Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алғыс арқалаған аға сержант

Алғыс арқалаған аға сержант
Автор
Елімізде әскери борышын атқара жүріп, спортты да өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған азаматтар аз емес. Ерлік пен ептілікті, тәртіп пен төзімділікті ұштастыра білген сондай азаматтардың бірі – Амангелді Тойпаев.

Амангелді Шаймаханбетұлы 1986 жылы Талас ауданына қарасты Тамды ауылында дүниеге келген. Кейіпкеріміздің атасы Нұрлыбек Тойбай – Ұлы Отан соғысының ардагері. Амангелді бала күнінен атасының кеудесінде жарқыраған медальдар мен ордендерді көріп өскендіктен әскери қызметкер болуды мақсат етеді.

Кейіпкеріміз 2004 жылы әскер қатарына шақырылып, Зайсан қаласында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп қайтады. Туған жерге оралған соң 2007 жылдың ақпан айында Тараз қаласындағы №5513 әскери бөліміне қызметке қабылданады. Алғашқы күндерден-ақ өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, тәртіп пен парызды биік қоятын азамат ретінде әріптестерінің де, басшылықтың да құрметіне ие болды.

Амангелді 2007 жылы әскери қызметін қатардағы жауынгер ретінде бастаған. Өзінің табандылығы мен тәртібі, жауапкершілігі мен үлгілі қызметінің арқасында біртіндеп ефрейтор, кіші сержант, сержант, аға сержант дәрежелеріне дейін көтерілді.

Қазіргі таңда аға сержант Амангелді Шаймаханбетұлы жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының жауынгерлік қамтамасыз ету взводында взвод сержанты қызметін абыроймен атқарып келеді. Оның басты міндеті – жауынгерлік әзірлікті ұйымдастыру, взводтағы әрбір әскери қызметшінің кәсіби шеберлігін арттыру және жауынгерлік тәртіпті жоғары деңгейде ұстау.

– Қызметтік міндетіме қарамағымдағы әскери жасақ бастықтарының, сапер мамандарының, кинологиялық қызмет өкілдерінің және байланыс тобының жұмысын үйлестіріп, әрқайсысының жауынгерлік дайындықтағы орнын нақты айқындау кіреді. Әрбір әскери қызметшінің өз міндетін мінсіз орындауы мен ұжымдық тәртіптің сақталуы да жауапкершілігімде. Сарбаздарды күн сайын жүйелі түрде әскери дайындыққа баулимын. Таңғы сағат 06.00-де сарбаздар ұйқыдан тұрып, 30-40 минуттық оқу-жаттығулар өткізеді. Бұл жаттығулар сарбаздардың шыдамдылығы мен физикалық дайындығын арттыруға бағытталған. Жаттығудан кейін сарбаздардың таңғы асын қадағалап, киім үлгісін тексеріп, қызметке дайындықтарын мұқият бақылаймын. Бөлімшеде тәртіп пен жауапкершілік жоғары деңгейде сақталып, әрбір күн нақты әскери регламент бойынша өтеді. Әркім өз борышын адал атқарып, тәртіп пен жауапкершілікті сақтай білсе, әскеріміздің де абыройы артып, деңгейі биіктей түседі. Әскери міндетіме шынайы жанашырлықпен қарауға тырысып, сарбаздарды тек әскери тұрғыда ғана емес, рухани жағынан да шыңдауға күш саламын, – деген аға сержант әскери тәртіп пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырғанын жеткізді.

Амангелді Шаймаханбетұлының айтуынша, әрбір әскери қызметшінің өз міндетін жоғары деңгейде орындауы бүкіл әскери бөлімнің тәртібі мен беделіне тікелей әсер етеді. Ол сарбаздар арасында тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырудың ең тиімді жолы өзара сыйластық пен талапшылдық деп санайды. Кейіпкеріміз үшін әскери ұжымдағы сыйластық – тәртіптің бастауы, ал жауапкершілік – оның берік тұғыры.

Қызметтік міндетін атқару барысында Амангелді Шаймаханбетұлы түрлі келеңсіз оқиғаларды да басынан кешірген. Аға сержант 5-6 жыл бұрынғы бір оқиғаны өміріндегі ең жауапты сәттердің бірі деп еске алады. Сол кезде ол түзеу мекемесінде патрульдік қызметте тұрған. Түнгі уақытта белгісіз бір топ, шамамен 10-15 адам мекемеге тыйым салынған заттарды лақтыруға тырысқан.

– Жағдай күрт шиеленіскен сәтте қасымдағы екі сарбазбен бірге батыл қимылдап, қарсы әрекетке көштім. Үшеуміз үш бағытқа бөлініп, белгісіз азаматтарға тойтарыс беріп, оларды ұстауға тырыстық. Жағдай қаншалықты қауіпті болса да, еш саспай, сабыр сақтай білдік. Ең бірінші кезекте қасымда жүрген сарбаздардың амандығын ойладым. Естен кетпес бұл оқиға жадымда әскери борыш пен командирлік жауапкершіліктің шынайы сыналған сәті ретінде мәңгі сақталып қалды. Ал елден ес, ерден дес кеткен Қаңтар оқиғасында еліміздің ауызбіршілігі сыналды. Қиын кезде әскери қызметші ретінде жағдайдың күрделілігі мен жауапкершілікті терең сезініп, сабыр мен тәртіптің арқасында өз борышымды абыроймен атқару үшін барымды салдым. Жалпы әскери қызметімнің абыройлы тұсы ретінде әрдайым мені қолдаған басшыларым мен әріптестерімнің сеніміне ие болуым деп айтар едім. Мен үшін абырой бәрінен биік. Сондай-ақ әскери қызметімді спортты ұштастыра алғаным да жаныма қуаныш сыйлайды. Қоян-қолтық ұрыс – әскери өмірімнің бір бөлігі, – дейді А.Тойпаев.

Сөз басында айтқанымыздай Амангелді әскери қызметпен қатар, спорттан да қол үзген емес. Бала кезінен қазақ күресі, самбо және дзюдомен айналысқан Амангелді әскери форма кигеннен кейін қоян-қолтық ұрыспен кәсіби түрде айналыса бастапты.

Амангелді Шаймаханбетұлы спорттық жолында көптеген жетістіктерге жеткен. Облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Нақтылап өтсек, 2023 жылы қоян-қолтық ұрыстан ардагерлер арасында 90 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды.  Ал 2025 жылдың 6-8 қазан аралығында Астана қаласында өткен қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогі – оның өміріндегі ерекше белес болды. Сол жарысқа дайындық кезінде Тараздағы әскери бөлімнің дене даярлығы жөніндегі бастығы, капитан Ринат Жетпісбай оған үлкен сенім артып, әлемдік додаға қатысуға ұсыныс білдірді.

Кейіпкеріміз бұл ұсынысты еш ойланбастан қабылдап, күн-түн демей дайындыққа кіріседі. Капитан Ринаттың қолдауымен және өзінің қажырлы еңбегімен ол жарысқа жоғары дайындықпен барды. Астана төрінде өткен әлем кубогында жиырма мемлекеттен келген мықтылардың арасынан қола жүлдегер атанып, елге абыроймен оралды.

– Әлемдік деңгейдегі жарыстан үшінші орын алу – үлкен жетістік, зор абырой. Бұл – тек менің жеңісім емес, елімнің, бөлімімнің, менің сарбаздарымның жеңісі. Мені осы жетістіктерге жігерлендірген соғыс ардагері Нұрлыбек Тойбай атамның ерлігі. Атамның ерлікке толы өмір жолы маған шабыт береді, – дейді ол.

Сондықтан ол үшін әрбір марапат пен жетістік – жеке мақтан емес, ата жолын жалғаған рухани парыз. Амангелді Шаймаханбетұлына қарап өсіп келе жатқан жас сарбаздар мен шәкірттері тәртіптілік пен жауапкершілікті, табандылық пен елге адал қызмет етудің нағыз үлгісін көреді.

Қызметінде абыройлы аға сержант үлгілі отбасының иесі, төрт баланың әкесі. Тұңғышы Нұрасыл күреспен айналысады. Екінші қызы Нұрайым да спорттың күрес түрімен айналысып, түрлі жарыстарға қатысып танытып жүр. Үшінші қызы Нұрдина көркем гимнастикамен шұғылданып, нәзіктік пен талғампаздықтың үлгісін көрсетіп келеді. Ал кенже ұлы Нұрислам – отбасының көз қуанышы, қазір тоғыз айлық сәби.

Кейіпкеріміздің өмір жолы – ерлік пен еңбекқорлықтың, спорт пен рухтың жарасымын тапқан шынайы үлгі.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар