
Баллондардағы газды пайдаланғанда және сақтау шараларындағы қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы адам өміріне қауіп төндіріп, кей жағдайда өлімге әкеледі. Осындай оқыс оқиғаларды болдырмас үшін құқықтық нормативтік актілердегі арнайы жабдықталмаған әдеттегі газ құю бекеттерінде тұрмыстық газ баллондарын толтыруға тыйым салынған.
ҚР «Газ және газбен жабдықтау» Заңының 28-бабының 5-тармағына сәйкес сұйытылған мұнай газын тұрмыстық баллондарға құюға газ толтыру станциялары мен газ толтыру пункттерінде ғана жол беріледі.
Жел үрлегенде немесе сұйықтық тигенде көгілдір отын сөнеді. Жанып тұрған көгілдір отты қараусыз қалдыруға, сондай-ақ, балалардың пайдалануына тыйым салу қажет. Газ баллонды плитаға 0,5 метр қашықтықтан жақын қоймаңыз. Газ баллонды табиғи газ жүйесіне қосуға және көпқабатты үйлерде пайдалануға тыйым салынады. Жалғамалардың ақауы болғанда және механикалық зардаптар әсерінен көгілдір отын сыртқа шығады. Редуктор дұрыс орналастырылмаған жағдайда өз бетінше көгілдір отын құралын жөндеуге болмайды. Газ құбырына жіп байлап, киім кептіру қауіпті. Газ жіберетін жарақты сабынды су, яғни көбікшелердің пайда болуы арқылы анықтауға болады.
Баллондардың жарылуның себептерінің бірі баллонның вентилі жеткілікті түрде жабылмаса, газ шығып бөлмені толтыра бастайды. Кез келген кездейсоқ ұшқын үй ішінде өртке әкеледі.
Тағы да бір айта кететін баллонды аяздан жылы бөлмеге әкелу. Егер сіз баллонды ұзақ уақыт бойы төмен температурада болған көшеден әкелсеңіз, температураның күрт өзгеруі газдың кеңеюіне және ағып кету қаупін арттырады. Сондықтан ешқандай жағдайда газ баллонын жылу көзінің жанына қоюға болмайды. Газдың кеңеюі нәтижесінде пайда болатын баллон ішіндегі қысымды айдау ыдыстың жарылу қаупін арттырады.
Баллонды аяздан өте жылы бөлмеге әкелмеудің тағы бір себебі баллонның бетінде конденсация пайда болады, бұл коррозия мен қауіпті жағдай болуын арттыруы мүмкін.
Авто газ құю бекетінде тұрмыстық газ баллондарын толтыруға тыйым салынған. Белгіленген тәртіппен техникалық куәландырудан өтпеген тұрмыстық мақсаттағы газ баллонын авто газ бекетінде сұйытылған көмірсутекті газбен толтыру кезінде арнайы жабдығы жоқ, сондықтан өнеркәсіптік қауіпсіздік қағидаларының талаптарын бұзу тұтынушының өміріне, денсаулығына және мүлкіне қауіпті жағдай немесе жарылыс туғызуы мүмкін.
Алмат ӘБДІМАНАТОВ,
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті
Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының
бас маманы