Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өнер мен дәстүр сабақтастығы

Өнер мен дәстүр сабақтастығы
Автор
Меркі ауданында ауылдар арасында өткізілетін «Ауыл мәдениеті – ел айнасы» мәдени-өнер байқауы биыл айрықша мәнге ие болып отыр. Іс-шара ҚР Конституциясының 30 жылдығына, Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және ауданның Құрметті азаматы, белгілі ақын Шырын Мамасерікованың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылуда. Байқаудың басты мақсаты – ауылдағы өнерлі жандардың шығармашылығын кеңінен насихаттап, олардың өнерге деген ынтасын арттыру, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулу және салт-дәстүр мен дәстүрлі өнерді дәріптеу.

Алғашқы өнер додасы Сұрат ауылында басталды. Кеш шымылдығы ұлттық нақышта безендірілген сахна төрінде ашылып, көрермен назарына қолөнер бұйымдары мен қолданбалы өнер туындылары қойылды. Бұл көрме ауыл тұрғындарының өз мәдениетіне деген шынайы құрметін айқын көрсетті.

Өнер сайысының ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталып, өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Сұраттық өнерпаздар көркемсөзден бастап, әсем әуен мен ұлттық билерге дейін түрлі жанрда өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кеш соңында ақын Шырын Мамасерікова мен ауыл әкімі Ғани Абақ сахнаға шығып, қатысушыларға алғыстарын білдірді. Олар мұндай рухани-мәдени шаралардың ауыл өмірін жандандырудағы, жас ұрпақ бойына ұлттық рух пен өнерге сүйіспеншілік сіңірудегі маңызын ерекше атап өтті.

Эстафетаны Тәтті ауылы жалғап, байқау нағыз ұлттық мерекеге айналды. Ауыл қақпасында көкпаршылар шеруі қарсы алып, мереке мәдениет үйі алаңында жалғасты. Киіз үйлер тігіліп, сахна безендірілді. Қонақтарға ұлттық сусындар ұсынылып, асыл тұқымды қойлардың көрмесі ұйымдастырылды. Киіз үй ішінде ұлттық қолөнер көрмесі де өз орнын тапты.

Іс-шара Белгібай Айнақұлов ақсақалдың батасымен ашылды. Одан кейін аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жұмахан Жантелиев пен ақын Шырын Мамасерікова сөз сөйлеп, өнер додасына сәттілік тіледі. Ауылдық мәдениет үйінің жетекшісі Шәрбану Жуасбекова ақынға гүл шоғын ұсынып, ақ орамал жапты.

Тәттілік өнерпаздар да сахна төрін думанға бөледі. «Балбырауын» күйі күмбірлеп, бүлдіршін Медина көркемсөз оқып, оған Шырын апамыз гүл сыйлап, бала көңілін көкке бір көтеріп тастады. Өнер мен спортты қатар ұстанған ауылдың бес бірдей әлем чемпионы сахнада құрметке бөленді. «Үкілі қыз», «Әридай-ау», «Бақыт деген немене» әндері, бүлдіршіндердің гимнастикалық өнері, ана мен баланың орындауындағы «Алаш аманаты» күйі көпшіліктің көңілінен шықты. Ауыл келіндері сахналаған әзіл көрініс көрерменді күлкіге қарық қылды.

Кеш соңында ауыл ақсақалдары мен өнер додасына төрелік еткен қазылар мүшесі сөз сөйлеп, екі ауылда өткен байқау кезеңдеріне тоқталды. Осылайша, «Ауыл мәдениеті – ел айнасы» байқауы ауыл өнерін дәріптеп, ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртатын маңызды мәдени шараға айналып отыр.

Алихан НҰРАЛИЕВ,

журналист,

Меркі ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар