Маңғыстау, Атырау немесе Ақтөбе облыстарында кешкі 17:00-де жұмыс уақыты жүріп жатады. Ал басқа қалаларда 18:00-ден өтіп, жұмыс уақыты аяқталады. Осы қаншалықты тиімді? Батыста отырып бас қалаға құжат жолдасаң, жұмыс уақыты аяқталғандықтан, жұмыста ешкім болмауы себепті ол құжат қабылданбай қалады.

Қарапайым қисынға салғанда осылай. Бұл тек экономикалық тұрғыдан саралағандағы жайт. Үшіншіден, денсаулық мәселесі де бар. Бұл тақырыпқа келер болсақ, соңғы 10 жылдың бедерінде жүргізілген зерттеудің нәтижесіне зер салсақ, табиғи уақытпен бірыңғай сағат белдеуінің қабысуы денсаулыққа да қолайлы екені нақтыланып отыр. Қазіргі біздің уақыт белдеуі балалардың да ағзасына кері әсерін тигізеді.

Өзіңіз ойлаңыз, 6-7 жастағы 1-сынып оқитын баланы таңғы сегізде басталатын сабағына апару үшін кемінде 07:00-де ұйқысынан оятасыз, дала бұл кезде тас қараңғы болып тұрады. Оның ұйқысы қанбағандықтан әрі табиғи мезет бойынша таң атпағандықтан әрең оянады. Бұл бірте-бірте денсаулыққа да зиян келтіреді. Ал енді тәуліктің өлшемі, яғни сағат тілін 60 минутқа кері шегерсек, таңғы сегіздегі сабаққа баратын балаңыз оянғанда табиғи мезет бойынша бұрынғы уақыт белдеуіндегі тоғыздың кезі болады. Бала тағы да бір сағат ұйықтайды.

Еркін ӘБІЛДЕН,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар