Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Байланыс операторыңызға көңіліңіз тола ма?

Байланыс операторыңызға көңіліңіз тола ма?
Автор
Қазіргі заманда интернетсіз өмір сүру мүмкін емес. Алайда еліміздегі байланыс операторларының тарифтері шынымен қолжетімді ме? Ауылдағы ағайынды айтпағанда, қалалықтардың арасында да интернеттің игілігін толыққанды көре алмай жүргендер бар. Желі қолданушыларының сөзінше, интернеттің сапасы жүктемені көтермейді, төлегенің өтелмейді. Сөйте тұра бағаны аспандата беретін компанияларға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа бар ма өзі? Қоғамды толғандырған негізгі сұрақ та осы.

Қазақстандағы ұялы байланыс нарығында Beeline, Tele2, Kcell/Activ және Altel секілді негізгі операторлар қызмет көрсетеді. Олардың әрқайсысы абоненттеріне түрлі тарифтік жоспар ұсынады. Ең төменгі тарифтер шамамен 2 500-3 000 теңгеден басталса, ең қымбат пакеттер 10 000 теңгеге дейін жетеді. Мәселен, Beeline компаниясының тарифтері 2 890 теңгеден басталып, 9 990 теңгеге дейін барады. Tele2 көбіне орта жастағы тұтынушыларына ыңғайлы тарифтер ұсынып, бағасы шамамен 3 000-8 000 теңге аралығында. Ал Kcell/Activ сапалы байланысымен және корпоративтік қызметтерімен ерекшеленеді, бірақ бағасы да қымбатырақ – 3 500 теңгеден 10 000 теңгеге дейін. Altel өз кезегінде 4G интернетімен танымал, тарифтері 3 000-8 500 теңге шамасында, дегенмен қамту аймағы әлі де шектеулі.

Сондай-ақ, соңғы жылдары нарықта «отбасылық тарифтер» де жиі қолданыла бастады. Бұл пакеттерде бір негізгі нөмірге бірнеше қосымша нөмір тіркеліп, интернет пен қоңырауларды ортақ пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай топтамалардың бағасы 6 000-12 000 теңге шамасында. Бір қарағанда бұл отбасы мүшелеріне тиімді көрінгенімен, жалпы тарифтердің қымбаттауы бәрібір халықтың қалтасына салмақ түсіріп отыр.

Жалпы елімізде алғашқы ұялы байланыс қызметтері 1990 жылдары пайда болғанда, олардың бағасы өте қымбат еді. Ай сайынғы төлем бірнеше ондаған долларды құрап, қарапайым халық үшін қолжетімсіз болды. Қазіргі тарифтер сол кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді болғанымен, соңғы 3-4 жыл ішінде баға орта есеппен 20-30 пайызға өсті. Бұған инфляция ғана емес, жаңа технологияларға – 5G желісін дамытуға, ауылдық аймақтарды интернетпен қамтуға және байланыс сапасын арттыруға кететін шығындар әсер етіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, алдағы жылдары тарифтердің бағасы тағы да көтерілуі мүмкін.

Сонымен қатар байланыс сапасына қатысты шағым да аз емес. Жуырда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 2027 жылдың соңына дейін шамамен 3000 ауылды мобильді интернетпен қамту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл жоспар жүзеге асса, ауылдық аймақтардағы байланыс сапасы біршама жақсаруы мүмкін.

Қалай десек те бағаның өсуі ел арасында наразылық туғызып отырғаны рас. Өйткені интернет бүгінгі күні тек ойын-сауық құралы емес. Ол – қашықтан оқу, онлайн жұмыс істеу, мемлекеттік қызмет алу үшін аса маңызды ресурс. Сондықтан тарифтердің қымбаттауы әлеуметтік теңсіздікті де күшейтуі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан әлеуметтік топтарға – студенттерге, көпбалалы отбасыларға және ауыл тұрғындарына арнайы жеңілдікті тарифтер енгізу тиімді болар еді. Сонымен қатар нарықтағы бәсекені арттыру да бағаны тұрақтандыратын негізгі факторлардың бірі.

Тарифтердің қолжетімділігі – елдің ақпараттық теңдігі мен болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Ендеше басты сұрақ мынада: технология дамыған сайын бағасы да қымбаттай беретін байланыс операторларына үнсіз көндіге береміз бе, әлде әділ әрі қолжетімді тариф үшін нақты шешім қабылдайтын уақыт келді ме?

Алмат АБИРОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз

университетінің 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар