Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жауынгер жолы

Жауынгер жолы
Ашық дереккөз
15 ақпанда Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толады. Иә, сол бір отты жылдарда халқымыздың қаһарман ұлдары азаматтық борыштарына адалдық танытып, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Ал сол арыстарымыз бүгінде ардагер болып арамызда жүр. Олардың қатарында интернационалист-жауынгер Құлымбет Әбдіқұлов та бар.

  Кейіпкеріміз өзінің әскери қызметтегі қырағылығы мен ерлігінің арқасында «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік қызметі үшін», «КСРО Қарулы Күштеріне – 70 жыл», «Интернационалист-жауынгер», «Игілікті ауған халқынан», «Ауғанстандағы соғыс ардагеріне», «Кеңес әскерлерінің АДР-нан шығарылғанына – 15 жыл», «Кеңес әскерлерінің АДР-нан шығарылғанына – 20 жыл», «Кеңес әскерлерінің АДР-нан шығарылғанына – 30 жыл», «Ұрыс әрекеттерінің ардагері» сияқты көптеген медальдарға ие болған адам. Сонымен қатар прокуратура органдарындағы ширек ғасырлық қалтқысыз қызметі үшін «Қазақстан прокуратурасына – 75 жыл», «Қазақстан Республикасы­ның тәуелсіздігіне – 20 жыл», «ҚР Прокуратурасына – 20 жыл», I дәрежелі «Прокуратура үздігі» төсбелгісін кеудесіне таққан. Құлымбет Әбдіқұловтың соғыс кезінде бастан кешкендері мен еліміздің дамуы жолында сіңірген еңбегі бәрімізге үлгі боларлық деуге болады. Қ.Әбдіқұловқа кез келген атақ-дәреже жайдан-жай берілмеген. «1983 жыл.

Тамыздың жетінші жұлдызы болу керек шамасы, Қазақ мемлекеттік университетінің қалашығындағы жатақханада өліп-талып келесі емтиханға дайындалып жатқанмын. Бір уақытта төменнен біреулердің іздеп келгені туралы шақырту алдым. Барсам, бейтаныс кісі «Құлымбет Әбдіқұлов сен бе?» деді. «Иә» дедім. Сөйтсем, бұл сол кездегі Алматы қаласындағы республикалық әскери комиссариаттан келген адам екен. Олар мені Ауған соғысында «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаным үшін енді маған жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» орденін беруге шақырып келіп тұр екен», – деп, кезекті бір марапат алған кезін еске алған Құлымбет Сәдуақасұлы әскери комиссариаттағы салтанатты сәтте көз алдынан сол бір қанды қақтығыс жылдары кино лентасындай өткенін айтады. – Оқудан құлап, ДОСААФ мектебінде жүргізушілік мамандық алып, өзім туып-өскен Жуалы ауданындағы бұрынғы «Кременевский» кеңшарында жүргізуші болып жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Сол кезде әскерге шақырылып, Ауғанстанға интернационалдық көмек көрсетуге Кеңес әскерінің шектеулі құрамының қатарында бардым.

Нақтырақ айтсам, ұңғысы 122 миллиметрлік зеңбірек тіркелген «Зил-131» көлігінің жүргізушісі болдым. Әрине, бастапқыда Жуалының таулы-тасты жерінде көлік айдаған жігітке Ауғанстанның соған ұқсас аумағында техниканы тізгіндеу еш қиындық тудырған жоқ. Алайда онда – соғыс. Сақ болмасаң, кез келген уақытта ажал құшуың мүмкін. Сондай алмағайып күндердің бірінде, яғни 1982 жылдың 8 наурызында зеңбіректер тіркелген 6 әскери техника Баграм қаласы маңайындағы Махмудрахи қышлағы тұсында Пандшер шатқалынан қайтып келе жатқанбыз. Кенет жау тосқауылына тап болдық. Айнала қышлақтың жатаған үйлері. Менің көлігім орта тұста келе жатқан. Қарша бораған жау оғынан бас көтеру мүмкін емес. Осы кезде штаб офицері, капитан Ромашенконың «Тез тосқауылды бұзып, машиналарды қоршаудан алып шығыңдар!» деген бұйрығы естілді. Қолымдағы автоматты кеудеме қыса ұстап, бұйрықты орындауға ұмтылдым.

Алайда жаңбырша жауған оқтан алға ілгерілей алмай, бір тасаға тығылып жан сақтадым. Сол сәтте алдағы көліктердің бірінің жанынан ауылдасым Несіпбай Әбдірамановтың дөңбекшіп жатқанын көзім шалды. Кенеттен пайда болған бір күш мені Несіпбайға қарай ала жөнелді. Арасы 150-200 метрдей болу керек. Бірде еңбектеп, бірде жүгіріп жерлесімнің жанына жеттім де дереу іске кірістім. Қатты жараланған жауынгер әжептәуір қансырап қалыпты. Оны шұңқырлау жерге сүйрелеп жеткізіп, белмеуімен жараланған аяғын тізеден жоғары қатты қысып байлап тастадым. Қан тоқтағанына көзім жеткеннен кейін біраз оқ беріп, өзім кері қарай жылжыдым.

Сөйтіп, жаңбырша жауған оқ астында көлікке жетіп, жылдам рөлге отырдым да тез оталдырып, алға жылжыдым. Оң қолымдағы автоматтан оқ жаудырып келемін. Көлік кабинасының барлық терезесінің сауы қалмады. Бір кезде дұшпан оғы сол аяғымның балтырына тиіп, бойымдағы әл-қуат жоғалып бара жатқандай болды. Сонда да көлікті біршама жүргізуге ойым болғанымен аса үлкен бір күш кабинадан жерге қарай тартып, құлап бара жаттым. Көліктің доңғалағының астына түсетінімді сезіп, жолдың келесі бетіне қарай секіргенімде сол балтырыма тиген оқтан жіліншік сүйегімнің күл-талқаны шыққанын бір-ақ білдім. Сөйтіп, жол шетіндегі арықты тасалап жатып, қансырап есімнен танып кетіппін.

Есімді жиғанда шұңқырға жиналған қар мен жауын суына белімнен батып, мұз болып қатып қалғанымды көрдім. Ал көлігім жылжыған күйі оң жағалаудағы жарға тіреліп тоқтаған екен. Аяғым зіл батпандай, ауырғаны алғашында білінбеген еді, бара-бара жаныма бата бастады. Соған қарамастан, жер тырмалап жағадағы шөп-қурайға жармасып, қатқан мұзды оң аяғыммен ысырып, еңбектей жылжып, артта тоқтап тұрған басқа көліктерге жақындамақ болдым. Бірақ аяқтағы ауыр жарақаттың зіл батпан ауыр күші кері тарта берді. Осы сәтте қалған көліктердің сүйретпелерін оңтайлап бұрып алып, артиллеристер дұшпанға зеңбіректен оқ атқылай бастады. Әйтеуір, қасымнан арттағы көліктердің гүрілдеп өтіп бара жатқан даусы естіліп жатты. Сөйтсем, мен тосқауылды бұзып, кептелістің алдын ашып, колоннаның қозғалуына мүмкіндік туғызған екенмін, – деп еске алады ол сол бір қанды соғыс жылдарындағы күндерін.

Кейін полкке сүйреп әкелгенде қараса, Құлымбеттің машинасының кабинасын оқ 52 жерден тесіп өткен екен. Оқтан шұрқ тесік болған кабина ішінде отырған адамның тірі қалғанына сену қиын. Бірақ Құдайдың құдіреті, соның біреуі ғана оның балтыр тұсынан жіліншігінің күл-талқанын шығарған. Кейіпкеріміз жол ашқаннан кейін алға жылжыған техникалардан оқ жаудырған жауынгерлер тосқауылды бұзып-жарып өтіп, жаудың бетін қайтарады. Ал ауыр жараланған Құлымбет Әбдіқұлов ес-түссіз госпитальға жөнелтіледі. «Қызыл Жұлдыз» ордені осы ерлігі үшін берілген болатын. «Әке көрген оқ жонар» дегендей Құлымбеттің әкесі Сәдуақас та Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. «Зер қадірін зер соққан зергер білер, ер қадірін ер соққан ерлер білер» дегендей, соғыс көрген батырлар бүгінгі тыныш заманның қадірін бізден жақсы білетіні белгілі.

Бұл туралы Құлымбет Сәдуақасұлы: «Мейлі, қай заманда болса да адамзат баласының арманы – бейбіт өмір сүру, тойып тамақ ішу, жыл мезгілдеріне қарай киіну болған. Ал соғыстың берері не? Өмір орнына – өлім, тамақ орнына – оқ, киім орнына – кебін! Сондықтан да көп ел азаматтарының Ауған соғысынан аман-есен қайтатынына күмәнді болғаны жасырын емес. Қанша дегенмен де 22 269 жауынгер интернационалдық міндетін атқаруға барып, олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тауып, 21-і хабар-ошарсыз кетіп, мыңдаған азамат елге мүгедек болып оралғаны біз үшін ауыр қасірет екені белгілі. Соған қарамастан, кейде Ауған соғысы ардагерлері туралы «олар Қазақстан үшін соғысқан жоқ қой» дейтіндер де бар. Анығында, олай емес қой. Олар жер бетінде бейбіт өмір орнату үшін соғысты. Ал соғыстың аты – соғыс», – дейді Қ.Әбдіқұлов.

Құлымбет Әбдіқұлов соғыстан кейін облыстағы бірқатар аудандарда прокурордың аға көмекшісі, орынбасары, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры қызметтерін абыроймен атқарды. Сот актілерін орындау жүйесінде бөлім бастығы, облыстық сот әкімшісінің орынбасары, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыс бойынша басқармасы бастығының орынбасары, бөлім бастығы қызметтерінде әділдіктің салтанат құруы жолында барын салған.

Прокурорлық қадағалауда заңдылықты қатаң сақтап, алдын ала тергеу орындарының кейбір дәлелдері дәйексіз айыптау қорытындыларын қайтарып жіберіп, азаматтарды жазықсыз жазаланудан арашалаған кездері де болды. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде наразылық білдіру арқылы сот шешімін бұздырған да жағдайлар кездесті. Әрине, ондайда тергеушілер мен судьялар мұны жақсы көре қоймасы белгілі.

Есесіне елдің алғысына бөленді. Қызмет саласы бойынша көптеген марапатқа ие болды. Міне, мұның бәрі де халықтың батыр ұлына деген құрметі еді. Қалай болмасын, мейлі, Ауғанстан жерінде болған соғыста туысқан халықтың бейбіт өмірі үшін күрескен интернационалист-жауынгер Құлымбет Әбдіқұловтың өнегелі өмірі мен ерлік істері жас ұрпақты отаншылдыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеуде зор рөл атқаратындығы сөзсіз.

Шапағат Әбдір 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Қауырсын қалам
Алдыңғы мақала
Қауырсын қалам

Ұқсас жаңалықтар