ҚЫЗЫЛША – ҚАУІПТІ АУРУ
Қызылша – бұл өте кең түрде таралған инфекциялық ауру. Ол сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауа арқылы науқастың сілекейімен сыртқы ортаға тарайды. Қызылшамен кез келген бала немесе тіпті ересек адамдар да ауырады.
Алғашқы белгілері суық тиген сияқты болады. Науқастың дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, бойын әлсіздік билеп, тамаққа тәбеті болмай, құрғақ жөтел мазалап, мұрнынан су ағады, 4-5 күннен кейін денесінде бөртпелер мен дақтар пайда болады. Бұл уақытта да науқастың тәбеті жоғалып, ас ішуден бас тарады. Сол үшін осы ауруға шалдыққан адам аз-аздан әрі жиі-жиі тамақтанып отырған дұрыс. Тамақтың сұйықтау болғаны абзал. Және төсек орны мен киімін таза ұстап, бөлменің ауасын желдету керек.
Облыста 17 қаңтарға дейін қызылша ауруына шалдықты деген күдікпен 5 837 жағдай тіркеліп, оның ішінде 3 930-ының диагнозы расталды. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 323,1. Аурудың белгілері байқалған уақытта сау адамдарға жұқтырмас үшін онымен қарым-қатынасты тоқтату керек. Қандай жағдай болмасын бірден емханаға барып, медициналық тексеруден өткен дұрыс.
Ауру асқынған жағдайда менингит, пневмония, энцефалитке ұласып кетуі мүмкін. Бұл жағдайда ағзаны қалпына келтірудің ұзақ кезеңімен арнайы емдеу қажет. Осы орайда статистикалық мәліметке тоқталып өтсек, облысымызда қызылша диагнозы расталған 3 930 жағдайдың ішінде 364-і – қызылша пневмониясы, отит, энцефалит секілді тағы басқа асқынулардың ауыр деңгейі. Орташа деңгейде – 2 497, жеңіл деңгейде 1 069 тіркелген.
Облыстағы қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда. Өңірдегі қызылша індетімен ауырғандардың ішіндегі 85,8 пайызы екпе алмағандар екен. Оның ішінде екпеден бас тартып, екпеге сенімсіздік білдіргендер – 1 060, денсаулық жағдайына байланысты екпені алмаған адамдар 804 және екпе алу жасына жетпегендердің саны – 672.
Мамандар қызылшаның алдын алуда тиімді де сенімді шаралардың бірі екпе алу екенін айтады. Ол иммунитетті жақсартып, аурудың жұғу қаупін азайтады. Статистикалық мәліметке сүйенсек, облыс бойынша өткен жылдың 12 айында жоспарлы түрде 52 586 бала екпе алған. Жоспарлы екпемен қамтамасыз етілмеген бала саны – 1 820. Себебі 50-і екпеге келісім бермеген, 44-і басқа аумаққа көшіп кетсе, 883-і уақытша облыс аумағынан тыс жерлерге кеткен. 843 бала – медициналық көрсетілімі барлар, оның ішінде тұрақты медициналық көрсетілімі бар 22 бала.
Қызылшаға қарсы вакцинация 1 жас пен 6 жаста жоспарлы түрде жүргізіледі. Толық вакцинация алмаған 30 жасқа дейінгі қызылша ауруымен қатынаста болғандарға алғашқы 72 сағат ішінде эпидемиологиялық көрсетулер бойынша қызылшаға қарсы екпе салынды.
Құрметті ата-аналар, қызылшаға қарсы вакцинация өзіңізді, балаңызды аурудан қорғайтынын естен шығармайық. Кез келген ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алған тиімді.
Эльмира Байназарова
Келесі мақала