Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес, Минералды тыңайтқыштар зауытында шартты түрде болған қатты жер сілкінісінің салдарынан аммиак цистернасы мен дизель отыны цистернасы құлап, герметикаланбаған өрт және отын багының жарылу қаупі туындады.
Оқиға орнында төтенше жағдайды жою бойынша жедел штаб құрылды. Апатты жою жетекшісі, төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Руслан Орынбеков келіп жеткен күштердің алдына авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша жауынгерлік міндет қойды. Департаменттің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамы өрт гидрантын орнатумен және аммиак бар теміржол цистернасына 4 аралас су оқпандарын берумен жауынгерлік өрістетуді жүргізді.
Өзара іс-қимыл алгоритміне сәйкес газ құтқарушылар бөлімшесі, апаттар және жедел жәрдем медицинасы орталығының бригадалары, полиция патрульдері, ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 22534 әскери бөлімінің, төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі авариялық-құтқару іс-қимылдарын жүргізді.
Осылайша ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің, зауыт күштерінің және облыстың өзара іс-қимыл қызметтерінің жиынтық тобы қойылған оқу-жауынгерлік тапсырманы орындап шықты. Оқу-жаттығуға барлығы 69 адам, 17 техника жұмылдырылды.
Оқу-жаттығуда сөз сөйлеген Ербол Шырақпайұлы кез келген табиғи және техногендік сипаттағы апатқа дайын болу керектігін айтты. – Жуырда ғана Алматы қаласында болған жер сілкінісінен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір азаматтарды төтенше жағдайға дайындау жүйесі талапқа сай емес.
Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс. Оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде тұрақты жаттығу өткізіп тұру қажет. Бұл өте маңызды. Осы жұмысты дереу қолға алу керек», деген болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өткізілген тактикалық-арнайы оқу-жаттығу нәтижелі болды деп ойлаймын. Біздің ең бірінші мақсатымыз – кез келген жағдайда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасау, – деді Е.Шырақпайұлы. Мұндай арнайы оқу-жаттығулар Күйік асуында және Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылында да ұйымдастырылды.
Талғат Нұрханов