СУ ҮНЕМДЕУДІҢ ТИІМДІЛІГІ АРТПАҚ
Облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қажетті техникамен қамтамасыз ету және «Ауыл аманаты» жобасы арқылы су үнемдеу технологияларын сатып алу мәселесі бойынша кеңес өтті.
Жиында Қанатбек Қайшыбекұлы «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда шаруалардың егіс алқаптарына су үнемдеу технологиясын енгізу маңызды екенін атап өтті. Басқосуда сөз алған «BNK Group» компаниясының бас директоры Ниязалы Бейсенбаев аталған компания су үнемдеу құрылғыларын шаруаларға жеткізіп беру, алқаптарға орнату, жобалау, монтаждау жұмыстарын жүргізетінін сөз етті.
– Біз әулиеталық шаруаларға «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өз ұсыныстарымызды жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Біздің компания өткен жылдың екінші жартыжылдығында өзінің жаңбырлатып суару құрылғысын шығаратын зауытты іске қосты. Осыған орай аталған жоба бойынша бағдарламаға қатысушыларға бөлінетін қаржыға лайықталған, яғни 8 миллион мен 17 миллион теңгелік кешенді іс-шаралар ұсынып отырмыз.
Мысалы, бір шаруашылықтың алқабына су үнемдеу технологиясын қолдануды жобалау, құрылғыны әкелу, орнату секілді істі толық атқару барысында 20 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясын біз бастан-аяқ 20 миллион теңгеге жасап бере аламыз. Бұл технологияны қант қызылшасы, жүгері секілді барлық егіс түріне қолдануға тиімді және аз шығынмен мол өнім алуға болады.
Біз өз зауытымызда жаңбырлатып суару құрылғысының шағын түрін шығаруды ойластырып, қазір өндіріске қызу кірістік. Бұл 8 миллион теңгелік құрылғы 10 гектарға арналған. Ал 20 гектарлығы – 17 миллион теңге. Бұл жерде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаралған қаржыға сай 8 миллион теңгелік, ал кооперативтер 17 миллион теңгелік құрылғыны сатып ала алады, – деген Н.Бейсенбаев компания тарапынан ұсынылатын қызмет түрлеріне жеке-жеке тоқталды.
Өз кезегінде Қ.Мәдібек шаруаларға аталған құрылғыны алқапқа енгізуде несие алушы сол құрылғының өзін 60 пайыз кепілдікке, қалғанына басқа кепілзат қоя алатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар су үнемдеу технологиясын енгізуде шаруаға берілетін субсидия көлемін 80 пайыз республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесі қаралып жатқанын, бұған қатысты тиісті ереже талаптары алдағы уақытта белгілі болатынын сөз етті.
Бұдан кейін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Еркін Жылысбек, «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Жанар Исмаилова-Есжанова «Ауыл аманаты» жобасы бойынша шаруаларға көрсетілер қолдаулар жайын әңгімеледі. Бұдан кейін облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов осы жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы арқылы су үнемдеу технологиясын (жаңбырлатып суару) сатып алатын ауылшаруашылық тауарын өндірушілер мен ауылшаруашылық кооперативтеріне 2,5 пайыздық мөлшермен несие беру көзделгенін айтты.
– Несиелендіру тәртібіне келер болсақ, ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне 10 гектар егіс алқапқа 8 миллион теңгеге, кооперативтер үшін 20 гектар егіс алқапқа 17 миллион теңгеге несие беріледі. Өнім беруші – «BNK irrigation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Лизингке қойылатын қондырғының 60 пайызы өтеледі. Шаруашылық субъектілері тарапынан өтелетін сома – 40 пайыз. Бұл – жұмсалған шығындардың 50 пайызын өтеуді көздейтін инвестициялық субсидия, – деген ол облыста қанша гектар суармалы жер бар екенін, оның қанша гектарына су үнемдеу технологиясы қолданылатынын, өңірдегі ауылшаруашылық техникасының қаншауы ескі, қандай техника жаңартуды қажет ететінін баяндады.
Жиын барысында бірқатар аудан әкімі, шаруалар көкейдегі сұрақтарын қойды. «Әулиеата қант қызылшасы» қауымдастығының төрағасы, мүшелері қант қызылшасының тұқымын сатып алуды ертерек бастауға, қант қызылшасын қабылдайтын пункт ашуға, Байзақ ауданындағы алқаптарға су жеткізетін лотоктың жөндеу жұмысын ертерек аяқтауға, лизингке техника алуда, су үнемдеу технологиясын қолдануда берілетін субсидяға қатысты тағы да басқа сұрақтардың жауабына қанықты.
– Осы жерде көтерілген сұрақтардың барлығы да хаттамаға енетін болады. Ең басты мақсат – шаруалар «Ауыл аманаты» жобасы бойынша берілетін жеңілдетілген несие арқылы су үнемдеу технологиясын қолдану. Осы тұста айта кетер бір жайт, шаруалардың кейбірі «су үнемдеу технологиясын қолдануда 100 миллион теңге жұмсасам, оның 80 миллион теңгесін мемлекет қайтарып береді» деп ойлайды. Сол үшін ауылшаруашылық басқармасының жауапты мамандары лизингке техника алу, субсидиялау мәселесі бойынша жаңа ереже талаптарын жинақтап, қазақ-орыс тілінде ұғынықты етіп жазып, барлық ақпарат құралдары және әлеуметтік желі арқылы халыққа таратсын, – деді Қанатбек Мәдібек.
Сондай-ақ Қанатбек Қайшыбекұлы шаруаларға алқаптарды ылғалдандыруда «Қазсушар» және басқа да мекемелермен ақылдаса отырып, ағын су баратын егістіктердің картасы жасалғанын, сол картада көрсетілмеген, ағын су жетпейтін алқаптарға егін екпеуге кеңес берді. Қант қызылшасын егу-екпеу де әр шаруаның өз еркі екенін де атап өтті.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала