Қозыбасы шындығы қашан ашылады?
Біздің өңірде екі Қозыбасы бар. Бірі – Жамбыл облысының Қордай ауданында, бірі – Мойынқұм ауданында. Керей мен Жәнібек сұлтандардың 1456 жылы Қазақ хандығын құрып, келелі жиын өткізіп, хан тағына отырып, қазақ туын осы екі Қозыбасының біріне қадағаны хақ. Бірақ қай Қозыбасы? Бұл енді сұрақ...
Әпсана-аңыз ізімен
Бірде Алатағы, бірде Қозыбасы болып қосамалданып аталатын ерекше шоқы мен ес білгелі жадымда жатталған, ерекше кие тұтатын есім еді. Ол тұста Керей, Жәнібек хан аттары сыбырлап қана айтылатын. Әйтеуір бұл жердің «хан шоқысы», «хан жайлауы» екені бұрыннан құлағымызға сіңіп қалған үйреншікті атаулар болатын. Хан тауы мен Жамбыл тауы тоғысы жазығынан орын тепкен ерекше шоқы исі қазақтың тәу етер қасиетті орны екенін түйсініп өстік. Көнекөз қариялар Сқақ, Қасым, Өтеубек, Тәжілер шоқы маңын жайлайтын Аққұдық, Қарақұдық, Орынбайдағы қойшыларды ұйыстырып, жамағат болып Қозыбасыға марқасын шалып, Құран оқып, дұға қылатын. Бірде (1961 жылы) «Волковск» аталатын геологиялық барлау экспедициясының геологтары Мирный аталатын (уран өндіретін) жабық қаладан базарлап келе жатып жолай Қозыбасыға аялдап, ішімдік ішеді. Бұл жайды біліп қойған қариялар қатты ашуланып, олармен араласатын нағашыма: «Әй, Рахымжан, сен ана жегжаттарыңа айт, ол жердің бұдан былай маңын басушы болмасын, бұл әдетін тағы да қайталайтын болса, бізден жақсылық күтпесін. Өздері тағы мұнысы аз болғандай қасиетті шоқымызға «Сапунгора» деп өздерінше ат қойып алыпты, елбұзарлар», дегені есімде. Бұрынғылардың айтуынша, Қозыбасының бұған дейінгі атауы Алатағы болған екен. Ат сынының білгірі болған бір бабамыздың көзі сан мың жылқы ішінен таңдауы тұлпартекті, шу асау ала айғырға түседі. Құрық-ноқта көрмеген асау топ ішінен сытылып шығып, қайыру бермей құладалаға кетіп, аталмыш шоқыны мекен етеді. Қыста – күншуақ ығында, жазда – шоқы басына шығып, самал желінде мызғиды. Өзін ұстағалы келе жатқандарды сонадайдан сезіп, қара үзіп отырған. Ақыры, тағы боп кеткен асау ала тұлпарға пана болған шоқы Алатағы болып аталып кетеді. Туған өлке зерттеушісі, қазақ халқының өткен-кеткенінен мол хабары бар қазыналы қариямыз, «Мойынқұм тарихи өлке» кітабының авторы Ахметалы Жанғозиев ағамыз ел аузындағы дереккөздерге жүгініп: «...Орта жүздің Шуыртпалы руынан шыққан Кенесары ханның қолбасшысы Ағыбай батыр мен орта жүз Кәрсөн руынан шыққан атақты көпес (купец) Қарсыбек бай Шу бойына келгенде алдымен Қозыбасыға барып дұға оқытып, мал құдайы қылып, Құран оқитын, содан кейін басқа шаруаларына баратын. 1939-1940 жылдары бізге көрші болған сол рудан шыққан Ағыбай батырды көрген Кемпірбай деген қария мен әкем екеуі сөз арасында айтып отырғанын талай құлағым естігенім бар, соңынан сақалынан су ағып жылағанын көргенмін. Сөйткен қасиетті жерге қазір ешкім бармайды деп отыратын», дегені бар. Иә, бұл жайлар былай қарағанда, әпсана-аңыз сияқты. Алайда әңгіме-аңыз түбі ақиқат та болатынын қаперімізге алғанымыз жөн-ау.Ахметәлі ағамыз айтқан ақиқат
Сондай-ақ абыз ағамыз кітап-газеттерде жарияланған материалдарға, оқиғаларға өз көзқарас-пікірлерін білдіріп отыратын. Өз кітабының Қазақ хандығы жайындағы бөлігінде: «...Аңырақай шайқасының 270 жылдығын атап өту конференциясына Мойынқұм ауданынан мен қатыстым. Мен Аңырақай шайқасы туралы сөз сөйледім. Аңырақай шайқасының нақты аумағы мен «Итішпестің көлі» жайындағы деректерде ауытқушылық барын айттым. 1998 жылы Мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаев, академик М.Қозыбаев т.б. ғалымдар Хан тауын аралап, тарихи орындарды көрді», дей келе «Егемен Қазақстан» газетінің 25 қазандағы мақаласына орай мынадай да уәжін келтіреді: «...автордың мақаласындағы «Қозыбасы Кенен ауылындағы тау басында», дегені тарихи дәлелдерге қайшы келеді. Өйткені Кенен ауылы Шу бойына жатпайды. Ол Алатаудың Солтүстік шығыс беткейі. Тарихи деректер бойынша ізденсе, бізге тек қана Шу бойындағы Қозыбасы керек. Ал басқа жерлердегі Қозыбасы атаулыны көбейтіп, тізіп көрсету – ол тек қана тарихшылар мен басшыларды шындықтан адастыру деп білеміз. Және Керей мен Жәнібектің соңында 200 мың халқы болған деседі. Ол халық таудың қай қуысына сыяды? Оны да ойланып жазу керек. Сондықтан да Мұхамед Хайдар Дулати «Тарихи Рашиди» атты кітабында Қозыбасыны Шудың бойында деп жазғаны негізгі дәлелдің бірі», делінген. Қайсыбір ғалымдарымыздың Керей мен Жәнібек 200 мың елін Қозыбасының қай жеріне сыйғызған деген күдігінің арагідік қылтиып қалатыны да бар. Шынтуайтында, хан Керей мен Жәнібек жұртшылығының мекені тек Хан тауы мен Жамбыл тауы, Қозыбасының жазық-жота жайлауын ғана емес, Бағара, Болат тауымен шығысқа қарай бөктерлеп кететін «Хан жолының» күнгей беткейін, бүгінде Андасай аталатын миллионнан астам гектарлы қорғалымын (ол тұста Тұлпарсаз аталған) көктеу етіп, Мойынқұмның жайлы да, терең құмын қыстау еткен. Асанқайғы бабамыз: «Ей, Мойынқұм! Құмдарың бұйрат-бұйрат таудай екен, құлының тайдай екен, тайың айғырдай екен. Жеті жыл қатарынан жұт болса да, тұяқты мал қалса, сенің бауырыңда қалады екен!» деген Мойынқұм. Хандықтардың әр кезеңдерін, тіпті оның қай мезгілде қай жерге орналасқанынан, көші-қон, қыстау-жайлау жайларынан мол хабары бар жәдігер Сіргебай Иманбеков қарияның да айтары көп екен. Ол кісі тіпті Керей мен Жәнібектің тастан қаланған қора-жайын, Хан тауындағы үлкен және кіші «Хан тақтарын» күні бүгінгідей көрсете алады. Хандықтардан мол хабары бар қария Керей, Жәнібек хандығы мен Абылай хан тұсындағы ортақ мұралар мен жауларымен соғыс және қорғану тәсілдерінің де арада қанша ғасыр өтсе де бір болғанын қызықты деректермен әңгімелей алады екен. Жошының «Ақсақ құланға» қатысты аңызының осы тұстан алыс еместігін, қанша уақыт өтсе де құландарды қыру мақсатындағы терең қазылған ордың сілемін әлі де байқауға болатынын біреу білсе, біреу біле бермейтін Жошы хан мәйітінің қазақ жерінде, Ұлытауда жерленіп, мазарының сонда тұрғызылғанын, Жошы ұрпақтары Керей мен Жәнібектің де мәйіті осы Хантау маңынан алыс емес-ау деген жорамалын жеткізеді. Иә, Сіргебай қария мен Ахметалы ақсақалдың туған жер тарихы жөніндегі ойларының бір жерден қабысуына іштей ризашылығыңды білдіресің. Осындай тағылымды тарихтың атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, шежіре болып сақталып, бүгінге жеткеніне кәміл куә боласың. Тума тарихшылардың Қозыбасы жайындағы дереккөздері де бір жерден тоғысады. Бұл Қозыбасы жайындағы ата-баба аузындағы әңгіме бүгінгі біз біліп отырған дерек. Ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, жалғасын тауып, үзілмей келе жатқан мұра. Қозыбасы аталуына да қасиетті орынға тәу етіп, ханын қастерлеген халық басына қозысын сойып, Құрбан шалып, дұға бағыштап отыруына себеп болған секілді. Шоқының айналасына қозысының басы көптеп жиналғандықтан «Қозыбасы» аталған десе, қайсыбір пайымдаушылар шоқы кей қырынан қозының басына ұқсайды, сол себепті Қозыбасы атанған дейді. Иә, не десе де әңгіме мәні хан көтерілген шын Қозыбасыда болып тұр ғой.Тарихшылар не дейді?
Тарихын түгендеп, елдігімізді өзімізге де, өзгеге де таныту мақсатында Н.Назарбаевтың тапсыруымен құрылған экспедиция құрамында Қордай ауданындағы Қозыбасы биігіне қазақ хандығының алғаш туының тігілгеніне көз жеткізгендей болған. Сол тұста (1997 жылы) экспедиция құрамында Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, мемлекеттік хатшы Марат Тәжин, Манаш Қозыбаев, Карл Байпақов сынды көрнекті тарихшы, археологтар жер жайын зерделеп, ғылыми тұрғыдан да көз жеткізіп, Қордайдағы шоқыны хандықтың туы көтерілген Қозыбасы деп таныған. Алайда Мойынқұмдағы Қозыбасының да өз айтары бар. Мұнда да көпті көрген көнекөз, оқыған-тоқығаны, көкейге түйгені көп зерделі қариялар ғасырлар тереңінен сыр тартатын өз Қозыбасыларының шындығына көз жеткізгілері келеді. Қозыбасы үшін жылдар бойы тарихшы, археолог-ғалымдардың әлденешеуімен пікірлесіп-сұхбаттасқан, еңбектерінде ғылыми тұрғыда тұжырым жасап, тарихи тақырыптағы конференцияларға қатысып, сөз алып, өзінің дәйекті де, дәлелді тұжырымын айтқан ардақты ағамыз Ахметалы Жанғозиевтің еңбегі ерен. Белгілі ғалым, қазақ тарихының төрт томдық кітабының авторы, білгір зерттеушісі Мұхтар Мағауин: «...Керей және Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр билігінен бас тартады да, соңына ерген барлық жұртымен түп көтеріле көшіп, Қозыбасы дейтін байтақ қоныс пен Шу өзенінің бойында дербес хандық туын көтереді, бұл жаңа ұлыс Қазақ Ордасы деп аталады. Ортағасырлық атақты тарихшы Мұхамед Хайдар Дулатидің куәландыруы бойынша, бұл оқиға 1456 жылы болған» дейді. Сол хандық кезеңінде өмір сүрген Мұхамед Хайдар Дулатидің өмірдерегі мен оның еңбегін терең зерттеген, қазіргі қазақ филологиясында «Тарих-и Рашиди» жөніндегі еңбегін арнайы тақырып етіп, зерттеу нысанына алған, көп тілді (жеті тілді: араб, парсы, түрік, ағылшын, шағатай т.б. тілдерді меңгерген) білген, ғұламаның әдеби-тарихи ғұмырнамалық туындысын парсы тілінен тікелей қазақшаға тәржімалаған (2003 жылы) ғұлама ғалым Ислам Жеменеймен жүздесіп, сұхбаттасуыма тура келді. Бірде демалыста жатқанымда ауылдық округ әкімі қоңырау шалып, Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты деректі материалдар жинауға менің де керек екенімді айтты. Мен маңызды істі түйсініп, қалған бірер күнімді қысқартып, ауылға қайттым. Хандыққа қатысты жерлерді белгілі шығыстанушы профессор Ислам Жеменей және «Қазақпарат» корпорациясының президенті Қонысбек Боқаймен бірге аралап, хандыққа қажетті мәліметтер жинастырдық. Ұзақ жылдар өңірдің тарихи мұраларымен айналысқан зейнеткер Тамаша Расилов, көрген-түйгені көп қария Сіргебай Иманбековтер қазақтың әр кезеңдегі Қозыбасыға қатысты өз білгендерін ортаға салды. Шығыстанушы Ислам Жеменей: – Біз Қазақстанның біраз жерін араладық. Бірер хан көтерілген Қозыбасыларды да көрдік. (Қозыбасы Алматы облысында да бар екен). Осыдан бірер күн бұрын Қордайдағы Қозыбасыда да болдық. Бірақ біз болған жерлер шындықтан шеткерілеу екен. Шоқылары мынадай емес. Айналасы тар, шатқал-шатқал, құз-жыра. Көз ұзатып салар алаңы жоқ. Көзге қораш. Ал мына сіздердің Қозыбасыларыңыздың бітім-болмысы бөлек. Біз тұрған мына шоқы Құдайдың құдіретімен құйылғандай. Айдала, алаңқай. Жер астынан жарып шыққандай әсер қалдырарлық әсем шоқы. Түстік жерден менмұндалап көз тартады. Айнала алақандағыдай, көз жеткен жерге дейін көрінеді. Көркіне көз тояр емес. Мына шоқыны айналдыра мың үй тіксе де болғандай. Үстінде самал ойнайды. Тіпті бағаналы бері тартпай келе жатқан қалта телефонның өзі шоқы басында сарнап қоя берді. Міне, шын Қозыбасы, – деп таңғалыс-тамсанысын білдірді. Алайда су жайындағы көңіліндегі қаяуын да жасырмай: – Тұрсеке, су жайы қалай болды екен? – деді. Мен ол тұста судың мол болғанын, осы уақытқа дейін Шу өзені арнасының екі мәрте айнығанын, қазіргі Қарасай, Тұрлыбай, Берікбай, тағы да басқа Балқаштан бастау алатын сай-жыралар жайында жеткіздім. Қазір кеуіп жатқан кең де, терең сайлардың бүгінгі Шу арнасынан әлдеқайда үлкен екендігін, оны кетпен тұрмақ қазіргі заманауи техникалардың өзі игере алмасын тілге тиек еттім. Тіпті осы жерден бірер шақырым жердегі Қарақұдық, Жерүй сайларының ерте көктемде бүгінге дейін өткел бермейтінін айттым. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, өте қарапайым ғалым М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі Шу өзені теріскейіндегі осы Қозыбасы көкейіне қонса керек, шоқы биігінде тұрып өзге әріптестеріне толымды көңілмен телефон шалып жатты. Иә, жақсыға әркімнің-ақ бар таласы болары заңдылық. Дейтұрғанмен Мойынқұмдағы Болат, Байғара, Жамбыл, Хан таулары етегімен шығысқа қарай бөктерлеп отыратын «Хан жолы», Хан тауындағы «Хан тағы», «Хан қорасы», «Хан көтерген Қозыбасы», т.б. хандыққа байланысты атаулар, аңыз-әңгімелер «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?» деген сауалға еріксіз жетелейді. Сондай-ақ Керей мен Жәнібек хандардың жерленген жері анықталмай, тек долбар күйінде келеді. Ұлы хандарымыздың мәйітін анықтау мерзімі жеткен сияқты. Біз Ұлы Дала, Ұлы Қағанат тарихын мыңдаған жыл бұрын, яғни б.д.д. зерттеп-зерделеген грек тарихшы-ғұламалары Геродот, Страбондар мен қандас-тамырлас бауырымыз Анахарсис (қазақтар Анарыс дейді), Мөде тәңірқұты еңбектерін бүгінгі дәуірде де пайдаланып келеміз ғой... Ендігі әңгіме өз тарихшы-зерттеушілерімізде. Мың емес, бірер жүз жылдық тарихы бар шын Қозыбасының шешімі табылып қалар деген үміттеміз.Тұрсынтай ҚАЛДАРБЕКОВ, Мойынқұм ауданы
Келесі мақала