Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дәстүрлі емес діни ағымдардан қауіп көп

Дәстүрлі емес діни ағымдардан қауіп көп
ашық дереккөз
Дәстүрлі емес діни ағымдардан қауіп көп
Бүгінгі таңда дін мәселесі әлемдік деңгейде өте өзекті тақырыптардың біріне айналды. Себебі қазіргі уақытта қоғамда дәстүрлі емес діни ағымдар кең етек алып, тіпті ағымдардың әртүрлілігіне байланысты адамдардың діни және рухани бөлінуі көрініс тауып, түсініспеушіліктер орын алуда. Әрине, еліміздегі дәстүрлі діндердің бірегейлігі көптеген саяси, тарихи, әлеуметтік, этникалық және мәдени факторлармен байланысты. Бірақ дәстүрлі ұлттық және әлемдік діндердің шеңберінен шығып кеткен, өз идеяларын, нышандары мен ырымдарын пайдалана отырып мақсатты құрылған, ұлттың өркениеті мен мәдениетін теріске шығарушы дәстүрлі емес діни ағымдар да өз ортамыздан көрініс табуда. Ең алдымен, әрбір дәстүрлі емес діни ағымдар бытыраңқы, жікке бөлінген, сырттан басқаруға оңай ортаны іздейді. Екіншіден, осындай ортада өзі өмір сүріп жатқан қоғамды ұнатпайтын адамдарды өз қармағына түсіруге әрекет жасайды. Себебі жаңа діни ағымдардың көпшілігі әлемді түбегейлі қайта құру жобаларын ұсынады. Күрделі өзгерістер жағдайында тұрақтылық пен жан тыныштығын табуға болатындығымен сендіреді. Үшіншіден, қабілетті жастарды көбірек өз санаттарына қосу. Жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалына тез еріп кетуі олардың жеке басының әлі де толықтай қалыптаспағандығын, сол себепті ергіш және жас санаға оңай әрі тез әсер ете алу жағдайына байланысты. Сондай-ақ тұрақсыз әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайлар да жастардың радикалдар мен экстремистердің қатарына қосылуын арттыруда. Дәстүрлі емес діни ағымдар мақсаттарын жүзеге асыру үшін өздеріне тиісті ақиқат сенімдерімен таныстырып қана қоймай, жан тыныштығын, гуманитарлық және материалдық, моральдік жәрдем бере отырып, діни-саяси, психологиялық, денсаулық сақтау, ағартушылық, ғылыми-танымдық, мәдени және басқа да іс-шаралар арқылы өздерінің ниеттерін жасырын насихаттап, түрлі қолдаулар арқылы жаңа мүшелерді тартып, өз жақтастарын арттыруда. Олар арбау жұмыстарын іске асыру үшін алдымен адамдармен әңгімені сол адамның әлсіз проблемалық тұсынан бастайды. Мысалы, отбасы мен неке, материалдық қиыншылықтар туралы және тағы да басқа. Ал әлсіздер, теңгерімсіз, ерік-жігері төмен, өз ісіне жауапсыз, жұмысы жоқ, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтары бар адамдар үгіт-насихатқа тез ергіш келеді. Сондықтан өз қармағына түсіру де оңай жүзеге асады. Сізбен бір рет кездесіп, сөйлескен адамнан құтылу өте қиын, тіпті сіз жоқта бала-шағаңызбен сөйлесіп, олардың нәзік жандүниесімен жұмыс жасап, өздеріне оңай бауыр басқызуы мүмкін. Дәстүрлі емес діни ағымның ықпалына түскен адамдар біраз уақыттан кейін саналы ойлау жүйесі тежеліп, «фанатқа» айналады. Фанатизм адамды жақынына деген сүйіспеншіліктен айырады. Бір сенімдегі жаңа ортасын қуанту үшін өз еркімен материалдық құндылықтарын да сарп етіп, отбасын, жақындарын жақтастарынан төмен қояды. Демек, әрбір дәстүрлі емес діни ағымдар өз мүшелерін жеке бас бостандығынан айырып, құндылықтары мен өмір сүру қағидаттарын өз ережелерімен бағындырады. Бұл дегеніміз – адамның жеке басын шектеу, өз мүшелеріне жекеменшік затындай қарау. Өз ілімдері мен ережелерін таңып, адамды еркін ойдан айырып, санасына әмір жүргізеді. Санасы, ойлау қабілеті зақымданған адамдар шындық пен өтіріктің аражігін ажырата алмайтындығы белгілі. Мұндай жағдайда жүрексіну сезімін ұмыттырып, қаһармандық деңгейді, өзіндегі шексіз күшті оңай сезіндіріп, өзін-өзі сақтау инстинктіне бағынбайтындай дәрежеге бейімдеп, өз мақсаттарына қолданып жатады. Дәстүрлі емес діни ағымдардың өмір сүру тарихында олардың жақтастарының да, осы ағымдарға қатысы жоқ бейбіт тұрғындардың да өлімі бірнеше рет болғандығын естіп, біліп жүрміз. Демек, дәстүрден тыс діни ағымдардың түпкі ниеті біреу-ақ. Бейбіт отбасыны ойрандатып, қоғамның тыныштығын бұзып, дамыған немесе даму үстіндегі елді тоқырауға жіберіп, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізу арқылы билікке, басқару жүйесіне қол жеткізу. Олай болса, біздің басты мақсатымыз – ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп-қатер төндіретін жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру. Ішкі тұрақтылық, ауызбіршілік, бейбітшілік пен тыныштық біздің басты ұстанымымыз екенін бойымызға сіңіріп, дәстүр мен имандылыққа негіздеп келешек жас буынды тәрбиелесек, қай кезеңде де ұтылмасымыз анық!

Мұхтар САИДОВ, облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының Қордай ауданындағы арнайы бөлімінің инспекторы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар