Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Арманнан басталған бизнес

Арманнан басталған бизнес
А.Қартабай
Туризм – адамдарға жаңа мәдениеттермен танысып, әлемнің түкпір-түкпірін көруге мүмкіндік беретін ерекше сала. Саяхат адамға тек демалыс сыйлап қана қоймай, оның ой-өрісін кеңейтіп, өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Соңғы жылдары қазақстандықтар арасында да шетелге саяхаттауға деген қызығушылық артып келеді. Осындай мүмкіндік жасап, көптеген отбасыларға ұмытылмас демалыс сыйлап жүрген туристік компаниялардың бірі – «Marven tour».

Бұл компанияның негізін қалаушы Венера Алтынбекова туризм саласында 15 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол туризм нарығындағы түрлі өзгерістердің куәсі болып, туристерге кеңес беріп, жаңа турөнімдер жасап, өз бизнесін дамытудың барлық кезеңінен өтті. Біз әңгімемізді қазіргі туризм нарығының жағдайынан бастап, кәсіпкердің компанияны қалай құрғаны, қандай қиындықтарға тап болғаны және оны алға жетелейтін күш не екені туралы сұрадық.

Венера Айдарқызы 1990 жылы Аса ауылында дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң М.Х.Дулати атындағы Тараз университетіне туризм мамандығы бойынша оқуға түседі. Университетте оқып жүрген кезден бастап қосымша жұмыстар істеп, өз бетінше табыс табуға тырысады.

– Тапқан ақшамды босқа жұмсамай, болашағыма инвестиция ретінде жинай бастадым. Мысалы, жиған-тергенімді алтынға ауыстырып жүрдім. Көлігім болмаса да жүргізуші куәлігін алдым, шетелге шығу үшін төлқұжат жасатып қойдым. Сол кезде туризм саласында нақты қалай жұмыс істейтінімді білмесем де, осы бағытта оқып жүргеніме қатты қуандым, – дейді кәсіпкер.

Университетті аяқтаған соң Венера шамамен бір айдай жұмыссыз жүреді. Ата-анасы ауылға келіп, жұмысқа орналасуға кеңес береді. Бірақ ол өз жолын өзі бастауға бел буады.

Көп ұзамай Тараз қаласындағы бір туристік агенттікке жұмысқа орналасады. Оны жұмысқа бірден қабылдағанымен, ары қарай бағыт-бағдар беретін адам болмайды. Сондықтан жас маман барлық нәрсені өзі ізденіп, үйреніп, тәжірибе жинақтайды.

– Бір күні Қытайдың сайттарынан арзан бағада сатылатын көйлектерді көріп қалдым. Ол жақта көйлектер 3 000 теңге шамасында екен. «Неге сатып көрмеске?» деген ой келді. Сөйтіп жинап жүрген алтындарымды ломбардқа өткізіп, шамамен 500 мың теңге ақшаның басын құрап, Қытайдан киімдерге тапсырыс бердім. Алайда бір жарым айдан кейін келген тауарларыммен бірге несиеге алған ноутбугым қолды болып, ешнәрсесіз қалдым. Сол кезде қатты қиналдым. Әлі де сол тур агенттікте жұмыс істеп жүрдім. Бірақ олар менің орныма басқа адам іздеп жүргенін білген соң, өз еркіммен жұмыстан кеттім. Жұмыстан шығар кезде жұмыс берушіден еңбек кітапшасына бір жыл жұмыс істеді деп жазып беруін өтіндім. Негізінде 7 ай ғана еңбек еткен болатынмын, – дейді кәсіпкер.

Қиын күндерді бастан кешіп жүргенде Венераға бір досы көмектесіп, пәтер тауып беріп, қолына 500 мың теңге ақша береді. Осы қаражатпен Венера Бішкек қаласына аттанып, киім-кешек әкеліп, базардан орын алып, сауда жасай бастайды.

3-4 ай бойы киім сатып көргенімен, айналым аз болып, шығын көбейеді. Басқа бағытта бағын сынап көрмек болған кейіпкеріміз несиеге балмұздақ пен сусын дайындайтын екі аппарат сатып алып, оларды автобустар тоқтайтын жерге қояды.

– Бір күні базар директоры шақырды. Күн сайын сыртымнан бақылап жүрген ол кісі жолаушы тасымалдауға арналған автобустары бар екенін айтып, идея сұрады. Сонда Хоргосқа жолаушы тасымал туралы ойымды айттым. Идеям бірден ұнады. Сонымен базар басшысы 3 ірі компанияның бірін ұсынды. Сол айтылған компанияның басшысымен бірге барып, келіспекке бел будым. Ол кісі мені жақсы қабылдап, қолдау көрсетті.

– Шынын айтсам, оңтүстік өңірлердің халқы Хоргосты мен арқылы таныды десем болады, – дейді кәсіпкер.

Бұл уақытта базардағы орнында Венераның сіңлісі жұмыс істеп жүрген еді. Бірақ оқу басталған соң ол ауылға қайтып кетеді. Венера өзі сауда жасап жүргенімен, айналым аз болып, шығын көбейеді. Сол кезде ол ойлана келе туристік агенттік ашуға шешім қабылдайды.

– Алайда ата-анам қарсы болып, «әлі жассың, кейінірек ашарсың» деп кеңес берді. Сонда да өз-өзіме сенімді болғандықтан тәуекел етіп, тур агенттік аштым. Күн сайын жарнама жасап отырдым. Екі айдың ішінде 50 адам турға жазылып, жақсы айналымға шықтық. Компания біртіндеп дами бастады. 5-6 жыл бойы тапқан ақшамның бәрін осы бизнеске салдым. Тіпті кейде қызметкерлерімнің жалақысын беру үшін анамнан уақытша ақша сұрайтынмын. Туристік компаниямның «Marven tour» деп аталуының да өзіндік тарихы бар. Ол кезде Marvel фильмдері танымал бола бастаған еді. Сол атауға ұқсатып «MarVen» деп қойдым. Бастапқыда өз атымды бірден бренд ретінде шығаруға ұялдым. Сондықтан «Венера тур деп емес, басқа атау таңдадым, – дейді ол.

«Marven tour» компаниясының басты ерекшелігі – клиенттерге ерекше көңіл бөлу. Мысалы, егер турист 1,5 миллион теңгеден жоғары тур сатып алса, компания арнайы жеңілдік ұсынады. Сонымен қатар әр үш ай сайын туристер арасында 500 мың теңге көлемінде тур ұтысқа ойнатылады.

Сонымен қатар компанияның арнайы қосымшасы бар. Кез келген адам қосымшаға кіріп, қалаған турын сатып ала алады. Ыңғайлы арзан саяхаттардың бағасын, жататын қонақүйлердің ерекшелігін байқай алады.

– Біз адамдар саяхат кезінде ештеңені ойламай, тек жақындарымен бірге демалып, әр минутынан ләззат алғанын қалаймыз. Сондықтан біздің компанияның басты мақсаты – туристерге жайлы әрі қауіпсіз демалыс ұйымдастыру, – дейді кәсіпкер.

Компания менеджерлері туристермен тәулік бойы байланыста болады. Қандай да бір сұрақ немесе мәселе туындаса, олар тәуліктің кез келген уақытында көмек көрсетеді. Бұл туристерге сапар кезінде өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуге мүмкіндік береді.

«Marven tour» компаниясының миссиясы – адамдарға саяхаттың керемет күшін сезіндіру және әр адамға әлемді көруге мүмкіндік беру. Бүгінгі күні компанияда 5 адам жұмыс істейді. Компания әр туристің сапарын ерекше тәжірибе мен ұмытылмас эмоцияға айналдыруға тырысады. Туристердің қуанышы мен әсері компания қызметкерлері үшін де үлкен мотивация.

– Біз үшін туристердің алғысы мен сенімі өте маңызды. Сол сенімнің арқасында «Marven tour» біртіндеп өсіп, өз ісін шын сүйетін мықты командаға айналды, – дейді Венера.

Венера Алтынбекованың айтуынша, туризм саласында ұзақ жыл еңбек ету үшін тек кеңседе отырып жұмыс істеу жеткіліксіз. Туристерге сапалы қызмет көрсету үшін әлемді өз көзіңмен көріп, түрлі елдердің мәдениеті мен демалыс мүмкіндіктерін зерттеу қажет.

– Осы уақытқа дейін 40-қа жуық мемлекетте болып, олардың туристік ерекшеліктерімен таныстым. Соның 20-сына қызыммен бірге бардым. Бұл сапарлар тек кәсіби тәжірибе ғана емес, өмірлік сабақ та болды. Баламен саяхаттаудың өзі бөлек тәжірибе береді. Баланың көзімен жаңа елді көру, жаңа мәдениетпен танысу ерекше әсер қалдырады. Әр сапардың өзіндік қызығы бар, бірақ кейбір елдер жүрегімде ерекше орын алып қалды. Қырық елдің ішінде ерекше есте қалғаны – Занзибар. Өте керемет жер екен. Жағажайы өте әдемі, суы тұнық әрі ерекше. Табиғаты мүлде бөлек. Экскурсиялары да салыстырмалы түрде арзан, ал адамдардың өзі өте кең пейілді, – дейді ол.

Венера бұл елдің халқының өмірі оңай емес екенін айтады. Дегенмен соған қарамастан жергілікті тұрғындардың жүзінен жылылық пен мейірімділікті көруге болады.

– Өздері қиын жағдайда өмір сүріп жатқанымен, үнемі күліп, адамдарға ишара білдіріп, жылы қарым-қатынас жасайды. Кейде олардың көздерінен мұң байқалатындай көрінеді, бірақ жүздері өте жылы адамдар. Сол қасиеті қатты әсер қалдырды. Жағажайда туристерге 4-5 бала бірігіп цирк өнерін көрсетеді. Түрлі акробатикалық қозғалыстар жасап, адамдарды таңғалдырады. Туристер оларға 5-10 доллар береді. Сол ақшаны балалар өзара бөлісіп алады. Бір-бірімен бөлісіп, ешкімді шеттетпейді. Туристерден қалған тамақты да ысырап болмасын деп, қалдырмай жеп алады.

Тағы бір ерекше әсер қалдырған бағыт – Еуропа елдері. Жалпы Еуропаға жасаған сапарларым ерекше әсер қалдырды. Әр елдің мәдениеті, тарихы, сәулеті мүлде бөлек. Табиғаты да өте әдемі. Мәселен Черногорияның табиғаты керемет, теңізі, таулары, қалалары бәрі ерекше үйлесім тапқан. Сол жерге барған кезде табиғаттың сұлулығына тағы бір рет таңғалдым, деген кәсіпкер Таяу Шығыстағы күрделі жағдай туризм саласына да өз әсерін тигізіп жатқанын жеткізді.

– Дегенмен, қуаныштысы күрделі жағдай басталған сәтте ол елдерде біздің туристеріміз болмады. Саяхатшыларды дер кезінде елге қайтаруға мүмкіндік туды. Ал алдын ала билет алып қойған азаматтарға қаражаттарын қайтару және бағыттарын өзгерту жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді Венера.

Туризм саласында көп жыл жұмыс істеген Венера бүгінгі күні кең таралған «авторлық турларға» аса сеніммен қарамайтынын да айтып қалды. Кәсіпкер мұндай турлардың қауіпті болуы мүмкін екенін өз тәжірибесінде де көргенін айтады.

– Қазір көп жерде авторлық турлар ұйымдастырылып жатыр. Бірақ мен оларға аса сенбеймін. Себебі оларды көбіне жеке адамдар ұйымдастырады. Кейбірінің тіпті кеңсесі де болмайды. Жүйелі жұмыс жоқ. Менің бір танысым сондай авторлық тур алған. Мен ұсынған турды қымбатсынып, басқа адамдар ұйымдастырған турды таңдаған еді. Бірақ барғаннан кейін қиындықтар туындаған. Ұшақ билеті төленбеген, қонақүйден орын алынбаған. Топтың ішінде үлкен жанжал шыққан. Соңында ол әрең дегенде өз ақшасына билет алып, елге қайтып келді. Сосын маған: «Енді бұл жаққа мүлдем бармаймын, бекер барған екенмін» деп өкініп айтты. Содан бері көптеген таныстарым басқа жақта қиындық туындаса, маған хабарласады. Бір жағынан кеңесші сияқты пайдаланады. Сонда мен оларға: «Бекер мені тыңдамадыңдар, қымбат болса да сенімді турды алған дұрыс еді» деп айтып отырамын. Авторлық турлардың тағы бір кемшілігі – көбіне арзан қонақүйлерді таңдайды. Мысалы, 20-30 мың теңгелік қонақүйлерде жатасың. Одан кейін көбіне тегін баратын жерлерді ғана көрсетеді. Автобусқа отырғызып, топтан бөлінбей жүресің. Барлығын солай ұйымдастырады. Ал кәсіби тур компаниялары туристің жайлылығына ерекше мән береді. Негізі кәсіби туристік компаниялар белгілі бір жүйе арқылы жұмыс істейді. Туризм саласында бәрі белгілі бір жүйеге негізделген. Барлығы ортақ база арқылы жұмыс істейді. Қонақүй, ұшақ билеті, трансфер – бәрі нақты жүйемен реттеледі. Ал авторлық турларда ондай тұрақты жүйе бола бермейді. Сол себепті кейде түрлі қиындықтар туындап жатады, – дейді кәсіпкер.

Көптеген адамдар шетелге алғаш рет шығудан қорқатынын Венера жақсы түсінеді. Осыған орай өз кеңесін берді.

– Негізі шетелге шығу мүлде қорқынышты емес. Көп адам ойлағандай қиындық болмайды. Мысалы, мен өзім Черногорияға жалғыз ұшып барып келдім. Ол мен үшін жаңа ел еді. Бірақ ешқандай қиындық болған жоқ. Тіпті Африкаға да жалғыз барып, көптеген жерлерін өзім аралап шықтым. Кеңес ретінде айтарым, саяхат кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек. Сондай-ақ күмәнді адамдармен таныспаңыз, белгісіз жақтарға бармаңыз. Өз қонақүйіңіздің аумағында жүрген дұрыс. Сол кезде қауіпсіз болады. Әрине, саяхат кезінде жаңа адамдармен таныспай тағы болмайды. Бірақ ол да белгілі бір қауіпсіздік аясында болғаны жөн. Менде де танысулар болды. Бірақ бәрі қонақүйдің ішінде, адамдар көп жерде өтті. Сонда өзіңді қауіпсіз сезінесің. Жалпы,саяхат кезінде қарапайым ережелерді сақтасаң, ешқандай қиындық болмайды, – дейді кәсіпкер.

Венера Алтынбекова үшін туризм тек бизнес емес. Бұл – адамдарға жаңа әсер сыйлайтын, олардың өміріне ұмытылмас сәттер қосатын ерекше сала.

– Кейде туристер сапардан кейін хабарласып, «демалысымыз керемет өтті, рақмет» деп жазады. Сол кезде еңбегіміздің ақталғанын сезінеміз. Адамдарға жақсы демалыс сыйлау – біздің басты мақсатымыз, – дейді кәсіпкер.

15 жыл ішінде жинақталған тәжірибе, жүздеген саяхат және мыңдаған туристің сенімі Венера Алтынбекова құрған «Marven tour» компаниясын бүгінгі күні сенімді туристік ұйымдардың біріне айналдырды. Ал кәсіпкердің өзі үшін бұл жол – тек бизнес емес, адамдарды жаңа әлеммен таныстыратын өмірлік миссия болып қала бермек.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар