Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Білікті мамандар даярлау маңызды

Білікті мамандар даярлау маңызды
ашық дереккөз
Білікті мамандар даярлау маңызды
Бүгінгі күнгі жоғары оқу орындарының басты міндеті – білікті мамандарды дайындау. Студенттің жоғары оқу орнындағы білім алу міндеттерінің бірі – алдағы еңбек жолында басқа бір адамның дамуына негіз бола алатын білімділігі мен абыройлылығының өз дәрежесінде болу керек екендігін түсіну. Себебі бүгінгі студент – ертеңгі маман. Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінің кезекті кеңейтілген алқалы отырысы ерекше форматта «Энерджи-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында өткізілді. Алғаш рет кәсіпорын базасында өткен алқалы отырысты ұйымдастырудағы басты мақсат – техникалық және кәсіптік маман даярлауда жұмыс берушілермен бірлесе еңбек нарығына қойылатын талаптарды айқындау, оқу үдерісін жаңғырту. Жиынға жұмыс берушілер, әлеуметтік серіктестер, индустриалдық кеңес, қорғаншылық және қамқоршылық кеңес мүшелері мен ата-аналар, ардагер ұстаздар қатысты. Ең әуелі, қонақтар «Энерджи-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасына экскурсия жасады. Бұл серіктестік – өңірде дәнекерлеу және электр жабдықтары бойынша жетекші еуропалық өндірушілердің заманауи жабдықтарымен жабдықталған жоғары технологиялық кәсіпорын. Кәсіпорын қазақстандық заманауи энергияүнемдегіш жарық-техникалық өнімдерді, электротехникалық жабдықтарды, түрлі металл конструкциялар мен бұйымдарды өндіруші және жеткізуші. «Энерджи-Тараз» ЖШС Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжімен 2018 жылдан бастап әлеуметтік әріптес болып келеді. Кәсіпорын базасынан 100-ге жуық студент өндірістік тәжірибеден өткен. Кәсіпорын дуальді оқыту жүйесіне және оқу бағдарламаларды әзірлеуге белсенді түрде қатысуда. Алқалы отырыс облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаевтың алғы сөзімен басталып, аталмыш серіктестік өкілінің жылы лебізімен жалғасын тапты. Жиын барысында Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінің директоры Саясат Есеев техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың негізгі басымдықтарына тоқталып, колледжің атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Сондай-ақ колледж директорына «Энерджи-Тараз» ЖШС басшылығы 2024 жылы колледждің 10 бітіруші түлегін жұмыспен қамту үшін жолдама табыстады. Айта кетейік, биыл Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжіне 85 жыл толып отыр. Колледжде техникалық, технологиялық салалары бойынша 6 мамандық 8 жұмысшы біліктілігі негізінде 429 студент білім алуда. Колледж наубайшы, кондитер, автомобиль жөндеу слесарі, техник-механик, жол-құрылыс машиналарының машинисі, компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету операторы, дәнекерлеуші, электромонтер мамандарын даярлайды. Келесі сөз алған «ТаразТрансЭнерго» МКК-ның инженері Азамат Жүзеев өндірістік тәжірибенің маңыздылығын айтып өтіп, студенттерге сапалы білім беріп, білікті кадр даярлауда аянбай еңбек етіп жатқан колледж ұжымына алғыс білдірді. Іс-шара соңында Мұхит Аманқұлұлы білім мекемесінің атқарып жатқан жүйелі жұмысын жоғары бағалап, өз ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ колледждің бірқатар әлеуметтік серіктесіне марапаттар табысталды.

А.БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар