Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ДІНИ БУКВАЛИЗМНЕН САҚ БОЛАЙЫҚ!

ДІНИ БУКВАЛИЗМНЕН САҚ БОЛАЙЫҚ!
ашық дереккөз
ДІНИ БУКВАЛИЗМНЕН САҚ БОЛАЙЫҚ!
Қазіргі таңда ұлттық құндылықтарымызды Ислам дінімен ғана өлшеп, дұрыс немесе теріс екені анықталатын болды. Бұл діни сананың дұрыс қалыптаспағанын білдіреді. Осыған орай, қазақ халқының көнеден келе жатқан еркін ойлау, сананың тәуелсіздігі туралы талқылап көрсек. Ханафи мазхабы бойынша ижтиһад мәселесінде төмендегі әдістерге жүгінген: 1. Құран. 2. Хадис. 3. Ижма. Сөздік мағынасы – бір нәрсені біріктіру, жинақтау, бір мәселе бойынша бір пікірге келу. 4. Сахабалар сөзі. Ханафи мазхабында мәселеге қатысты ижма үкімі болмаса, сахабалардың сөзі мен амалдарын негізге алады. 5. Қияс – бір нәрсенің басқа бір нәрсемен өлшенуі, салыстырылуы, екі нәрсенінің бір-бірімен теңестірілуі. 6. Истихсан – мужтаһидтің белгілі бір мәселені шешуде ижма, қажеттілігі, салт-дәстүр, қияс секілді арнайы және қуатты дәлелге сүйеніп сол мәселеге ұқсас әдістен бас тартып, шариғаттың мақсатына ең сәйкес деп табылған басқа бір үкіммен пәтуа беру. 7. Әдет-ғұрып – қоғамның дағдыға айналдырып, өмір салттарында басшылыққа алатын сөздері мен іс-әрекеттері. Осы әдістерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да қолданып келеді. Алайда біз дұрыс діни сананы қалыптастыру үшін тек жоғарыда аталған жеті әдіспен шектеліп қалмауымыз қажет. Себебі аңыз-әпсаналар, қиссалар, діни мифологиялық оқиғалар адам баласына өмірлік мән беретін рухани құндылықтар. Дегенмен біздің қоғамда аңыз-әпсаналарды, қиссаларды мүлде мойындамайтын деструктивті діни ағымдар жетерлік. Олардың пайымынша, Құран және хадисте жазылған дүниелер ғана ақиқат. Құран және хадистегі ақпараттармен ғана өлшеу керек деген фанаттық түсінік біздің қоғамды орта ғасырға сүйреуде. Мәселен, псевдосәләфилік болып саналатын «Құран мен сүннет айдынындағы негізгі сенім» (Э.Кулиев аудармасы) атты әдебиетте: «Мұсылмандардың бір-бірімен дос болуы мен жауласуы, жақсы көру мен жек көруі тек Алла разылығы үшін болуы керек. Олар мұсылмандарды жақсы көрулері керек және оларға көмектесулері қажет. Дінсіздермен жауласып, оларды жек көрулері керек және олармен ешқандай қарым-қатынаста болмауы тиіс» деген аятты оқыған адамның санасында буквальды тек Құран және хадис шеңберінде ғана қабылдап, басқа дін өкілдеріне деген жауласу және өшпенділік ұялары ақиқат. Осындай догмалық ойлау жүйесінің салдары мемлекетіміздегі дінаралық татулыққа нұқсан келтірмек. Сол үшін тек догмалық тұрғыдан ойлау жүйесімен шектелмей, сыни ойлау жүйесін, еркін ойлау жүйесін қалыптастыру қажет. Мәселен, жақында қызық оқиға болды. 2022 жылдың 16 маусымында жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өткен болатын. Осы құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мен құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалдым. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы тарихи қадамның киелі жерден басталуы – жақсы ырым. Бәріміз, бабалардың аруағы қолдап, ісіміз оңынан болсын деп тілейміз», деген сөзі мен амалына кейбір исламтанушылар: «Бұл ислам шариғатына жат, мұсылман емес адамға дұға жасауға және құран бағыштауға болмайды» деп сын айтқан болатын. Алайда Керімсал Жұбатқанов есімді тарихшы ғалым «Жошы хан – Алтын Орданың атасы...» деген мақаласындағы: «Жошы хан өмірінің соңында мұсылмандықты қабылдап, нағыз мұсылман ретінде жерленсе, Шыңғыс хан мен Бату хан пұтқа табынушылық дәстүрі бойынша жерленген» деген тарихи дерегінен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың істеген амалы Ислам дініне қайшы емес екенін көруге болады. Қандай да бір тұлғаны жан-жақты зерттемей пәтуа бере салу білімсіздік. Өкінішке қарай, біздің қоғамда сондай діни түсінік бар. Шындығында, Имам Мүслімнің «Сахих Мүслім» кітабында: «Қайсыбір кісі өзінің дін бауырына: «Ей, кәпір» десе, бұл сөз екеуінің біріне оралады. Егер, ол оның айтқаны сияқты болса, онда орынды. Олай болмаған жағдайда, бұл сөз айтушының өзіне оралмақ» делінген.

Ерзат ЖАҚЫПОВ, дінтанушы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар