Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сыбайластық сыйластыққа жатпайды

Сыбайластық сыйластыққа жатпайды
Ашық дереккөз
Қазақстан Республикасы Сыбайлыс жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан 2023 жылы "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік" жобасы бастау алған болатын. Жобаның мақсаты – белсенді азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді жеке және квазимемлекеттік сектор субъектілерін, сондай-ақ басқа да ұйымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға волонтер ретінде тарту.

 Волонтерлік жоба басталғаннан бері облыста 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырылып, 500-ден аса адам қатысқан. Жобаның еріктілері ретінде 136 азамат тіркеліп, «WhatsАpp» желісінде арнайы жұмыс чаты құрылған. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында 200-ден аса материал жарияланған. Қоғамдық бақылау аясында жатақхананың жай-күйі, құрылыс жұмыстарының сапасы және автомобиль жолдарын салу сапасы бойынша 10 қоғамдық мониторинг жүргізіліп, анықталған кемшіліктер жойылған.

Сондай-ақ волонтер-заңгерлер қала және аудан тұрғындарына тегін заңгерлік-консультациялық көмек көрсету бойынша 7 іс-шара өткізіп, 170-ке жуық азаматқа консультациялық көмек көрсетілген. Сатып алу порталына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 25 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделіпті. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының базасында еріктілерге арналған оқыту-семинары ұйымдастырылып, құрылыс, автомобиль жолдары, жер қатынастары, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы, аудит саласын­дағы уәкілетті органның өкілдері өз бағыттары бойынша презентациялар жасап, қоғамдық бақылау әдістерін үйретті.

Одан бөлек Тараз қаласы мен бірқатар ауданда тазалық пен адалдық құндылықтарын насихаттау мақсатында «Тазалық пен адалдық – адамдықтың қасиеті» акциясы ұйымдастырылды. Акция барысында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында спорттық, мәдени, үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылып, аулалар тазартылды. Басты мақсат – қала тұрғындары арасында тазалық мәдениетін көтеру, қала тазалығын сақтауға шақыру, таратпа материалдарын үлестіру арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Іс-шара нәтижесінде департамент басшылығы жобаға белсенді қатысқан азаматтарға алғыс айтып, қала тазалығына үлес қосқан тұрғындар қала әкімдігінің Алғыс хатымен және спорттық жарыстар жеңімпаздары спорт бөлімінің грамоталарымен марапатталды. Аталған жоба аясында 10 іс-шара ұйымдастырылып, оған 2000-нан астам облыс тұрғыны қатысты.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің превенция басқармасының бас маманы Айбек Әжібаев волонтерлік жобасы аясында бірқатар ұйымдармен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылғанын айтады. – Атап өтер болсам, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалының қатысуымен қоғамдық бақылау жүргізу, Тараз қаласы мен аудандарда орналасқан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына қарасты халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы тегін консультациялық көмек көрсету шаралары, «Arman cinema» және «Premier Kazakhstan» кинотеатрларында арнайы бейнероликтер көрсетілімі, «Kaz production» кино орталығымен бірлесіп арнайы бейнероликтер әзірлеу, «Әулиеата Транспасс» автобус паркіне тиесілі автобустарда арнайы жадынамалар орнату, «Фиркан сити» және «Нұрислам» супермаркеттеріндегі тауар өнімдеріне стикерлер орнату, «Яндекс такси», «Wolt» және «Glovo» жеткізу қызметтерінің көліктеріне 1424 Сall-орталығы туралы ақпарат орналастыру және «Қазпошта» төлем түбіртектерінде стикерлер орнату сынды жұмыстар ұйымдастырылды, – дейді Айбек Итқараұлы. Сондай-ақ аталмыш департаменттің бастамасымен «Адалдыққа бір қадам» атты акция бастау алды. Акция 4 ауданда (Жамбыл, Талас, Меркі, Сарысу) өткізіліп, аудан, ауылдық округ, типті шалғай ауылдар тұрғындарының назарына 1424 Сall-орталығы туралы хабарландыру, әдістемелік және заңгерлік көмек көрсету, қоғамдық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілді.

Акцияны іске асыру үшін 15 тармақтан тұратын жоспар бекітіліп, жоспар аясында 58 ауылдық округте сыбайлас жемқорлыққа қарсы баннер орнатылды, халық көп шоғырланатын орындарда 27 іс-шара ұйымдастырылып, 2 330 адамға сыбайлас жемқорлыққа қарсы жадынама материалдары таратылды. Аудандық, ауылдық деңгейдегі 144 «WhatsАpp» чатқа бейнероликтер мен таратпа материалдары жолданып, 33 930 адам қамтылды.

Сондай-ақ 8 сауда орталығындағы тауар өнімдеріне 4 мыңнан аса стикер жабыстырылып, 73 дүкеннің кіреберісіне жадынамалар орналастырылды. Заңгер-волонтер­лердің қатысуымен халық көп шоғырланған орындарда 170-ке жуық тұрғынға заңнамалық кеңестер беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға бюджеттік мекеме қызметшілері де қатысып, өздерінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында 149 ақпарат жариялады.

Аудандардағы 151 мекеменің кіреберісіне және ғимарат ішіндегі көрнекі орындарда 1424 Сall-орталығы туралы жадынама орналастырылды. Халыққа қызмет көрсету орталығында LED-экранда бейнеролик орналастырылып, «Қазпошта», «Қазақтелеком», халыққа қызмет көрсету орталығында таратылатын түбіртектерге 3 000 стикер жабыстырылды. Сәйкесінше 4 ауданда жүргізілген кешенді жұмыстар нәтижесінде 40 мыңнан астам тұрғынға ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ жоба аясында аудан тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әлеуметтік сауалнама жүргізіліп, сыбайлас жемқорлық жиі кездеседі деп көрсеткен мекеме өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды. Жұмыстың нәтижесі және әлеуметтік сауалнама қорытындысы аудан әкімі жанындағы ведомствоаралық комиссия отырыстарында қаралып, нәтижелері бойынша департаментпен бірнеше хаттамалық тапсырмалар берілді. Жоба аясындағы жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады.

АЙЖАН ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар