Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастар интернетке тәуелді болмауы керек

Жастар интернетке тәуелді болмауы керек
Автор
Қазіргі таңда технология қарқынды дамып, интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ақпарат алу, білім жетілдіру, достармен байланыс орнату – барлығы интернет арқылы жүзеге асады. Алайда оның пайдасымен қатар, қоғамды алаңдататын мәселелері де жоқ емес. Солардың бірі – жастар арасындағы интернетке тәуелділік.

Бүгінде көптеген жасөспірім мен студенттер бос уақытының басым бөлігін әлеуметтік желілерде өткізеді. Бұл құбылыс бір қарағанда қалыпты көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе адамның психологиялық және әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізуі ықтимал. Кейбір жастар шынайы өмірдегі қарым-қатынастан гөрі виртуалды әлемге көбірек көңіл бөледі. Нәтижесінде олар қоғамнан алыстап, жалғыздық сезімін бастан кешіруі ғажап емес.

Бұл мәселені аға буын өкілдері де алаңдаушылықпен айтып жүр. Мысалы, мен 70 жастағы әжемнің тәрбиесімен бой түзеп келемін. Айман әжем көпті көрген көненің көзі іспетті. Немере-шөберелерінің ұлттық болмысымызға, қазақы қалпымызға сай өсіп-жетілуін, адамдық қасиеттен ажырамауын қалайды. Сонымен қатар жаңа заман ағымына да ілесуді, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуді есімізге салып отырады. Әсіресе отбасымыздың ақылшысы, бойына даналық тұнған әжем интернетке тым әуес болмауымызды ескертуден жалыққан емес.

– Біздің заманымызда мұндай игілік өңіміз түгіл, түсімізге де кірмеген еді. Ол кездегі қара домалақтар үйде қамалып отырмай далада ойнап, балаларға арналған газет-журнал, кітап оқып, одан қалса, үлкендердің шежірелі әңгімесіне құлақ түретін. Қазір байқап отырсам, өзгені қойғанда өздеріңнің қолдарыңнан телефон түспейді. Кейде сендермен шүйіркелесейін десем, шұқшиып телефоннан көз алмайсыңдар. Біріншіден, бұл көз жанарыңа, екіншіден, көкірек көзіңе, тіл ұстартып, мәдениетті сөйлей білу қабілетіңе зиянын тигізеді. Бұл да керек шығар, бірақ әр нәрсенің өз шегі болғаны дұрыс, – деп еді бір жолы.

Расымен де бұрынғы буын үшін жақын қарым-қатынас отбасы мүшелерін бір арнаға тоғыстырып, адами құндылықты бойға сіңіруге ұйыстыратын тетік болған. Ал қазіргі жастардың көпшілігі уақытын әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн ойындарға жұмсайды. Мұның салдары білім сапасына да әсер етпей қоймайды. Студенттер сабаққа дайындалудың орнына интернетте ұзақ уақыт отырып қалуы мүмкін. Бұл үлгерімнің төмендеуіне және уақытты зая кетіруге әкеліп соғады.

Мамандар да интернетті шамадан тыс қолдану психологиялық қиындықтарға себеп болуы мүмкін екенін айтады. Психолог Гүлмира Сейтқазиева бұл құбылыстың жастар психикасына тигізер кері әсерін бізге түсіндіріп берді.

– Интернетке тәуелділік – қазіргі қоғамда жиі кездесетін мәселе. Әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізу адамның өзін өзгелермен үнемі салыстыруына әкеледі. Бұл өзіне деген сенімнің төмендеуіне, күйзеліске және жалғыздық сезіміне себеп болуы мүмкін. Сондықтан жастарға уақытты тиімді жоспарлауды және онлайн мен офлайн өмірдің арасындағы тепе-теңдікті сақтауды үйрету өте маңызды, – дейді маман.

Сонымен қатар ұзақ уақыт экран алдында отыру адамның физикалық денсаулығына да зиянын тигізеді екен. Көздің көру қабілеті нашарлап, омыртқаға салмақ түседі, ұйқы режимі бұзылады. Сондықтан мамандар интернетті белгілі бір уақытпен шектеп қолдануды ұсынады. Бұл мәселені шешуде ата-ананың, мұғалімдердің және жалпы қоғамның атқарар рөлі зор. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – интернетке тәуелділіктің алдын алудың бір жолы. Спортпен айналысу, кітап оқу, түрлі шығармашылық үйірмелерге қатысу олардың шынайы өмірге қызығушылығын арттырады.

Жалпы интернет – адамзатқа үлкен мүмкіндік беретін құрал. Бірақ оны орнымен пайдалану қажет. Жастар уақытын дұрыс жоспарлап, виртуалды әлем мен шынайы өмірдің арасындағы тепе-теңдікті сақтай білсе, бұл мәселенің де алдын алуға болады.

Фатима САЛИЕВА,

М.Х.Дулати атындағы

Тараз университетінің 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар