АРМАНЫНА ЖЕТКЕН ӘНЕЛ
ХХІ ғасырда, яғни дәл қазір қай елден білім аламын десең де өз еркің, еш шекара жоқ. Оқимын, үйренемін деген адамның алдында жаңа мүмкіндіктер көкжиегі ашылып қойған. Тіпті жоғары оқу орнын елімізде тәмамдасаңыз да магистрлік білімді әлемнің басқа бір бұрышынан ала аласыз. Тараз қаласының тумасы Әнел Шарафутдинова да білімін шыңдау үшін Италияға аттанып, Еуропаның үздік университеті Ла-Сапиенцада тегін білім алуда. Ондағы оқу барысының ерекшеліктері мен қызықтары туралы білу үшін Әнел Дамирқызымен сұхбаттасқан едік.
– Әнел, Италияға оқуға қалай түстіңіз? Бұл бала күнгі арманыңыз ба еді?
– Мен 2019 жылы Ә.Бөкейхан атындағы мектепті тәмамдадым. Бала кезімнен түрлі олимпиадаға қатысып, жетістіктерге жеттім. Сол уақытта мені Түркия еліне оқуға шақырды. Ол кезде небәрі 16 жаста едім, бала деп қараған болар, ата-анам шетелге оқуға жібермеді. ҰБТ тапсырып, жоғары балл жинап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне грантқа оқуға түстім. «Мәдениеттану» мамандығы бойынша білім алып, түрлі елдердің мәдениетімен танысып жүріп, шетелге оқуға түсу туралы қалауым арта түсті. Биыл дипломдық жұмысымды қорғап, қолыма алған соң Италияға оқуға түсу туралы ойлана бастадым. Ата-анам да өз кезегінде барынша қолдау білдірді. Италияда кейде IELTS-ты қажет етпейді, бірақ ағылшын тілінде білім алар болсаң, міндетті түрде тапсыру керексің. 2 аптаға жуық дайындалып, бірден тапсырдым. Оқуға түсуге жеткілікті балл алғаннан кейін өзге де қажетті құжаттарды дайындай бастадым. Бірінші кезекте, мотивациялық хатты сауатты толтыру керек. Бұл да ұзақ уақытты қажет етеді. Өйткені өзіңді іштей зерделеп, өз толғанысыңды қағаз бетіне түсіресің. Бірі өзінің бастан кешкен оқиғасын жазса, бірі отбасындағы құндылықтар туралы жазады. Өзімнің эссеме келер болсам, жоғары оқу орнында тәжірибе жинақтап, алған білімім арқылы елімнің дамуына еңбегімді сіңіргім келетінін нықтап жаздым. Сонымен қатар аттестат, 3х4 сурет, портфолио, паспорт, осы күнге дейін алған жетістіктеріңіздің барлығын жинақтап, платформаға жүктеу керек. Оқытушылардан 2 арнайы хат керек екенін де ұмытпаған жөн. Мұнда оқытушы сенің қандай студент болғаныңды суреттеп береді. Айта кету керек, құжаттарымды өткізбес бұрын мен өзіме қажетті оқу бағдарламасын таңдап алдым. Өйткені әрбір университеттің талаптары әртүрлі, қажетті уақыттарды дедлайн анықталмай тұрып өткізу керек. Және өтініш бермес бұрын университетке арнайы қаржы да төлеу керек, бұл міндеттелген талап. Көп ұзамай көптен күткен сәт те туды.
4 университеттен де маған «Құттықтаймыз, қабылдандыңыз» деген хат келді. Бұл менің үлкен өмірге аяқ басқан алғашқы қадамым болды.
– Еуропадағы білімнің еліміздегі білімнен айырмашылығы бар ма?
– Еуропадағы оқу жүйесінің біздікінен қатты айырмашылығы бар деп айта алмаймын. Бірақ мұнда еркіндік бар. Профессорлармен студенттер бір деңгейде санасады, досымыз секілді қарайды. Қате жауап берсең, бірден ұрыспайды, жылы сөзбен түзейді. Оқу барысында әртүрлі лабароториялық зерттеу жұмыстары, практика, теория өте жақсы дамыған. Бұдан бөлек мұндағы ортам жақсы. Бәрімізді ортақ арман, Отанға, отбасыға деген сағыныш бір арнаға тоғыстырады. Алғаш елге келгенімде қуаныш сезімінен гөрі кеудемді мұң билеген еді. Ата-анамды, әпке-інілерім мен жақындарымды сағынып жүрдім. Еліміздегі комфорт өмірді аңсадым. Өйткені мұндағыдай алаңдаушылық сезімі жоқ еді. Бірақ осындағы құрбыларым бұл сезімнің оларға таңсық емес екенін жеткізді. Бір жеңілдеп қалдым, қазір барлығы жақсы. Римді бар жандүниеммен жақсы көремін, мамандығымды сүйемін. Достарыма алғысым шексіз. Ал шетелдегі студенттерге келер болсақ, мұнда ТМД елдерінен келген адамдар өте көп. Қазақтарды көргенде өзімнің Италияда екенімді де ұмытып кетемін, дәл үйде жүргендей атмосфера орнайды. Сондай-ақ шетелдік студенттер үшін жағдай жақсы жасалған. Әртүрлі стипендиялардан бөлек, оқудың ақшасы басқа елдермен салыстырғанда арзан, тіпті тегін оқуға да болады. Тағы бір артықшылығы – әлемнің барлық еліне жарайтын диплом беріледі. Еуропалық университеттер әлемнің жетекші компанияларымен ынтымақтастық орнатқан. Шәкірт қолына оқу бітірді деген құжатын алғаннан кейін кедергісіз сол компанияларға жұмысқа орналаса алады. Тұруға рұқсат қағазына өтініш беруге болады. Бұл арқылы біз Италияның азаматымен деңгейіміз теңеседі. Шет мемлекеттерге шығып, артық шығынсыз саяхаттауға болады. Жақында ғана Ватикан елінде болып келдім. Маған ерекше сезім сыйлады. Бұйырса, басқа мемлекеттерге де саяхатты жоспарлап отырмыз. Швейцария, Чехия, Польша, Францияға барамыз. Әдемілікті көрген сайын бөліскің келеді ғой. Бірақ сұлулыққа тамсанған сәтте жақындарым да осында болса екен деймін.
– Студенттерге қандай да бір жеңілдік жасалған ба?
– Иә, мұнда студенттерге арналған жеңілдік өте көп. Стипендия туралы айтар болсам, мұнда өңірден арнайы бөлінетін стипендия бар. Жылына 2 мәрте 7 200 еуродан түседі. Бастысы, өтініш беру керек. Әзірге өзім жауабын күтіп отырмын. Сонымен қатар мен оқитын Ла-Сапиенца университетінде жатақхана ұтып алу да қарастырылған. Бұл да студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Жоғары оқу орындарының асханаларында да жеңілдік ұйымдастырылған. Асханаға барып, студенттік билетті көрсетсеңіз, тамақты 50 пайыз жеңілдікпен ала аласыз. Түскі және кешкі асты осында ішер болсаңыз, бар болғаны 5 еуро кетеді. Сондай-ақ ғаламтор беттерінен бір оқығаным бар болатын, тағам өнімдерін алу үшін аптасына 2 мәрте 5 еуро (2 500 теңге) көлемінде азық-түлік беріледі деген еді. Бірақ өзім мұндайды кездестірмедім. Бос уақыты болса, студенттер де жұмыс істей алады. Айта кету керек, Еуропада оқу грантын ұтып алған азаматтар үшін берілетін шәкіртақы көлемі әр университетте әртүрлі.
– Талапкерлерге қандай кеңес бересіз?
– Бакалаврға түсу үшін 12 жылдық білім, магистратураға түсу үшін 15 жылдық білім керек. Яғни 11-сыныптан кейін кез келген университет не колледжде бір курс оқуыңыз керек. 1-курста оқып жүріп-ақ Италияға оқуға тапсыра беруге болады. Өйткені оқуға тапсыру процесі 1 жылға созылады. Ал студент ол уақытта 1-курсты аяқтап қояды. Ал егер төртінші курс оқып, магистратураға тапсырар болсаңыз, онда сол жылы диплом алатыныңызды дәлелдейтін құжатты жіберу керек. Сол үшін уақытты жоспарлап, құжатты дер кезінде тапсырған жөн.
– Әнел, алдағы 5 жылды қалай елестетесіз?
– Барлығы уақыт еншісінде. Бірақ алдағы 2 жылда оқуымды аяқтап, білікті маман атансам деймін. Озық тәжірибе, сапалы білім алып, елге оралғым келеді. Білгеніммен бөлісіп, елімізді дамытсам деген арманым бар.
– Әңгімеңізге рақмет! Арманыңыз орындалсын!
Сұхбаттасқан Аяулым ЖАМАНҚАРА
Келесі мақала