Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сапасыз интернет, қымбаттаған тариф

Сапасыз интернет,  қымбаттаған тариф
ашық дереккөз
Сапасыз интернет, қымбаттаған тариф
Елімізде интернет сапасына тағылар сын көп. Ауылдағы ағайынды былай қойғанда, қалалықтардың өзі ғаламтордың жылдамдығына жүйке жұқартады. Тұрмысымыз цифрлық технологияға негізделген дәл қазіргі уақытта ұялы байланыстың жоқтығы, интернет жылдамдығының төмендігі тұрғындардың тұтынушы ретінде ұсынылған қызмет ақысына электронды ақшамен есеп айырысуда, маманның міндетін ойдағыдай атқаруына, балалардың тиісті деңгейде білім алуына кері әсерін тигізуде. «Қалтадағы» мобильді интернет жарық, жылу, су, газ секілді коммуналдық төлемдерді төлеуде үлкен рөл атқаратыны белгілі. Тиісінше мобильді интернеттің қызметі құнына қарай басқа да қажетті ресурстар сияқты тұтынушылар үшін өте маңызды. Ал «айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызатын» интернет жылдамдығының сапасы, бағасының негізсіз өсуі дәл қазір көңіл көншітпей тұр. Жыл аяқталар тұста «Қазақстандағы ұялы байланыс операторлары ұсынған тариф құны ТМД-дағы ең арзан баға» дейтін жалған хабарламадан шаршаған жұрт тариф құнын негізсіз көтерген операторларға тексеріс жүргізуін талап етіп петиция жариялады. Халықтың үні тиісті тараптың құлағына жетіп, қазіргі уақытта ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі үш бірдей ұялы байланыс операторын тарифті негізсіз көтерген деген күдікпен тексеріп жатыр. Аталған агенттіктің хабарлауынша, биылғы статистика байланыс операторларының тариф жоспарын 7 пайыздан бірден 57 пайызға дейін қымбаттатқанын көрсеткен. Жыл басынан бері абоненттерден түскен шағым үш есеге артыпты. Арыздарды саралаған ведомство өкілдері тариф жоспарының құнынан бөлек, шарттарының да мың құбылғанын әшкерелепті. Клиенттерінің қалтасын қаққан компаниялар енді қомақты айыппұл арқалауы мүмкін. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз хатшысы Нұржан Сәдірбайдың сөзіне сүйенсек, әсіресе өткен жылдың мамыр-шілде айларында ұялы операторлар 30-дан тастам тарифтік жоспарға бағаны өзгерткені анықталған. – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде шағын операторлар мен жергілікті атқарушы органдардың үй шаруашылықтарына тұрақты түрде интернет орнату мәселесі жан-жақты қарастырылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес бәсекелестік деңгейін айқындау және тиісті тауар нарығына ену кедергілерін жоюға бағытталған шараларды әзірлеу мақсатында ұялы байланыс қызметтері нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдауын аяқтады. Қазіргі уақытта ұялы байланыс нарығы жоғары шоғырланған және мемлекет араласуы себебінен басым бөлігіне ие. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының «Kcell» акционерлік қоғамы, «МТ-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен (Tele2/Altel) еншілес мобильді операторларында дуополия байқалады. Бұл жағдай нарық үлесінде 63 пайызға ие болса, «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (Beeline) жеке операторының үлесі – 37 пайыз. Агенттіктің ескертулері мен ұсыныстарын есепке алмай, 5G желісінде ұялы байланыс қызметтерін көрсету құқығына радиожиіліктерді бөлу бойынша Цифрлық даму министрлігі өткізген аукцион нарықты монополияландырудың күшеюіне әкелді. Аукциондардың жеңімпазы «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобы болып танылды. Аталған компания 5G желісінде 100 пайыз монополияны қамтамасыз еткен. Квазимемлекеттік сектордың басым болуы байланыс операторлары арасындағы клиент үшін бәсекелестіктің төмендеуіне және бағалардың бір деңгейде сақталуына әкелді. Нәтижесінде бағаның өсуіне, байланыс және интернет қызметтерінің сапасына шағымдардың күрт өсуі байқалады, – дейді Н.Сәдірбай. Сондай-ақ талдау барысында аталған агенттік тарапынан ұялы байланыс қызметтері нарығына кіру және радиожиіліктерді алу кезінде бәсекелестіктің дамуына әсері бар кедергілер де анықталыпты. Атап айтқанда, бәсекелестікті шектейтін нормативтік-құқықтық актілік жағдайлардың болуы, радиожиілік спектр бөлу жүйесінің жетілмегендігі, инфрақұрылым мен ресурстарға қолжетімділіктің болмауы секілді кедергілер анықталған. Осыған байланысты ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігіне келеңсіздікті жоюға және саладағы бәсекелестікті дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдау туралы тиісті ұсынымдар жолданыпты. Үш бірдей ұялы байланыс компаниясының операторлары бағаның өсуін ұялы тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетумен байланыстырып отыр. Тариф құнының шарықтап өсуі тамыз айында басталған болатын. Сол уақытта «Beeline» компаниясының өкілі тұтынушылар арызына жауап қатқан еді. – Оператор қызмет көрсетуге қатысты өзгерістер туралы ақпаратты тұтынушыға 30 күн бұрын жіберуі тиіс. Тарифтер бірнеше себеппен өзгертіледі. Байланыс сапасын ұстап отыру және жақсарту желіні дамытуға үлкен инвестиция салуды қажет етеді. Осы мақсатта компания 2020-2022 жылдар аралығында 100 миллиард теңгеден аса қаржы салған еді. Оның үстіне бүкіл ел сияқты бізге де инфляцияның, девальвацияның, электр қуаты бағасының қымбаттауы және басқа да бірқатар фактордың ықпалы тиеді және біздің кейбір тарифтеріміз бен қызметтеріміздің бағасы нарықтағы бағадан төмен. Сондықтан кейбір тарифтеріміздің бағасын көтеруге мәжбүрміз. Бірақ біз әрдайым клиенттеріміздің қалауын ескеруге тырысамыз. Абоненттеріміз жинағы көп тарифтерді жиі таңдайды. Сондықтан тарифтерде гигабайт мөлшерін көбейтіп немесе кейбiр қызметтердің қолдану мерзімін ұзартып жатамыз, – деді компания өкілі. Алайда тұрғындар тариф бағасы өскенімен интернет жылдамдығы жақсармағанын айтып жиі шағым түсіруде. Халықтың басым бөлігі «бұл қалтаны тонау», «сонша ақша төлегенде сапасы жоқ болған соң ашынасың», «полет» режимін қосып, жиі ұшып отырамыз» деп реніш білдіреді. Жақында «Ookla» компаниясы әлемнің әртүрлі елдеріндегі интернет жылдамдығын зерттеп, рейтингін шығарған еді. Кестеге зер салсақ, мобильді интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан орташа есеппен 35,49 Мбит/с көрсеткішпен 67-орында тұрақтаған. Ал тіркелген интернет жылдамдығы бойынша еліміз 51,41 Мбит/с көрсеткішпен 94-орында. Рейтингте 324,92 Мбит/с жылдамдықпен БАӘ мобильді интернет жылдамдығы бойынша көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарға Қытай (161,56 Мбит/с), Норвегия (153,18 Мбит/с), Дания (147,03 Мбит/с), Оңтүстік Корея (136,40 Мбит/с) және Нидерланды (122,94 Мбит/с) жайғасқан. Тіркелген интернет жылдамдығы бойынша жетекші елдердің ондығына Сингапур (263,51 Мбит/с), Гонконг (259,02 Мбит/с), Чили (249,82 Мбит/с), Қытай (248,92 Мбит/с), Монако (247,37 Мбит/с), БАӘ (239,40 Мбит/с), Исландия (226,05 Мбит/с), АҚШ (219,71 Мбит/с), Таиланд (216,26 Мбит/с), Дания (209,52 Мбит/с) кірді. Айта кету керек, Қазақстанда 6 406 елді мекен бар, оның 6 290-ы ауыл. Өкініштісі, еліміздегі 1 432 ауылдың тұрғындары әлі күнге мобильді интернетке қол жеткізе алмай отыр. Облыстағы жағдайды баяндасақ, бүгінгі таңда аймақтағы елді мекендердің 57-сі – 2G, 66-сы 3G төмен жылдамдықты мобильді интернетін пайдаланады. Ал 244 елді мекен жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Талшықты оптикалық байланыс желісін 199 елді мекен тұрғындары қолданып отыр, қалған 170 елді мекен желімен қамтылмаған. Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамту 2022 жылы 54,6, 2023 жылы 62,7 пайызға өскенін айтады. – Басқарма тарапынан 2021-2023 жылдары «Кар-Тел» ЖШС (Beeline) 27 елді мекенде 4G мобильді байланысының сапасын жақсартуды жоспарлап, 23 елді мекенде жаңа базалық станса орнатты. «Кcell» акционерлік қоғамы болса, 23 елді мекенде 3G/4G мобильді байланысының сапасын жақсартуды жоспарлап, 26 елді мекенде тиісті жұмыстарды аяқтады. Cондай-ақ «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС 22 елді мекенде 3G-ден 4G-ге ауыстыруды жоспарлап, 4G-ге ауысқан елді мекен санын 28-ге жеткізді. Байланыс сапасын жақсарту және елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімімен және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы шеңберінде «2023-2027 жылдары Жамбыл облысының елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі» Жол картасы бекітілді. Аталған Жол картаға сәйкес, 2025-2027 жылдары 198 елді мекенде мобильді интернет желісінің сапасын 4G-ге арттыру, 28 елді мекенде жергілікті атқарушы орган тарапынан электр желілері мен антенна-діңгек құрылысымен қамтамасыз етілген жағдайда мобильді байланыс сапасын жақсарту жоспарланған. Мұнымен қоса 170 елді мекенді (455 мемлекеттік мекеме және 8 175 кәсіпкерлік субъект) талшықты-оптикалық байланыс желісімен және республикалық, облыстық маңыздағы жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 2024-2025 жылдары 12 антенна діңгек құрылысы көзделген, – дейді Руслан Москауұлы. Сонымен қатар былтыр облыстағы мобильді байланыс сапасына тексеру жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде өңіраралық байланыс инспекциясы тарапынан мобильді операторларға 51 миллион 750 мың теңге айыппұл салынған екен. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі 637-бабының 9-тармағына сәйкес, «ВОСТОКТЕЛЕКОМ» ЖШС-на қатысты материалды қарау үшін құжат Тараз қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотына жолданыпты. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин болса, операторлар тариф саясатын дербес, яғни өз қалауына сай жүргізетінін айтады. Және бұл заң бойынша бекітілген көрінеді. Министрдің бұл мәлімдемесі жұртшылық арасында қызу талқыға түсіп, пікірталас тудырды. Сондай-ақ ведомство басшысы интернет жылдамдығының тым төмендігін тариф құнының арзандығымен байланыстырды. – Арзан байланыс операторлар үшін тиімді емес екенін түсіну маңызды. Бұл – бизнес, сондықтан бизнесті дамыту, яғни желіні құру және сапаны жақсарту үшін инвестиция қажет. Кіріспен бірге инвестициялар келеді. Егер табыс төмен болса, даму үшін инвестиция құйылмайды, тиісінше сапа да болмайды. Әлеуметтік желілердің дамуына байланысты елде трафикті тұтыну бірнеше есе өсті. Бұл нені білдіреді? Бұл операторлар желісіндегі жүктеме де артты деген сөз. Бірақ шығындар тұтынылатын трафиктің көлеміне сәйкес, яғни тепе-тең түрде өскен жоқ. Қазақстан мобильді трафикті тұтыну бойынша жетекші елдердің бірі және мобильді желіні қолдану жағынан да алдыңғы қатарда, – дейді министр. Мемлекетіміздегі үш бірдей алпауыт саналатын ұялы байланыс компаниясына қатысты тексеруден соң бір нәтиже шығар деп үміттенген едік. Алайда министрдің мәлімдемесінен кейін тарифті орынсыз көтеруге қатысты ел талабы тағы да ескерілмей қала ма деген ойға баттық. Бастысы халық қалтасынан беріп отырған қаржыға сай лайықты қызмет тұтынуы керек. Осыны аталған байланыс операторлары түсінсе игі. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар