Ер адам өз үйінде шатыр, ас үй бөлмесінің жертөлесі, жатын бөлмесі, аула сынды жеті жерден жасырын орын дайындап, есірткі заттарын сақтаған. Тінту кезінде полиция қызметкерлері барлығы 30 келі 700 грамм кептірілген қарасора тәркіледі. Жауап алу кезінде күдікті кінәсін мойындады. Қарасораны ол Байзақ ауданының құмға жақын аумағында жинап, кептірген. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, барлық мән-жайлар анықталып жатыр. – Ұсталған азамат 2019 жылдың сәуірінен 2020 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта мал ұрлығы, ұрланған малды союшы, мал тасымалдаушы санаттары бойынша профилактикалық есепте тұрған. Күдікті есірткі заттарын кәмелетке толмаған балалары тұратын үйінде сақтаған, – дейді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.
АЙЖАН ӨЗБЕКОВА