Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Харижия жайлы не білеміз?

Харижия жайлы не білеміз?
ашық дереккөз
Харижия жайлы не білеміз?
Харижияның пайда болуы Сыффин соғысында түйткілді мәселені төрешілердің көмегі арқылы шешу идеясына қатысты туындаған талас-тартыстармен тығыз байланысты. Харижия ағымы төрешілік идеясын қабыл етпеуіне байланысты Хазірет Әлиден (р.а.) бөлініп кеткендердің құрған саяси ағымы. Осы тұрғыдан алғанда, Сыффин соғысы болған 37/657-8 жыл – ағымның қалыптасуы тұрғысынан өте маңызды кезең деуге болады. Өйткені осы кезеңнен бастап сол бір идеяны қолдайтын кейбіреулер де бастарын біріктіріп, Хазіреті Әли (р.а.) мен Хазіреті Мағауияның (р.а.) жақтастарынан басқа бір саяси одақ құрды. Алайда белгілі бір саяси және иғтиқади-сенімдік көзқарастарды қолдайтын ағым ретінде Харижияның пайда болуын және қалыптасу кезеңін тек Сыффиндегі төрелік ету оқиғасымен түсіндіруді концепция ретінде харижияны ұғынып түсіну тұрғысынан алғанда жеткілікті дей алмаймыз. Ешбір діни-саяси қозғалыс бір ғана себептің нәтижесінде пайда болмаған және кенеттен пайда бола салмаған; бірнеше оқиғаның нәтижесінде және көптеген себептің әсерінен ұзақ уақыт бойы қалыптасып отырған. Төрешілік ету оқиғасынан кейін жарық дүниеге өзін паш еткен «харижияның өзгешеленуі» де бірқатар оқиға мен белгілі бір кезеңнің нәтижесінде пайда болды. Харижия ағымы – Хазірет Әлидің (р.а.) төрешілік ұйғарымды қабылдағаны үшін оған қарсы шығып, көтеріліс жасаған саяси қозғалыс. Әуелі олар Хазірет Әлиді (р.а.) қолдап, Хазіреті Мағауияға (р.а.) қарсы шығып соғысқан, кейбір адамдар мәселенің түйінін төрелікпен шешу керек деген ойды қолдады. Төрешілер тағайындалғанымен олар пікірлерін әп-сәтте өзгертіп, Хазіреті Әлиға (р.а.) қарсы шығып, оның сапынан бөлініп кетті. Осы әрекеттерін діни тұрғыдан дұрыс деп табу үшін «Алладан басқа үкім беруші жоқ немесе үкім беру тек қана Жаратушыға тән» деген аятты басты ұрандарына айналдырды. Бастапқы кезде төрелік тағайындау оқиғасының басты ойыншылары саналған Хазіреті Әли (р.а.), Хазіреті Мағауия (р.а.) және төрешілерге наразылығын білдірген осы саяси қозғалыс кейініректе өз көзқарастарымен иғтиқадтық-сенімдік мәнге ие болды. «Харижи» сөзі – сөздікте «бөлініп шыққан», «көшіп кеткен», «қарсы шыққан», «бағынудан бас тартып», «көтеріліс жасаған» және «сапты өзгерткен» деген мағыналарды білдіретін «хуруж» сөзінің түбірінен өрбіген сөз. Әдебиеттерде белгілі бір ағымды ұстаушылардың ортақ аты ретінде, ал жалпы алғанда харижи немесе осы сөздің көпше түрі хауариж деп қолданылып жүр. Хазіреті Әлидің (р.а) сапынан бөлініп шыққан соң онымен бірге Куфаға бармай, Куфаға жақын маңдағы Харура деп аталған жерде шатыр құрғандықтан осы жерге байланыстырылып «харурия» деп те аталды, осында бин Уәхб әр-Рәсибиді өздеріне басшы етіп сайлап алуларына орай «уәхбия» немесе «рәсбия»; «діннен және иманнан безгендер» деген мағынаға келетін «марика» деп те аталып жүрді. Харижия ағымының шығу тарихын не үшін келтіріп отырмыз. Ондағы мақсат – мұсылман баласы қаншама құлшылықпен айналысқанымен егер оның бойында парасаттылық, хикмет, бауырға деген сүйіспеншілік, мәмілегерлік, отансүйгіштік және бірлікке бастайтын құндылықтар болмаса, кейбір ағымдардың бойынан харижия ағымының белілері қайтадан көріне бастайтыны рас. Сол себепті діни ағымдардың шырмауына оралмас үшін діни сауатты болумен қатар, Абай Құнанбайұлы айтқандай, хикметті әрі парасатты жан болуға ұмтылу қажет.

Жанна ҚАДЫРҚҰЛОВА, облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының Мойынқұм ауданы бойынша инспекторы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар