Хамит Есаман, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, "Ag jol" газетінің бас редакторы
Фәни-құбылыс
Жылайын бір өліп қалмай тұрғанда,
Адам-пенде тағдырына құрбан да.
Қажеті жоқ жаның босап жылаудың,
Дидарыңды Хаққа қарай бұрғанда.
Кеудемдегі кеңістігім тазарсын,
Көңілімнен шықсын мөлдір ғазал шын.
Шарт сынарсың шамаң келмей жылауға,
Алқымыңнан алған кезде ажал сұм.
Қарамай-ақ дүниенің мұңына,
Көз жасымнан шашылсын бір шұғыла.
Төрт тарапқа қарағанмен тірлікте,
Соңғы бағдар қасиетті құбыла.
Жанымды үгіп жалған фәни-құбылыс,
Тірліктің әр сәті қиыс, бұрылыс.
Жүрегімнің түбінде бір тамшы жас,
Оның арғы жағы түпсіз түңіліс.
Жылайын бір, жылай алмай жүрмін мен,
Қоштасатын сәт те келер бұл күнмен.
Күнәмменен, кемшілігіммен бұл менмін,
Ол болмаса күрең кейіп кіммін мен...
Жердің беті мөлдіреген моншақ кіл,
Көз жасы ол, одан өскен самсап гүл.
Жылауға бір жүрек таппай жүргенде,
Көше жақта әлдекімдер ән сап тұр...
Ғарыш
Фәни жалған, жанарынан жас тамған,
Құдіреттің қалауымен басталған.
Қара жерден бір жұмбақ күй естіліп,
Тылсым әуен төгіледі аспаннан.
Бұл тіршілік тірілердің сынағы,
Адамзаттың көкейде көп сұрағы.
Құдайдың әр құбылысы жаныңның
Өмір бойы өшпейтұғын шырағы.
Ай тұтылып, ғарышта күй боздады,
Жұлдыз ағып, жан дертімді қозғады.
Тағдыр дейтін Тәңір жазған бір кітап,
Әр пенденің өз соры бар, өз бағы...
Жалғасуда бұл жалғанның көші мың,
Бірде ашып, бірде жапқан есігін.
Жұлдыз ақты... Құдіреттің бұйрығы,
Біз білмейтін шығарды бір шешімін.
Құдай ісі адам үшін заңдылық,
Жүрегімнің іші тола жаңғырық.
Тамырдағы тылсым күйдің әуені,
Пенделерді жұбатады мәңгілік.
Қара жерден, адамзаттан алыста,
Мың оқиға болып жатыр ғарышта.
Пенде түгіл, пайғамбарға ол белгісіз,
Діл жетпейді, ар жағына барыспа...
Таусылғанша тіршіліктің таланы,
Рух тірі, кеудемізде жан әлі.
Хақ кітапқа бәрін жазған аспани,
Аршыдағы Құдіреттің қаламы.
Шалқыма
Арғымақпенен түсімде шауып келемін,
Сезілмейді екен мұнда түк қауіп дегенің.
Қауырсыным бар қолымда құс қанатынан,
Тағдырдан іздеп мен осы күн тауыпты өлеңім.
Шауып келемін тәкаппар таулардан асып,
Жолымнан жалғанда бітпес жаулар да қашып.
Жаздың жұпарлы жауынын аңсадым тағы,
Көңілімменен – бұйығы бауларға ғашық.
Әсемқоңыр ән жанымды жарып ұшады,
Жазылмай келген өлең ол –
сағыныш әні.
Толқынды бұлттар толқиды түпсізде, әне,
Көзім алдында жұлдыздар шағылысады.
Қызыл Ай көкте баяулап жүзіп барады,
Сәулелі жұлдыз шеруін тізіп болады.
Жауқазын гүлді құшақтап қара жердегі,
Бұла бойжеткен жанарын үзіп қарады.
Арғымағымның тұяғынан от өріледі,
Қызықтырмайды жалғанның жетегі мені.
Қауырсынымды аспанға сілтеген сәтте,
Қобыз сарыны тылсымнан көтеріледі.
Түсімде жүрмін тұңғиық ғаламды кешіп,
Жанымдағы әрбір жасыннан жамандық өшіп.
Жылатады екен ақынды аспан дегенің,
Жұбатса егер жердегі адамды бесік.
Шалқыдым солай жалғанды жетегімде деп,
Өмірден енді өлең боп өтемін, демек.
Бұйра бұлттарға жеткенде тізгінді тарттым,
Бұлттарға жетсем...
Шарт сынып кетемін бе деп...
Құбылыс
Фәни дүние, дидарыңа көз салдым,
Өткен күндер өлі сәт боп байқалмай.
Бозаң қырда бұйығады боз шалғын,
Адамдарға әлденені айта алмай.
Шексіздікте күн өртеніп барады,
Ай жанады...бұл жүректі шалған мұң.
Жер бетінде жапырақтар жаралы,
Тұрған өксіп жанарында жалғанның.
Уақыттан да жүйрік жұлдыз ағады,
Көз жасымнан тыныш бірақ ол менің.
Шерге толса қызыл гүлдің сағағы,
Ал мен оның шуағына шөлдедім.
Құбылыстан Құдайды іздеп шарқ ұрдым,
Көз жетпейтін шексіздік пен шыңырау.
Жүрегіме жиналыпты бар кірбің,
Сен не деген беймаза едің ғұмыр-ау.
Сен не деген құпия едің құбылыс,
Бәлкім, сенің толқыныңда өлгенмін.
Маған бәрін көрсетеді ұлы күш,
Бірақ оны түсіне алмай сенделдім.
Талай іздеп тылсым ойдың бұлағын,
Жан дейтін бұл жанып түскен жапырақ.
Еңіреп кеп етегіңе құладым,
Жайлы мекен жалғыз уыс топырақ.
Қалам
Жапырақтар үзіледі бұтақтан,
Тылсым ойда тебірентіп ғаламды.
Әсем өлең жоғалады кітаптан,
Күнәһар қып ақын менен қаламды.
Заманалар салқынымен өше ме,
Ақ қағазға берген серті қаламның.
Естелік боп елес қалды көшеде,
Жалқы күйі секілденіп даламның.
Жаздың жұпар жаңбыры ылғи жауады,
Тамшысында тіршіліктің тәтті әні.
Ақ өлеңге тиеді оның сауабы,
Қырмызы гүл бүр ашқандай бақтағы.
Ұмытылып бір кездегі әдемі ән,
Кеңістікке тұрар көркін сүйгізіп.
Естелікпен сырласады және адам,
Ғасырларды кеудесіне сыйғызып.
Өткен күндер өксиді ылғи өлеңде,
Өңіріне мұңнан тұмар тағынып.
Мен де жалғыз жүрмін енді әлемде,
Өзім білмейтін нәрсені сағынып...
Ғалам
Бұл ғалам біртүрлі... дегенмен,
Мұнда да табылар керегім.
Ешқашан жазбаған өлеңмен,
Әлемді мен айтып беремін.
Бұл әлем бейтаныс адамға,
Болмайды қиялмен кезбесе.
Тәңірдің нұры бар қаламда,
Дүние сөйлейді өзгеше.
Он сегіз мың ғалам тылсымы,
Адамның құпия өзегі.
Мендегі жүректің дүрсілі,
Әлемді басқаша сезеді.
Бәлкім, мен өмірге келмедім,
Болар бұл бір елес күндегі.
Ал мүмкін, ешқашан өлмедім,
Бәрі де түс шығар түндегі.
Жазбаған шығармын ештеңе,
Айтпаған болармын әлдене.
Мұңайып батады кеш неге,
Күрсініп атады таң неге,
Білмеймін...
* * *
Жан сынды жаралғалы жұмақта өскен,
Күндер-ай, қыратта аунап, бұлақ кешкен.
Бұл күнде беймаза боп дүние тұр,
Аспаннан күрең бұлттар жылап көшкен.
Дидарында діріл бар дүрмек ғалам,
Қарайды екен бүгінде ол кім деп маған?!.
Тәңірімнің тылсымын тасқа қашап,
Тағдырымның өтінде дірдек қағам.
Ғазалымда күрсініп ғапыл-жалған,
Мен жетпеген арманнан ақымды алған.
Жырға ғашық көңілім нұрды аңсады,
Бәрібір бітпейді екен ақында арман.
Жалғыз жүрек жай буып алқынады,
Белгісіз бір сәулеге талпынады.
Жаратқанның нұры ма ол, кім біледі,
Кез болса мүмкін соған шалқымағы.
Көз алдымда бұлқынған бозғылт әлем,
Сол әлемде ән салған мәз бұлан ем.
Жанымды жұмақта да тербетсін деп,
Жалғанның маңдайына жаздым өлең.
Тағдырыма осы өлең басылады,
Тірлікте таусылмаған ғашық әні.
Көңілде енді алтын күн білтедей боп,
Көздерімнен күміс түн шашылады.
Кертолғау
Көрем ылғи қабірлерді қазылған,
Қарсы алдымда беймәлім сөз жазылған.
Арманым тұр аласапыран күй кешіп,
Күңіренген кеудемдегі сазымнан.
Арпалысып тексіздік пен тектілік,
Көңілдерде көп күмән да, көп күдік.
Қайғысы мол қара жердің үстінде,
Қадам сайын кездеседі топ құдық.
Айнала ұшып қарғалар да қарқылдап,
Сайтандардың от көздері жарқылдап.
Періштенің жанарынан жас тамып,
Күңіреніп аспан дейтін алтын бақ.
Қашып келем қаңғыған көп сөздерден,
Бәрі солай... ештеңе жоқ өзгерген.
Түн ұйқымда жаным шошып кетеді,
Құлпытаста жылап тұрған көздерден.
Қабір қазар күрек те көп, қол да көп,
Жүретұғын соқпақ та көп, жол да көп.
Бұл фәниде құбылыс көп не түрлі,
Тек... Алла жоқ...
Қалам мен қобыз
Қаламда дүниенің тұнды азабы,
Жанында меймілдеп тұр мұң ғазалы.
Қанаты талған күйде жалғызсырап,
Қарсы алады тағы бір түнді азалы.
Қара түнде тұрады шырағы өшпей,
Жаны тағы тыншымас тұма кешпей.
Баяғы тұнық шақты сағынады ол,
Енді қайта оралмас бұла кештей.
Қобыз үні қақ жарып қара түнді,
Қара аспаннан ақ жұлдыз ағатын-ды.
Құбылысқа бұл қайран боп отырамын,
Ұша алмай, қомдап бірақ қанатымды.
Дүние ыңғай бермес тартысқанға,
Тамырыңда шер толқып зар қысқанда.
Бұл ғалам кері айналып кететіндей,
Қалам мен қобыз рухы шарпысқанда.
Құдай берген әуелі қаламға серт,
Сол күйдің құдіретін ғаламға шерт.
Қос шырақ көкіректе қатар жанса,
Жаныңның жазирасын ала алмас өрт.
Тәңірдің жерге түскен нұрлы аяны,
Топыраққа сіңірген жырды аялы.
Шерлі күй болмысында тұнып қалған,
Бұл мәңгі дүниенің бір баяны...
* * *
Үрікті екен көңілдің құсы неден,
Осы ма Абылайдың түсі деген?!.
Күрсініп тұрғандай ма дала бүгін,
Төсінде тұлпарлары кісінеген.
Бір кезде салған далам құлан ойнақ,
Бауырыңда тұр ма енді жылан ойнап.
Аспаннан жұлдыз аққан сол бір түні,
Үлгердім көңіліме күмән ойлап.
Ен далам қасиетті, қыран ұшқан,
Бұл жалған тұрмайды ылғи жылы ағыстан.
Ту сыртымда сайтаным сайран салып,
Естіліп періштенің үні алыстан.
Төбемде қарқылдайды ұсақ қарға,
Тербеліп жылы-жылы құшақтарда.
Өз-өзіммен алысқан өлмелі өмір,
Ұшқандай ма бақыттың құсы ақ таңда.
Пайғамбар іздеп жүрміз, пенде қалып,
Ол табылмай, күн кешкен ел де налып.
Тағдырдың түсін танып, иығыма
Келемін бақ пен сорды теңдеп алып.
Бақ пен сор қай қиырда қалдырады,
Тұңғиық ой көңілді таң қылады.
Жалғыз күй жүрегіме жай түсіріп,
Жалқы мұң кеудемді енді жандырады.
Естен кетпес элегия
Даланы кезсем мола көремін,
Айналам қабір қаптаған.
Дерттенген күйде қала беремін,
Дауасын мәңгі таппаған.
Дүние бізді сынап тұр әлі,
Жүректі қайғы кернейді.
Бейіттер үнсіз жылап тұрады,
Адамдар оны көрмейді.
Аруақтар кейде түсіме енеді,
Мұңға малшынып ғазалым.
Жылқының бейуақ кісінегені,
Сезгендей қабір азабын.
Сүрте ме жалған тамған жасымды,
Теңселіп Күн де, шайқалды Ай.
Өлілер мәңгі арманда сынды,
Тіріге сөзін айта алмай.
Тағдырды Тәңір таңбалап айтар,
Пендеге сыйлап жалқы үміт.
Адамның бәрі Аллаға қайтар,
Шарқ ұрып жаны, алқынып.
Кімнің кім қазір сырын ұғады,
Тұрса да жылап үркер мұң.
Өзімен әуре тірінің бәрі,
Өлінің жасын сүртер кім?!.
Бетімен жердің от өрілгенде,
Сөнгенде күннің жарығы.
Қабірден бәрі көтерілгенде,
Жебеушің жалғыз Тәңірі...
Сайтан өлтіру
Бағзы кезден болмысымды жайлаған,
Ей, сайтаным, жүрегімді байлаған.
Тағдыр кешіп, тоз-тоз болған пендені,
Топ-тобымен тозақ жаққа айдаған.
Біз екеуміз отыз бес жыл дос болдық,
Күнәлі істі қызық санап, қош көрдік.
Сүйеніп ап бірімізге-біріміз,
Түгіміз жоқ, осы күнге бос келдік.
Әлі тұрмыз құшағымыз айқасып,
Көзімізде күллі ғалам шайқасып.
Мен күнәмнан қашқым келген кездерде,
Басқа әлемді жібересің қайта ашып.
Алпыс екі тамырымды жайлаған,
Ей, сайтаным, жанарымды байлаған.
Өз-өзімнен қашып жүрген кезімде,
Құтылмадым сен жасаған айладан.
Екеуміздің ес-дертіміз желік құр,
Алшаңдаймыз осы кімге сеніп бір.
Таңда құтылдым ба деп ем... о, тоба,
Сол сайтаным кешке тағы келіп тұр.
Ал сайтаным, бүгін бірақ құрбансың,
Жылдар бойы тамырымда тұрғансың.
Аластайын аруағыммен, өліп кет,
Жүрегіме жарық түсіп, нұрлансын.
Сөзімнен өш, көш сайтаным көзімнен,
Бейбақ болғам болмысынан безінген.
Өзегімнен у ақтарып, нұр құйып,
Мен Құдайды іздеп кеттім өзімнен...
Хамит Есаман
Келесі мақала