Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БАЛАҢДЫ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚҚА БАУЛЫ!

БАЛАҢДЫ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚҚА БАУЛЫ!
ашық дереккөз
БАЛАҢДЫ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚҚА БАУЛЫ!
Бала кезімізде ағаш жапырақтарын ақша ретінде қолданып, өзімізді тап бір миллионер ретінде сезінетінбіз. Дүкенші болып, ақшаны сатырлатып санап алатынбыз. Бұл әрекет біздің математикаға деген қызығушылығымызды арттырып, ақшаға сауатымызды ашты. Экономистердің пікірінше, баланы қаржылық сауатқа кішкентай кезінен баулыған дұрыс. Өйткені сауатты бала дұрыс шешім қабылдауды, қысқа және ұзақмерзімді жоспар құру мен анализді оңай жасайтын болады. Бұл мақалада баланың жасына қарай қаржылық сауатқа тәрбиелеу жолдарымен бөлісетін боламыз.

5-7 жасар бүлдіршіндерге нені үйрету керек?

Мектепке әлі бармаған балаларға ақпаратты барынша қызық, ойын форматында жеткізген жөн. Өйткені олар әзірге күрделі ақпаратты қорыта алмайды. Сондықтан ақшамен таныстыру үшін түрлі ойын ойнатып көрсеңіз болады. Бұл жаста бала ата-анамен уақыт өткізгенді қатты ұнатады. Сол себепті баланың қызығушылығына орай дүкен, банк, мейрамханаға барғандай ойын ойнаңыз. Біріңіз тұтынушы, біріңіз қызмет көрсетіңіз. Балаңыз кассада тұрғанда ақшаның ойыншық емес екенін, оны санау қажет екенін түсінеді. Сондай-ақ дүкенде де ақшаны оңды-солды шашуға болмайтынын, тек қажет затты алу керек екенін ата-ана ойын барысында түсіндірсе болады. Бюджеттің шектеулі екендігін айтып, тек сол сомаға қажетті зат алу керек екенін түсінеді. Немесе дүкенге кірмес бұрын сол жерден тек 1 ғана зат алатындарыңызды түсіндіру керек. Бала бұл әдіс арқылы шын мәнінде өзіне ұнаған затын алуды үйренеді. Үнемдеудің маңызын айтып, көрсеқызарлықтың жақсы емес екенін түсіндіріңіз. Ойланып барып алған заттан қанша ақша үнемделетінін де көрсетіңіз. «Егер қазір сәл үнемдесең, өзің қалап жүрген көлемді бір затты ала аласың» деп айтыңыз. Сонда балада жинауға деген құлшыныс пайда болады. Балаңызбен бірге қаржылық сауаттылықты түсіндіретін мультфильмдерді көріңіз, жеңіл кітапшаларды оқыңыздар. Мұндай көмекші құралдар ақшаның тек тәтті мен ойыншық алуға арналған дүние ғана емес екенін түсіндіреді.

8-10 жастағы балаларға ақша туралы қалай айтамыз?

Бұл жаста балалар мектепке барады, бастауыш сыныпта білім алады. Алдыңғы кезеңдегіге қарағанда ақша туралы түсінікті сәл тереңірек беруге болады. Қаржылық сауаттылықтың балаға қызық болар деген тұстарын түсіндірсеңіз болады. Мәселен, банк карталарының қызметін, оның қалай қолданылуы балаларға өте қызық. Отбасылық бюджеттің қалай құрылатынын, ай сайын бөлінетін қаражатты, шығындармен де таныстырыңыз. «Әлі балам кішкентай, ақшамен басын қатырмасын» деген түсініктен арылу керек. Бала кішкентайынан ақшаның қалай жұмсалатынын білетін болса, болашақ өмірде де сол ілім өзіне азық болады. Тіпті бастауыш сынып оқушыларына салық, коммуналдық қызмет туралы түсіндірсе де болады. Бала мектепке баратын болғандықтан, қосу-сызуды білгендіктен бұл тақырыпты алып кетуі жеңіл өтеді. Қалтасындағы ақшаны дұрыс жаратуды үйренуі өзіне маңызды. Бюджетін жоспарлауды үйренеді. Сондықтан осы жаста балаға барынша негізгі түсініктерді сіңіріп үлгерген абзал. Ақшаны дұрыс жаратуды үйрену үшін өзіне күнделікті бір сома бөліңіз. Алғашында күнде беріп отырсаңыз, енді соманың көлемін көбейтіп, бір аптаға немесе айға беріңіз. Сонда жеке бюджетті өзі реттейтін болады. Қойындәптер немесе ұялы телефонға арнайы қосымша енгізіп, өзінің алған затын және бағасын жазып қойыңыз. Ең бастысы, бір айға берген ақшаны бір күнде құртып тастауға болмайтынын түсінуі керек. Қанша уақытқа жоспарланған бюджет болса, сол уақытқа жеткізе білу маңызды. Тіпті үнемдеу арқылы өзіне керек бір затты алуға болатынын да осы арқылы ұғындыруға болады. Бір күн тәтті алмаса, сол ақшаны қорға жинап қоюға болатынын да түсіндіріңіз. Мұнда жеке ақша жәшігін арнап қойса да болады. Артылған ақшасын сонда жинақтап салса болады, сіз де күнделікті бір соманы берсеңіз, балаңызда үлкен сома жиналады. Бұл баланың ақша жинауға деген стимулын арттырады. Дүкенге барған кезде де балаға таңдау еркін беріңіз: шоколад алып, бірнеше минутта жеп қойған жақсы ма, әлде өзіне керек, қымбаттау затқа жинағаны жақсы ма? Әрине, алғашқы кезде тәттіні таңдауы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе, оның ойында маңыздырақ нәрселерді өзі ала алатыны туралы түсінік пайда болады. Бастауыш сынып балаларын кассада төлеп үйретіңіз. Сонда жауапкершілігі арта түседі. Кейбірі үй жинағаны немесе «бес» алғаны үшін ақша беріп жатады. Мұны айтарлықтай жақсы әдіс дей алмаймыз. Ондай дүниелерді ақшаға байламай-ақ жасап үйренгені дұрыс.

11-14 жастағыларға арналған әдіс

Орта сыныпқа келген баланы дүкенге емін-еркін жіберуге болады. Керекті заттар тізімін жазып, қолына беріңіз. Сізге қанша келі зат керек екенін айтыңыз, тек тізім бойынша затты алу керек екенін де ескертіңіз. Чекті де кассадан ұзамай қарап алу керек екенін үйретіңіз. Бұл жаста балаларға арнайы банк картасын ашып берсеңіз болады. Инвестиция, салым, банктің жұмыс істеу тәртібімен таныстырыңыз. Осы тақырыптар аясында сөйлесіңіздер. Орта сыныпқа келген баланы емін-еркін дүкенге жұмсай берсеңіз болады, көлемді соманы да сеніп тапсыра аласыз. Оған дейін қаржылық сауатын қалыптастырған жөн. Мамандар мұндай балалармен «бес конверт» тәсілін пайдаланып көруді ұсынады. Яғни сіз оған белгілі бір уақытқа есептелген қаражат бересіз. Сөйтіп, ол сол ақшаны беске бөледі. Төрт бөлігі аптаның әр күніне есептелсе, бесіншісі – жинаққа. Осылайша қор жинауды үйренеді. Одан бөлек түрлі интерактив ойын мен видео көрсін. Өзі сынды жасөспірімдер түсіретін контенттерді көру арқылы ақпаратты жақсырақ түсініп, қабылдайды. 15-17 жастағы жасөспірімдер білуге тиіс дүниелер Жоғары сынып оқушылары демалысты жұмыс істеп, өз керегін өзі ала алатындай жаста. Заңға қайшы келмейтін, кәмелетке толмаған балаларға айналысуға болатын жұмыс түрлері бар. Денсаулығына, сабағына кедергі болмаса болғаны. Бұған дейін көп нәрсені теория жүзінде айтып келген болсаңыз, бұл жасқа келгенде біртіндеп іске көшкен жақсы. Өйткені айта бергенмен, практикада көрмейінше қаражаттың маңызын түсіну қиын. Дұрысы, жасөспірім шаққа келгенде бала өзі тауып көрсін. «Еңбектің наны тәтті» екенін осылай ғана түсінеді. Көлемді қаражатты сеніп тапсыруға болатын жас болғандықтан тәрбиелеу мақсатында ақшаны басқару жолдарын көрсетсеңіз болады.

Ата-аналарға керек пайдалы кеңестер

ХХІ ғасыр – мүмкіндіктер заманы. Қазір балаларға арналған банк картасын ашып қоюға мүмкіндік берілген. Пайдаланыңыз. Бала өзінің аты жазылған картаны ұстап, «тыңқ» етіп төлегенді қызық көреді. Бала 16-ға толғанға дейін ата-ана баланың шотын өзіне байласа болады. Бұл балаңыздың ақшаны қайда жұмсағанын, не істегенін бақылауға мүмкіндік ашады. Қаласаңыз, түрлі шектеу қойсаңыз да болады. Транзакция болса, бірден сізге хабарлама келеді. Кітап оқуға ынталандырыңыз. Балаларға Бодо Шефердің «Money деген ит» кітабын оқуға болады. Кітап 10-12 жасар балаларға арналған. Қаржылық сауат тақырыбында жазылған, тілі жеңіл, оқиғалары қызық. Экономика негіздері туралы ақпаратты оңай игеруге көмектеседі. Ақшаны қалай ұстау керегін үйретеді. Бас кейіпкердің бастан кешкен оқиғаларын оқып отырып, көбірек табыс табудың маңызы, қарыздан құтылу, ақшаны ғана ойлай бермеу жайлы да көп ақпарат ала аласыз. 15-18 жастағы балаларға қазіргі бестселлер кітаптардың қатарындағы Жасөспірімдерге арналған «Кедей әке, бай әкені» оқуға болады. Авторы – Роберт Кийосаки. Психологиямен байланыстыра отырып, қаржы туралы жақсы түсіндіреді. Автор өзінің экономика әлемімен енді таныса бастаған жасөспірім шағы туралы айтады. Ата-аналарға Джойлан Годфридің «Балаға ақша ұстауды қалай үйрету керек?» деген кітабын оқып шығуға кеңес береміз. Мұнда балаларға қаржылық сауат негіздерін сіңіруге қатысты нұсқаулық форматында жазылған. Адамның кәмелетке толғанға дейін таныс болуға тиіс басты экономикалық машықтары туралы айтылады. Ересек болғанда еркіндікке қол жеткізсін десеңіз, өзіңіз оқып, балаңызға оқытыңыз. Джерри Бейли, Фелиция Ло жазған «Сенің ақшаң» деген кітабы бар. 12-18 жасар балаларға оқуға болады. Ата-анадан тәуелсіз болып, алғашқы табысты қалай табуға болатынын үйретеді. Бизнес түрлеріне шолу жасалып, құмар ойындарынан аулақ болу керегін айтады. Салық, зейнетақы жүйелері туралы да жеңіл түсіндіреді. Қайырымдылықтың маңызы жайлы сөз қозғалады.

Жадыра АҚҚАЙЫР, журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар