Исламдағы қасиетті айлар
Қасиетті Құранда Раббымыз қасиетті айлар туралы: «Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне, осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер… Әрі расында Алла тақуалармен бірге екенін біліңдер» дейді («Тәубе» сүресі, 36-аят). Яғни дәл осы аят бізге айлардың саны он екі екенін, мұсылман күнтізбесінде қасиетті болған төрт ай бар екенін айғақтайды. Аталған төрт ай бірінен соң бірі тізбектеліп келеді. Ережеп, Шағбан, Рамазан және Зүлхиджа айы. Бүгінгі мақаламызда осы төрт мүбәрак айдың қасиеттеріне тоқталуды жөн санадық.
Қазір мұсылмандар үшін құрметті Ережеп айында жүрміз. Бұл ай Алланың айы деп аталады. Ережеп айының қадірі сондай, онда қасиетті екі түн бар. Бұл айдың алғашқы жұмасы – Рағайып түні болса, екіншісі, жиырма жетінші түні – Миғраж кеші. Рағайып түні рухани берекеге толы, мұсылмандар ерекше қадірлейтін түн. Миғраж түні – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан сәті. Сөйтіп, үмметіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый ретінде намазды әкелген. Ережеп айының қасиетті түндеріне жеткен әрбір мұсылман Аллаға құлшылық, ғибадаттарын арттырып, дұға-тілектерін жасайды.
Ережеп айының барша мұсылмандар үшін орны бөлек. Алланың айы саналатын Ережеп айында қайырымды істерді атқарып, нәпіл және түнгі құлшылықтарды көптеп жасасақ, сауабының да молырақ болары сөзсіз. Алладан шын кешірім сұрап, тәубесіне келген пенденің дұға-тілектері мен құлшылықтарын қабыл етеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жаннатта сүттен ақ, балдан тәтті бір өзен бар. Ол «Ережеп» деп аталады. Кімде-кім Ережеп айында ораза ұстаса, Алла Тағала сол өзеннен су ішкізеді», деген.
Ережеп айының келуімен алдағы Рамазан айының да лебін сезе түсеміз. Рамазан айына деген рухани дайындығымызды пысықтай түсуде Ережеп айының берері мол. Өйткені Ережеп – Алладан келер жақсылықтың бастамасы.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ережеп айынан кейінгі кезекте Шағбан айына ерекше көңіл бөлген. Шағбан айында: «Аллаһым! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла көр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз» деп жиі дұға жасайтын болған. Шағбан айының он бесінші түні – қасиетті «Бәраат түні». Бұл түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі кеш. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін» деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді» деп айтқан. Ақиқаттың ақжал толқыны сахабалар да осы мезгілде бір ерекше қарқынмен құлшылық жасайтын. Парызбен қоса нәпіл құлшылықтарын орындап, жоқ-жітікке, жетімдер мен кембағалдарға қол ұшын созып көмектесетін. Сол үшін исі мұсылман жұрағаты мұндай қасиетті айларды құр жібермей, қадір-қасиетін бағалап, бейне құлшылық пен ізгілік жасауда жарысқан жандардай күй кешкені жөн.
Құлшылықтарымыздың сауабы еселеп жазылатын берекелі айлардың бірі Шағбан айы Ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді.
Қасиетті Шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Өйткені Әбу Әмәмә әл-Бәһилиден (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Шағбан айы кіргенде өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар», деген. Бұл айдағы сауабы көп құлшылықтың бірі − ауыз бекітіп, нәпіл ораза ұстау.
Сондықтан берекеге толы Шағбан айын бекерге өткізіп алмай, күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жасаған дұрыс. Бұған қоса сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сансыз салауат арнаған жөн.
Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі – Рамазан айы. Рамазан айының ерекшелігі – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрибиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Біздің халқымыз ежелден Рамазанды ерекше қастерлеп, «Он екі айдың сұлтаны» деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауызашар дастарқаны рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру –
бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз.
Рамазан – әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлылығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат ала таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Ораза болғаны үшін кешке дейін ішіп-жемейді. Сондай-ақ ашу-ызаға бой алдырмай, жұмсақтық танытады. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды.
Рамазан – рақым айы. Алла Елшісі: «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан үміт етіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», деген. Қасиетті айдың құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Өзгеге мейірім көрсеткен адамға Алла Тағала оны мейіріміне бөлейді. Кешіргенге – кешірім жасалады.
Рамазан – жақсылық айы. Оразада әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады.
Рамазан – сабыр айы. Аузы берік адам кейбір кісілердің дөрекі сөзі мен әдепсіз әрекетіне сабыр сақтап: «Мен оразамын», деген сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, төзімділік танытады.
Рамазан – өзгеру айы. Қасиетті Құран Кәрімнің «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «Қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді», деп баяндалған.
Мұсылман баласының Жаратушысының кешіріміне бөленуге тырысып, ізгі амалдарға ерекше ынта танытуы керекті уақыттың бірі – Зұлхижжа айының алғашқы он күні. Зұлхижжа айы мұсылмандар үшін аса құрметті де және ардақты айлардың бірі. Бұл айдың алғашқы он күнінде жасалатын ғибадаттардың қадірі өте жоғары. Алла Тағала қасиетті Құранның «Фәжр» сүресінің алғашқы екі аятында: «Таң шапағына серт. Және (мүбәрак) он түнге серт», деп айтқан.
Ғалымдарымыз: «Рамазан айының соңғы он күніне қарағанда Зұлхижжа айының алғашқы он күні артығырақ. Ал Рамазан айының соңғы он түні Зұлхижжа айының он түнінен артығырақ. Себебі Рамазан айының соңғы он түнінде түндердің ұлысы болған Қадір түні бар болса, ал Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде күндердің ең ұлысы болған арапа күні мен Құрбан айты бар», деген.
Бұл күндерді ізгілікпен өткізу Алла Тағалаға жақындататыны сияқты, бұл күндерде күнә істеу пендені Жаратушысынан алыстатып, оның мейірімінен мақрұм етеді. Сол себепті де Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде мұсылман жұртшылығы мынадай құлшылықтар атқаруға мән беруі қажет: қажылық, арапа күні ораза тұту, тәкбір ташриқ айту, яғни Аллаға мадақ айту, айт намазын оқу және құрбан шалу.
Иә, мүбәрак саналған қасиетті айларға да келіп жеттік. Ұлы Раббымыз Ережеп пен Шағбан айларын мүбәрак етіп, Рамазанға амандықпен жетуімізді баршамызға нәсіп етсін.
Айжан Өзбекова
Келесі мақала