Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бейбітшілікті бағалай білейік!

Бейбітшілікті бағалай білейік!
Ашық дереккөз
Облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залында Кеңес әскерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылғанына 35 жыл толуына орай Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу өтті.

 Кездесудің тізгінін ұстаған облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Қазіргі заман тарихы» бөлімінің меңгерушісі Құрманғазы Демешев Ауған соғысының қасіреті мен қайғысы туралы айта келіп, жастарды Отан үшін еңбек етуге, бейбіт заманның қадіріне жетуге үндеп, сөзді облыстық-интернационалист жауынгерлер одағының төрағасы Керім Ізбасаровқа берді. Ал соғыстың зардабы әлі де талайдың жүрегін қарып, сүйегін сырқырататынын айтқан Керім Махамбетұлы жастарды патриот болуға шақырды.

– Ауған соғысы жеңіспен аяқталды. Алайда сол жеңістің астарында жасырынған қаншама қасірет бар. Қаншама адамның жалғызы кетіп, оралмай қалды. Қаншама адам жас өмірін Отан жолында опат қылды. Мұның бәрі де біздің осы бейбіт күнге жетуіміз үшін жасалған ерлік деп түсіну керек. Ал соғыстан аман-есен келген біздің жүрегімізде қаншама сыз бар екенін сіздер білмейсіздер. Бүгінгі жастар соғыстың қасіретін көрмей, Отанның қадіріне жетсе екен деген ниеттеміз, – деді К.Ізбасаров.

Сондай-ақ генерал-майор, Ауған соғысының ардагерлері Әлімжан Ерниязов, Бауыржан Райымбеков, Жеңіс Сертеков, Мақсатбек Әбдібеков өз ойларын ортаға салып, жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Ал кездесуге келген Тараз инновациялық колледжінің және Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетінің студенттері ардагерлерге сұрақтарын қойып, мол мәліметтерге қанықты. Иә, ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһармандар жастарға қашанда үлгі бола бермек.

Шапағат Әбдір 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Жауынгер жолы
Алдыңғы мақала
Жауынгер жолы

Ұқсас жаңалықтар