Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТҰҒЫРЫ БИІК ТЕКТІ ТҰЛҒА

ТҰҒЫРЫ БИІК ТЕКТІ ТҰЛҒА
ашық дереккөз
ТҰҒЫРЫ БИІК ТЕКТІ ТҰЛҒА
Тапқыр сөзімен тауды төңкеретін атақты философ Конфуцийден: «Он ұрпақтан кейінгілерді болжай аласыз ба?!» деп сұрағанда ол: «Әкеден балаға, ұрпақтан- ұрпаққа не қалып жатқанын білсек, жүзінші ұрпаққа да не қалатынын болжау қиын емес», деген екен. Шындығында, өз тарихын, бүгінгі мұрасын ертеңге жеткізер зерделі ұрпақ, рухты азамат тәрбиелеп өсіргенде ғана ұлт мәңгі жасары хақ. Арманымызға қанат бітірген киелі Аспара баурайының тарих түкпірінде қаһарман тау тұлғалар мен аты ұранға айналған, текті рухтың туындай артына өшпес өнеге, сөнбес шырақ жағып кеткен арыстан жүрек, арқар мүйізді азаматтардың өмір сүргені белгілі. Ақын Жарасқан Әбдірашовтың: «Қақ төрінен орын алған тарихтың, Есімдерін ерендер мен алыптың. Жазбау керек қағазға да, тасқа да, Жазу керек жүрегіне халықтың», деген отты өлең шумақтары тұғыры биік тұлғаларға арналғаны ақиқат. Солардың бірі – көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері, саңлақ саясаткер, ақын-жазушы, ғалым Асанбай Асқаров. Биыл асыл азаматтың 100 жылдық мерейтойы аталып өтпек. ХХ ғасырдың заңғар жазушыларының бірі Әбіш Кекілбаевтың «Жақсыны ұлықтамау, жайсаңды қызықтамау өз ырысын өзі тепкендік, өз тілеуін өзі кескендік» деген ұлағатты сөзі көзі ашық, көкірегі ояу, кеудесінде сәулесі бар жандарға ой салары айқын. Бүкіл саналы ғұмырын Қазақстанды дамытуға арнаған асыл перзенттің биік адамгершілік қасиеттерін кейінгі ұрпаққа өшпес мұра етіп қалдыру – бүгінгілердің парызы. Алаштың асқар тауындай арыстардың еткен еңбегі болашаққа үлгі-өнеге, ғибрат емес пе?! А.Асқаров 1922 жылы қыркүйекте Меркі ауданында туған. 1936 жылы Шу бекетіндегі орыс мектебінің 7-сыныбын бітірген соң Фрунзе педагогикалық училищесінде оқып, білім алады. «Мен өте жақсы оқып, жоғары стипендия алатынмын», деп жазады өзінің 28 беттік түрмеде жазған ғұмырнамасында. «Әйтсе де жазғы каникул кездерінде үйге анама келіп, колхозда жұмыс істейтінмін. Сөйтіп 14 жасымнан бастап еңбекке араластым. Аштық жылдары 4 бауырымнан айырылдым. Адамдардың қалай аштықтан өлгендерін өз көзіммен көрдім...» деген А.Асқаров 1939 жылдан бастап Фрунзе облысында орта мектепте мұғалім болады. Ел басына күн туғанда 1942 жылы Қарулы күштер қатарына шақырылады. Соғыстан 1946 жылы туған жеріне оралады. «Жалпы алғанда, әскерден келгеннен бері комсомол, партия жұмыстарында 40 жылдай еңбек еттім. Оның 25 жылында облыстық партия комитетінің 1-хатшысы қызметін атқардым... Қай жерде жұмыс істесем де партиялық, мемлекеттік тәртіпті сақтауды өзімнің борышым деп есептедім. Тіпті әскерде курсант, сержант, офицер дәрежелерінде болған кездерімде де тәртібіме жаза қолданып көрген емес», деп жазады А.Асқаров. Осындай жігерлі жан ширек ғасырдан астам уақыт Жамбыл, Шымкент, Алматы облыстарын абыроймен басқарып, оңтүстік өңірлерінің экономикалық, мәдени өркендеуіне ерен еңбек еткені үшін Еңбек Ері атанып, 5 мәрте Ленин, Октябрь революциясы, Екі мәрте Қызыл ту орденімен, 12 медальмен марапатталады. 40 жыл халқына аянбай еңбек етіп, құрметті демалысына шығып, еңбегінің зейнетін көретін шағында Желтоқсан оқиғасына байланысты жалған айыптар тағылып, «ұлтшыл», «Қонаевщина», «Қазақ ісі» науқанына ілініп, төрт жарым жыл темір тордың тозағын көрді. Бірақ «ақ иіліп сынбайды» демекші, Асекең тағдырдың сынағына төзе білді. Халқы да Асанбайын жамандыққа қимады. Әр облыс аймақтарында «Асқаровты құтқару» қоғамдық комитеттері құрылып, Кеңес үкіметінің басшыларына, Қырғызстан Жоғарғы Сотының атына мыңдаған хаттар келді. Сонымен бірге қазақтың біртуар азаматтары, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, соғыс және еңбек ардагерлері де Асқаровты қорғауға жан салып кірісті. Мысалы, осы сөзімізді растайтын түрмеге жазылған хаттардан 1-2 үзінді келтірмекпін: «Ардақты аға, Асеке! Жаратушы Құдірет үстінен жалақор арыз түскен Иов деген пайғамбарды сынамаққа неше түрлі азапқа салған. Ақыры ақ екеніне көзі жетіп, бақытты, ұзақ өмір сүрген. Құдірет сізге де шарболаттай төзім, қайсар қажырлық бергей деп тілейміз», деп жазыпты Шерхан Мұртаза. Қазақстанның халық ақыны Әбділда Тәжібаев: «Аса білімдар, гуманист, барынша ақынжанды, ғалым, адамшылық арын таза ұстайтын А.Асқаровты парақор қатарына қосу – шегінген асқан ұятсыздық», деп жазса, ал Фариза Оңғарсынова: «Халқымыз бәрін біліп отыр, тек жекелеген адамдар болмаса. Бірақ түбі бәрі орнына келеді, мен бұған сенемін. Біз Сізбен біргеміз. Аман қауышалық, аға! Сәлем жолдаушы қарындасыңыз – Фариза Оңғарсынова», депті. Сондай-ақ А.Асқаровтың бостандыққа шығуына достары Жылқыбай Аралбаев, Арыстан Өтеулин, Еңбек Ері С.Оңғарбаева, батыр ана Дариға Жантоқова, ақын Жақсылық Сәтібеков, т.б азаматтардың сіңірген еңбектері зор болды. Қазақ мемлекетінің нығаюына, Еуразия аймағындағы қоғамның демократиялануына, гуманистік бағытта жаңарып, жаңғыруына А.Асқаровтың қосқан үлесі жайлы сыр шерткен Д.А.Қонаев бір әңгімесінде: «А.Асқаровқа мен толық сенім арттым. Ол жоғарғы нәтижелерге қол жеткізген ең тәжірибелі басшы, Жамбыл, Шымкент, Алматы облыстарының экономикалық дамуына көп үлес қосты», деп еске алады. Кешегіні бүгінгідей етіп көз алдыңа әкелетін бұл құжаттар тарих игілігіне айналып, ешқашан өшпек емес. А.Асқаров рухының шар болаттай беріктігі сонша, абақтыдан босап шыққаннан кейін де қаламды қару етіп, терең тарихтан бастап, бүгінгі құбылысқа дейін талдау жасап, «Тағдыр», «Жұмақ пен тозақ жырлары», «Көзқарас», «Ұлы Тұранның ұлдары» деген толағай кітаптар жазды. Маған ұлы Абайдың: «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген өлең жолдары Тұранның тұлпар текті перзенті А.Асқаровқа арналғандай әсер етеді. Өйткені: «Туған жердің туы биік болсын деп, Жері – егінге, қыры малға толсын деп. Еңбек еттім жанымды бір аямай, Ел басына бақыт құсы қонсын деп», деп жазған А.Асқаров өз заманының көрнекті қайраткері және ұлттың ұлағаты болатын.

Шырын МАМАСЕРІКОВА, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Меркі ауданының Құрметті азаматы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар