Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр
Ашық дереккөз
Бүгінде зорлық-зомбылық, әлдінің әлсізге күш көрсетуі қоғамды алаңдатарлықтай өзекті мәселеге айналып отыр. Негізінен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбіне әйелдер мен балалар ұшырайтыны белгілі. Сол үшін 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап полиция отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтарды декларативті тіркеуден детективтік тіркеуге көшті.

Заң қатайтылуда

Отбасында жеңіл-желпі ұрыс-керіс туындап, полиция қызметкерлеріне шақырту түссе, әйелі қанша жерден райынан қайтса да мәселе сотта қаралады. Дұрысын айтқанда, әйеліне ерін сотта ғана кешіруге мүмкіндік беріліп, ерлі-зайыпты сот алдында татуласты деп танылады. Мұндай кеңшілікке әлімжеттік көрсетуші бір-ақ мәрте ие болады. Үйдегі жанжал бойынша полиция шақырту тағы қайталанса, әлімжеттік жасаған немесе әйеліне әкіреңдеген еркекке сот тиісті жаза тағайындайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың аяғы қылмысқа ұласатынын ескерсек, өңірімізде бұрнағы жылы 38 факті тіркеліпті. Былтыр 47 қылмыс анықталған екен. Жалпы аталған қылмыстық көрсеткіш 23,7 пайызға артқан. «Үйдегі дау-жанжал сыртқа шықпасын, түбі бір түсінісіп өмір сүріп кетерміз» деген сеніммен өмір сүретін әйелдер қоғамда көп. Ал олардың кейбірінің тағдыры қайғылы оқиғамен аяқталуда. Сол үшін де мұндай қылмысты әйелдердің шағымынсыз, полиция қызметкерлерінің өздері анықтауға мүдделі. 2022 жылға қарағанда былтыр отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты деректің өсуі облыстағы полиция қызметкерлерінің отбасында құқықбұзушылықтардың болуына ықпал ететін себептер мен мән-жайларды анықтауға айрықша ден қойғанын көрсетеді. Өткен жылы құқық қорғау қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңының 73-бабы бойынша заңсыз әрекеттері үшін 1 670 азаматты жазаға тартқан екен. Аталған Заңның 461-бабы (қорғау тәртібін бұзу) бойынша 160 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 74-і әкімшілік қамауға алынған. Сот белгілеген мінез-құлыққа қатысты ерекше талаптарды орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңының 669-бабы бойынша 98 адамға әкімшілік жаза тағайындалыпты. Отбасындағы ер-азаматтың әйеліне күш көрсетуі және басқа да себептер бойынша дағдарыс орталықтарына 165 баласы бар 68 әйел орналастырылған. «Аналар үйіне» 23 баласы бар 23 әйел жіберілген. Жақында облыстың бір тұрғыны мас күйінде әйелі мен төрт баласын үйінен қуып шыққаны жайлы республика көлемінде ақпарат тараған болатын. Әлгі еркектің бала-шағасы, амал жоқ, дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр болған. Бұл туралы Ішкі Істер министрлігінің апталық брифингінде министрліктің Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ақмарал Серікбаева мәлімдеген еді. Өз сөзінде А.Серікбаева: «Жамбыл облысында мас күйеуі жанжал шығарып, әйелін төрт баласымен бірге үйден қуып жіберген. Балалары бар әйел дағдарыс орталығына орналастырылды, ал «агрессор» 15 тәулікке қамауға алынды», – деді. Ішкі істер министрлігі 15-26 қаңтар аралығында Қазақстан бойынша «Тұрмыс» профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырған. Қазақстанның түкпір-түкпірінде полиция тұрмыстық жанжалдар туралы 4 мыңнан астам хабарлама алған. Оның 1,5 мыңын полиция қызметкерлері өздері үйлерді аралау барысында анықтаған. Іс жүзінде агрессорлардың барлығы немесе 95 пайызы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Біздің облыстың аты жаман жағынан маңайға танылуына түрткі болған оқиғаға себепкер болған адамды анықтау «Тұрмыс» профилактикалық іс-шара барысында полиция қызметкерлерінің жемісті жұмыс істеуінің нәтижесі екені анық.

Орталықтың тәртібін бұзатындар да бар

Бұл қоғамда отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық толастамай тұр деген сөз. Бұған облыстық зорлық-зомбылық құрбандарына əлеуметтік көмек көрсету орталығына барғандар көз жеткізе түседі. Орталықта өткен жылдың 12 айы бойынша әлеуметтік көмек көрсетілген қызмет алушылар саны 160-қа жетсе, оның ішінде 42-і әйел, қалғаны балалар. Қызмет алушылардың 155-і бүгінде өз жөндерімен кеткен, әйтсе де олардың тұрмыс-тіршілігі бақылауда көрінеді. Оның ішінде 144 азамат (40 әйел, 104 бала) жәбір көрушілерге пана болған орталықтан өз еркімен шыққан. – Орталықтың ішкі тәртіп ережесін бұзатын қызмет алушылар да бар. Мәселен, жыл ішінде 3 әйел, 8 бала тәртіп бұзды. 16 әйел, 45 бала отбасымен табысты. Комиссия отырысына дейін шыққан қызмет алушылар саны – 19. Біз отбасынан ажырасып, өз бетінше күн көруді қалағандарды жұмысқа да орналастырамыз. Олардың саны – бесеу. Уақытша «Үміт» балалар үйіне 3 бала орналасты.

Тараз қаласындағы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы №10 орта мектепке 24 бала ауысты. 134 тұрғын орталықтың сенім телефоны арқылы хабарласып, көмек сұрады. Жалпы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 21 желтоқсандағы №1079 бұйрығымен бекітілген «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету» стандартымен 8 бағыт бойынша қызмет алушылар жыл ішінде қажетті қызмет түрін алды. 2023 жылы 1 шілдедегі «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №263 Бұйрығының 6-қосымшасы негізіндегі стандарт басшылыққа алынды.

Осы арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары ретінде әлеуметтік көмек көрсету орталығына түскен әйелдерге тұрмыстық, эмоциялық зорлық-зомбылықтың немесе зорлық-зомбылық салдарынан қиын жағдайға тап болған қызмет алушыларға орталық мамандарының кеңесі берілді. Олар уақытша баспанамен қамтамасыз етілді (6 ай мерзімге дейін). Қызмет алушылардың оңалуына және әлеуметтік бейімделуіне көмек көрсетілді. Қазір де орталықтағы қызмет алушыларға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық және құқықтық кеңестер талапқа сай көрсетілуде, – дейді орталықтың әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Салтанат Жүнісова.

Мұнда әлеуметтік-тұрмыстық сала бойынша 160 қызмет алушыны төсек жабдығымен, киіммен және ең қажетті заттармен қамтамасыз ете отырып, тиісті төсек-орын ұсынылған. Қызмет алушы 42 әйелге өзіне-өзі және балаларына қызмет көрсету үшін толық жағдай жасалған. Отбасында жәбір көріп, көңілі жарым болған орталықты паналаушылар үшін қайырымдылық шаралары да ұйымдастырылып тұрады екен. – Тараз қаласындағы «AVON» компаниясы орталығымызда жатқан қызмет алушы әйелдерге қайырымдылық ретінде жазғы көйлектермен, Әл-Фараби атындағы орта мектеп оқушылары келіп, балаларға ойыншықтар мен оқуға керекті заттар алып берді. «Siemens_taraz» мамандары есту құрылғыларымен диагностика жүргізіп, тиісті адамға есту аппаратының қай түрі сай келетіндігін таңдап беруге көмек көрсетті. Орталығымыздың басшысы Жамал Қалыбекова мен бірқатар қызметкер іскер әйелдер қауымдастығының көмегімен Л.Шериповаға есту аппаратын алып берді. «Анаға тағзым» орталығы басшысы Элмира Мырза-Ғали бастаған бет, тырнақ әрлеу шеберлері біздің мекемеге келіп, өз қызметтерін тегін ұсыну арқылы әйелдердің сұлу да сымбатты болуына үлкен үлес қосты. Сондай-ақ «Жас қанаттар» қайырымдылық қоры балаларды ойын-сауық орталығына апарып ойнатып, «ЮША» аяқкиім дүкенінен әр балаға аяқкиім сатып әперді. «Safiya_beauty_zone» сұлулық салоны, «@hela_laura» әйелдер киім-кешек дүкені әр қызмет алушыға киімдер берді, – дейді Салтанат Сарсембіқызы.

Кеңес беру кабинеттерінің жұмысы жүйелі

Осы орталықтың бүгінде бірқатар ауданда кеңес беру кабинеттері жұмыс істейді. Сол арқылы да аталған орталықты паналап жатқан аналар мен балалар аз емес. Мәселен, Байзақ ауданындағы зорлық-зомбылыққа душар болған жандарға психологиялық көмек көрсетумен айналысатын кабинет былтыр, яғни 2023 жылы 1 сәуір айынан бастап ашылған еді. Мұнда да ауданда отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандарға мамандар психологиялық және әлеуметтік көмек көрсете отырып, маңызды кеңес беретін болғандықтан осы облыстық зорлық-зомбылық құрбандарына əлеуметтік көмек көрсету орталығының Байзақ аудандық кеңес беру кабинетінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Әлия Жұмағұлованы сөзге тартқан едік.Ол бүгінде зорлық-зомбылық өрши түскенін, отбасында әлімжеттік жасаушылар айылын жимай жатқанын айтады. – Бұл бұрыннан бар көлеңкелі құбылыс. Қай кезде де қоғамның мінсіз болмағаны белгілі. Біздің қоғам да солай, әлімжеттіктен арыла алмай келеді. Отбасы-ошақ қасындағы кикілжіңнің арты күш қолдануға ұласса, ол «тұрмыстық зорлық-зомбылық» деп аталады. Өкініштісі, көп жағдайда зорлық-зомбылықтың құрбандығына нәзікжандылар мен балалар ұшырап жатады. Өйткені әйел – әлсіз, бала – қорғансыз. Зорлық-зомбылық құқықтық заңда «Бір адамның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын және психикалық ықпал жасауы» деген түсінік берілген.

 

Тән азабын шектірген зорлық адамның ағзасына тікелей әсер етеді. Бұл ұрып-соғу, денесіне зақым келтіру және тағы басқа жағдайлар. Тән азабын шектірген зорлықтың салдарынан жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірілуі мүмкін. Жан азабын шектіретін зорлыққа толық анықтама берсек, ол – жәбірленушінің қарсылық көрсетуіне, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауына деген ерік-жігерін жасыту, қорқыту, адамның психикасына әсер ету. Жан азабын шектірген зорлық жүйке ауруына немесе тіпті жан ауруына да ұшыратуы мүмкін. Елімізде соңғы жылдары өмірдің қиын жағдайларына, яғни өз күйеулерінен жәбір көрген нәзікжандыларға уақытша паналауға арналған орталықтар саны көбеюде. 2014 жылдан бері «Облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызмет көрсететіні белгілі. Ол жерде 8 бағыт бойынша көмек көрсетіледі. Онда психолог, социолог, заңгер секілді тағы да басқа мамандар кеңес береді. Бізден кеңес сұрап келген тұрғынның жағдайы ауыр, отбасындағы мәселе түйткілді болса, біз оларды осы орталыққа жіберуге тырысамыз, – дейді Әлия Қызырәліқызы.

Аталған ауданда өткен жылы 94 қызмет алушы әлеуметтік-психологиялық көмек беру кабинетіне келіп, олардың барлығына әлеуметтік және психологиялық көмектер берілген екен. Сенім телефонына 86 қызмет алушы қоңырау шалыпты. – Байзақ ауданы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 5 әйел 12 баласымен Тараз қаласындағы дағдарыс орталығына қабылданып, қажетті көмек алды. Әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның алдында тұрған қатер.

Қоршаған ортада болып жатқан мән-жайларға бейжай қарамай құқықбұзушылықпен, зорлық-зомбылыққа қарсы күресу – әрбір азаматтың өз ар-ұяты алдындағы борышы. Осыған байланысты жақында біздің кеңес беру кабинетінің мамандары аудандағы білім, медицина, құқық қорғау саласының мамандарымен кездесу өткізді. Кездесулердің мақсаты – тұрмыста қиыншылық көріп, отбасында ауыр жағдайға ұшыраған адамдарды анықтау және олармен жүйелі жұмыстар жүргізу.

«Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында өрбіген іс-шараға отбасы мәселелерімен айналысатын Байзақ аудандық полиция бөлімшесі жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Жанбала Юсупова, аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Шырын Капарова, Сарыкемер ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Шамшия Жұмабаева және тағы басқа үкіметтік емес ұйым өкілдері де атсалысуда.

Егер кімде-кім отбасында қиын жағдайға тап болып, қатыгездік көрген болса, психологиялық күйзеліске ұшыраса, өзімен бірге балаларының өмірі үшін нақты шешім қабылдауы қажет. Отбасындағы келеңсіз жағдайдан барар жері болмаса, Байзақ аудандық әлеуметтік-психологиялық кеңес беру кабинетіне хабарласқаны жөн. Оларға біз арнайы көмек қолын созамыз, – дейді аталған кеңес беру кабинетінің психологі Айгерім Усербаева.

 

Деректер құпия сақталады

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету орталығының Меркі аудандық кеңес беру кабинеті әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Жанерке Нұрманованың да тақырыпқа қатысты айтары бар. – Біздің кабинет облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына қарайды. Жұмысымыз «Әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеліп соққан қатыгездікке тап болған адамдарға, қатыгездік пен зорлық-зомбылық қаупі салдарынан өмірлік қиын жағдайда» деп танылған әйелдер мен балаларға психологиялық бейімдеу сатысынан өткізу мақсатында көмектер көрсетумен тікелей байланысты. Осы мақсатта аталған кабинет 2020 жылдың ақпан айынан бері жұмыс атқарып келе жатыр. 2023 жылы 63 әйел балаларымен бірге біздің кабинеттен кеңес алды.

Сенім телефоны арқылы 95 қоңырау шалынып, оларға да консультация берілді. Кеңес алуға келгендердің арасында отбасылық жанжалдар шаршатқаны, күйеуінің күш қолданып, ұрып-соғуынан жабыққандары жетерлік. Оның арасында кейбірі балалардың тағдырына алаңдап, басынан қасіретті жағдай өтіп жатқанын бүгіп қалғысы келеді. Десе де біздің мамандар олармен әңгімелесу арқылы мәселенің түп-төркінін анықтап, кейбірінің өмірге деген көзқарасын өзгертуде.Алайда кабинетке келіп, кеңес алған отбасылардың ішкі мәселесі толық құпия сақталатындықтан бұл жайында тереңірек сөз қозғау жөн емес. Әлеуметтік және психологиялық кеңес беру кабинетінің мекенжайы Меркі ауданы, Жамбыл ауылы, Исмайлова көшесі, 157-үй. Қабылдау күні мен уақыты дүйсенбі-жұма күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін. Біздің сенім телефонымыз – 8 (726-32) 2-10-98. Обасында қиындыққа ұшыраған әйелдер болса, бізден келіп кеңес алуына болады, – деді ол.

 

Осы мекеменің психологі Әсет Ширинхан Меркі ауданы жергілікті полиция қызметкерлері, орталық аурухана, білім бөлімі, татуластыру орталығы және тағы басқа мекемелермен бірлесе қызмет алушыларға психологиялық-әлеуметтік көмек көрсетіліп, профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатқанын сөз етті. – Қазіргі таңда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан зардап шеккендер саны күн санап артып келеді. Келеңсіз жағдайларға қоғамның әлсіз топтары ұшырап жатады. Көп жағдайда адамның есірткі тұтынуы, алькогольді ішімдік ішуі салдарынан отбасындағы адамдарға сыйламаушылық пейіл танытып жатады. Күш көрсету зорлық-зомбылығымен қатар, психологиялық, қаржылық және басқа да зорлық-зомбылық түрлерін көрсетіп жатады. Заңның басым бөлігі отбасын қолдау және сақтау болғандықтан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған әрбір адам заң аясында қорғауда болады. Сондықтан әйелдер маскүнем, нашақор немесе есерсоқ күйеуінен бір жері майып болмас үшін мәселені заң арқылы шешкені дұрыс, – деді Әсет Нұржанқызы.

 

Кез келген жәбір көрушіге көмек көрсетіледі

Ана мен баланың құқығын қорғау, олардың әлеуметтік және денсаулық жағдайын жақсарту тұрғысында Т.Рысқұлов ауданындағы зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметттік көмек көрсету кабинеті де өз жұмысын жүйелі жүргізуде. Мұнда 91 әйел балаларымен бірге келіп кеңес алса, сенім телефоны арқылы 81 қоңырау шалушыға кеңес берілген. «Қызыл Ай» қоғамымен бірлесе отырып 65 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетіліпті. – Қазақ қызының басты арманы – сүйікті жар, бақытты ана, үлгілі келін атану. Қазақ отбасында ең ардақты жан ретінде анаға баса көңіл бөліп, жалпы әйел затына, оның ішінде қыз балаға ерекше мейіріммен қарап және айрықша құрмет көрсеткен.

Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне баса мән берген. Қыз баланың тәрбиесіне анасы, ұл тәрбиесіне әкесі жауапты болған. «Қызға қырық үйден тыйым» деп қыз баланы болашақ ана ретінде сыпайылыққа, ізгілікке, инабаттылық пен ибалылыққа тәрбиелеп, жатжұрттық ретінде сыйлап, құрметтеумен қатар, ақыл кеңесін айтып отырған. Ана тілімізде «қыз» деген сөз бар. Ол қасиетті әрі құрметті сөз. Қасиетті болатыны – бүкіл адамзат әйелден тарайды. Қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана – әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Қазақ халқы «Қыз баланың қадір-қасиеті мен қылығы ұлттың ұлылығын танытады» деп, халықтық болмыспен астастырған. Сондықтан қыздың тәрбиесіне ерекше мән беріп, сол тәрбиені қалыптастырудың жолына барлық жақсылықтарды топтастырған. Қыз баланы тәрбиелеу, өсіру, бойжеткізу ең маңызды мәселе. Қыз өсіру гүл өсірумен бірдей. Гүлге әлсін-әлсін су құйып, ауа жеткізіп, арамшөптерден тазартып отыру керек. Мұндай тиянақты күтім болмаса, әрине, гүл солып қалады. Қыз да сондай жаратылыс. Оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге беру маңызды мәселе болып саналады. Әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіруге бар күшін салады.

Әр қыз отбасының тәрбиесінен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат қағады. Мұны сөз етіп отырған себебім, кейде отбасылық жанжал әйел тарапынан да болып жатады. Ал саналы әйел отбасылық дауды ушықтырмайды. Сонымен қатар әр ер-азамат шаңырақ құрарда ойлануы керек. Әйеліне жәбір көрсетпес бұрын өзінің анасы, қарындасы, қызы секілді ет жақындарын есіне алуы қажет. Өйткені әйелі де біреудің мәпелеп өсірген қызы, балаларының анасы, – дейді аталған кеңес беру кабинетінің психолог маманы Жансая Амантай.

Ал əлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Айгүл Қожаберген ажырасу сатысындағы отбасыны жарға итере салмай, оларға дұрыс көмек беру, қоғам мен отбасыға əлеуметтендіріп, қайта қосылуына ықпал ету, баланы жетім қалдырмау, ананы қаңғыртпау басты мәселе екенін атап өтті. – Біздің кеңес беру кабинетінің қызмет алушылары мектеп оқушылары, колледж студентері, орталық ұйымдары мен жеке ұйымдар арасында әдеби, мәдени, рухани іс-шаралар ұйымдастырып тұрады.

Мәселен, А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің 10-сынып оқушыларының қатысуымен «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Ш.Уалиханов атындағы шағын орталықты орта мектебінде «Отбасымда зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. «Бақытты ана – бақытты бала» фестивалінің де берері мол болды. Жұртшылық арасында аудандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік, психологиялық кеңес беру кабинеті туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Т.Рысқұлов ауданы тұрғындарымен «БАҚ арқылы дағдарыс орталықтары мен консультативтік қабинеттердің жұмысын халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу» тақырыбында кездесу өтті.

Жадынамалар мен визиткалық карточкалар таратылды. Құлан ауылындағы сауда орталықтарында, қоғамдық орындарда, көшелерде хабарламалар ілініп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, визиткалар таратылды. Республикалық «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» атты акция аясында аудан жастарымен «Отбасылық құндылық – тәрбие бастауы» тақырыбында ашық әңгіме алаңы, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің отбасылы студенттері арасында «Зорлық-зомбылықсыз отбасы – бақыт мекені» тақырыбында семинар өткізілді.

Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің педагогтары мен ата-аналары үшін «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы педагогтың алатын орны!» тақырыбында семинар-тренинг, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету – әрбіріміздің міндетіміз!» тақырыбында аудандық емхана мейірбикелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Бақытты отбасы болайық» тақырыбында Абай ауылы тұрғындары үшін кездесу, «Біз, Т.Рысқұлов ауданы зорлық-зомбылыққа қарсымыз» тақырыбында аудан тұрғындарымен жүздесу өтті.

Тағы бір айта кетер маңызды жайт, біздің мақсатымыз – қатігездік пен тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі салдарынан өмірлік қиын жағдайда жүрген, аудан көлеміндегі жəне елді мекендердегі аналар мен балаларға арнаулы əлеуметтік қызметтер көрсете отырып, қолдау жəне кеңес беру. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленбесе, Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарынан жеке тұлғаларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, оның ішінде түрлі себептерге байланысты жеке басын куəландыратын құжаттары жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға көмек беру қызмет түрлері көрсетіледі, – дейді Айгүл Алдабергенқызы.

Мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты бағыты – халыққа, оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жағдай жасау, оларға қолдау көрсету. Сондықтан қоғамда қорғансыз қалған ана мен балаға қамқорлық таныту күн тәртібінен түспейді. Бұл тұрғыда қоғамда жүйелі жұмыстар жүргізу ісі жүйелі жолға қойылған. Өңірімізде қиын жағдайға тап болған ана мен баланы қамқорлыққа алу, оларға қолдау көрсету арнайы мекемелер арқылы алдағы уақытта да жүзеге асырыла береді.

НҰРЫМ СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар