Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекеттік қызмет еркінсуді кешірмейді

Мемлекеттік қызмет еркінсуді кешірмейді
Ашық дереккөз
Облыс әкімдігінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы Әдеп жөніндегі кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті. Онда 5 мәселе қаралды.

 Жиында алдымен агенттіктің облыстағы Әдеп жөніндегі кеңесінің өткен жылы атқарған жұмысының қорытындылары туралы кеңес төрағасының міндетін атқарушы Руслан Шарипов хабарлама жасады. Ол өз сөзінде өңірде тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша қызметіне сай емес қылық танытып, құқықбұзушылық жасағаны және әдеп нормаларын бұзғаны үшін 21 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану ұсынылғанын атап өтті.

Аталған жұмыстарды жүргізу барысында мемлекеттік қызметшілердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мәселелеріне де жіті назар аударылған. Мәселен, былтыр 7 қызметкерге қатысты тәртіптік іс тоқтатылған. Мұнан соң облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілінің 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы Елдос Бекпатшаев хабарлама жасады. Әдеп уәкілі өткен жылдың қорытындысы бойынша қарамағындағы қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін басшылардың тәртіптік жауапкершілігі мен отставкасы мәселесіне жүргізілген мониторингтің қорытындылары туралы баяндады.

Айтуынша, өткен жылы әдеп нормасын бұзу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 4 мемлекеттік қызметкер жауапқа тартылған. Мәселен, жұмыс орнында ішімдік ішкені үшін Тараз қаласы әкімі аппаратының 2 қызметкеріне, көлікті масаң күйде жүргізген Талас ауданындағы ауылдық округ маманына тәртіптік жаза қолданылған. Сондай-ақ Жамбыл ауданы, Ақбастау ауылдық округінің әкімі қарым-қатынас орнату мәдениетінің төмендігі және бейәдеп сөйлегені үшін жазаланған.

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Сандуғаш Жүзбаева 2023 жылы және 2024 жылдың өткен кезеңінде жарияланған сыни материалдарды анықтау үшін жүргізілген мониторингтің қорытындысын баяндады. Айта кетейік, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті тұрақты негізде республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде облыстағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты жарияланған сыни материалдарды анықтау үшін мониторинг жүргізеді. Өткен жылдың 12 айында мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеттеріне қатысты 57 жағымсыз жарияланым анықталыпты. Оның 42-сі жергілікті атқарушы органдардың, жетеуі құқық қорғау саласының, екеуі квазимемлекеттік ұйымдардың қызметшілеріне, қалған үшеуі сот органдары қызметкерлеріне қатысты болған.

Жағымсыз жарияланымдардың басым бөлігі, яғни 25-і лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау және әдеп нормаларын сақтамау фактілері бойынша, ал қалғандары еңбек заңнамасының талаптарын бұзу, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтар және өзге де салалар бойынша жарияланған. Жарияланған жағымсыз материалдардың нақтылығын анықтау бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде оның 32-сі расталған.

Ал 17 расталмаған ақпаратты теріске шығару бойынша жұмыстар атқарылыпты. Расталған фактілер бойынша 2 қызметкерге атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалса, 1 қызметкерге мемлекеттік қызметкерге кір келтіретін теріс қылықтарға жол бергені үшін атқаратын қызметіне сәйкес еместігі туралы тәртіптік жазалау ұсынылған. Кеңес барысында қарамағындағы қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін басшылардың тәртіптік жауапкершілігі мен отставкасы мәселесіне жүргізілген мониторингтің, сондай-ақ облыстың мемлекеттік органдарының тәртіптік комиссиялары атқарған жұмыстарға жасалған талдаудың қорытындылары қаралды. Сонымен бірге профилактикалық мәселелерді қарау нәтижесі бойынша Әдеп жөніндегі кеңес тиісті ұсынымдар енгізді.

АЙЖАН ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар