Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өзгерістер – өркендеудің өзегі

Өзгерістер – өркендеудің өзегі
ашық дереккөз
Өзгерістер – өркендеудің өзегі
Тағы бір жыл тарих қойнауына енбек. Қоян жылы еліміз үшін айтулы оқиғалар мен жағымды жаңалықтарға толы болды. Әне-міне дегенше 2024 жыл табалдырықтан аттайды. Қашанда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген халықпыз. Осы орайда ескі жылды қорытындылап, жаңа жылда орын алар өзгерістермен бөлісуді жөн көрдік. Биыл облыста экономикалық әлеуетті арттыру мақсатында бірнеше маңызды жиын өтті. Алғаш рет аймақта «Zhambyl Economic and Invest¬ment Forum-2023» халықаралық инвестициялық форумы ұйымдастырылды. 900-ге жуық қонақ келген іс-шара өнеркәсіп, туризм, ауылшаруашылығы, цифрландыру сынды төрт бағытты қамтыды. Басқосуда әлеуетті инвесторларға өңірдің бар¬лық мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды. Жаңартылған энер¬гия көздері, туризм, жер қойнауын тиім¬ді пайдалану, ауылшаруашы¬лы¬қ саласындағы мүмкіндіктер инвесторлар назарына ұсынылған іс-шара барысында шетелдік ірі компаниялармен 700 миллионнан астам АҚШ долларына келісімшарттар жасалып, отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвес¬торлар арасында 20 стратегиялық келісім мен меморандумдарға қол қойылды. Сондай-ақ облыста Қазақстан мен Қырғызстан арасында Өңіраралық ынтымақтастыққа бағытталған форум да өткізілді. Онда өңірлердің инвестициялық және экспорттық мүмкіндіктері, ауылшаруашылық саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланып, екі елдің кәсіпорындары арасында 65 миллион АҚШ доллары көлеміндегі 10 келісімшартқа қол қойылды. Аймақты 1 жыл 5 ай басқарған Нұржан Нұржігітов қызметінен босатылып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрі болып тағайындалды. Ал аймақ тізгінін бұған дейін Ауылшаруашылығы министрі қызметін атқарған Ербол Қарашөкеев қолға алды. Қоян жылы мәдениет және өнер саласы үшін де табысты болды. Мәселен, биыл түркітілдес елдер арасында белгілі қазақ композиторы Темірбек Жүргеновтің жылы деп белгіленді. Темірбек Жүргенов қазақ халқына ғана емес, түркі әлеміне танымал тұлға, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, сыншы-көсемсөзші, белгілі композитор. Сондай-ақ Қазақстан 2023-2027 жылдарға Дүниежүзілік мұралар комитетінің мүшесі болып сайланды. Дүниежүзілік мұралар комитеті – құрамына 21 ел кіретін ЮНЕСКО-ның аса маңызды органы. Еліміз осы комитеттің мүшесі болып қабылданды. Өңірімізде де қарымды қаламгерлердің кітаптары жарық көрді. Облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан бұл іс-шарада жергілікті 24 ақын-жазушының жаңа жинақтары оқырманға жол тартты. Ол үшін облыстық бюджеттен 50 миллион теңге бөлінді. Әлеуметтік салада да ауыз толтырып айтарлықтай айтулы оқиғалар орын алды. Биыл 14 қарашада қазақстандықтардың саны 20 миллионға жетті. Деректер базасының мәліметі бойынша, сағат 8:10-да дүниеге келген 5 сәби еліміздің жиырма миллионыншы тұрғыны атанды. Нәрестелер Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында туған. Ал 15 қарашада төл теңгеміздің айналымға енгеніне 30 жыл толды. 1993 жылдың 12 қарашасында Ұлттық валюта туралы заң қабылданып, 15 қарашадан сауда-саттық құралы ретінде қолданыла бастады. Спорт саласында да біршама жетістікке жеттік. Қазақ балуаны Ризабек Айтмұхан егемен еліміздің тарихында еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы атанды. 23 жастағы Әлішер Сүлейменов Дохада өткен «Qatar Masters Open» турнирінің екінші кезеңінде әлемнің ең үздік шахматшысы Магнус Карлсенді ұтты. 18 жастағы Зухра Ирназарова нысана көздеуден Азия ойындарында топ жарып, 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында 560 ұпай жинады. Осылайша Солтүстік Кореядан келген екі мергеннен басым түсіп, чемпион атанды. Арайлым Әбенова да самбодан әлем чемпионатында Қазақстан тарихындағы алғашқы алтынды алды. Аса ауыр салмақтағы әйелдер арасында финалда Қазақстан спортшысы Жанара Кусанованы 6:0 есебімен ұтты. 2023 жыл футболдан Қазақстан құрамасы үшін де жарқын сәттерге толы болды. Құрама әлем чемпионатының ширек финалына алғаш рет шықты. Қазақстан футбол құрамасы сырт алаңда Финляндиямен ойнап, қарсылас команданы 2:1 есебімен ұтты. Жанкүйерлер алаңда футболшыларымызды қолдап, жандарын шүберекке түйді. Ал 2024 жылы қандай өзгерістер орын алады? Еліміздің бірқатар заңына енгізілген өзгерістер Жаңа жылдан бастап күшіне енеді. Оған сәйкес ең төменгі жалақы мөлшері өседі, жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталып, балалар Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігін алады. 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, ең төменгі жалақы 85 мың теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңге, ең төменгі зейнетақы 57 853 теңге, айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңге болады. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін күнкөріс минимумы 43 407 теңгені құрайды. Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің ұлғаюына байланысты мемлекеттік баждың мөлшерлері өзгереді. Осылайша Қазақстан Республикасы азаматының паспорты үшін мемлекеттік баж келесідей болады. Айта кетсек, 24 бет 14 768 теңгені (4 АЕК) (16 жасқа дейінгі балалар үшін) құраса, 36 бет – 29 536 теңге (8 АЕК), ал 48 бет 44 304 теңгеге (12 АЕК) өзгереді. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатын алуға – 738,4 теңге (0,2 АЕК). Қазақстан Республикасы азаматының бір жыл ішінде екі реттен артық куәлік жоғалуына байланысты – 3 692 теңге (1 АЕК), азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігі үшін 29 536 теңге (8 АЕК) төленеді. Ең төменгі жалақының өсуі жалақысы төмен жұмысшыларға әсер етеді. Сондай-ақ жалақы деңгейлерін белгілеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер басқа санаттағы жұмыскерлердің жалақысын санатаралық біліктілік жүйесін ескере отырып қайта қарайды. Осының арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда барлық салаларда жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жұмысшының, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай кірісі артады. Айта кету керек, келер жылдың 1 қаңтарынан жалпыға бірдей декларациялау науқанының үшінші кезеңі басталады. Елімізде мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен жұбайларға қатысты жалпы декларациялаудың екі кезеңі өтті. Барлығы 2,6 миллион адам қамтылған. Сондай-ақ Қазақстанда Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігін балаларға есептеуді көздейтін «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асыру басталады. Ұлттық қордан балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылған қаражатты болашақта тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуына жұмсауға болады. Тұрғын үй сатып алуға немесе жақсартуға Қазақстан аумағында ғана рұқсат етілген, ал білім алу үшін шетелдік оқу орнында оқуға мүмкіндік бар. Бала 18 жасқа толғанға дейін есепке жазылған қаражат Ұлттық қорда болады және Ұлттық банк қаржы құралдарына инвестициялауды жалғастырады. Баланың туған күнінен немесе Қазақстан азаматтығын алған күнінен бастап 18 жасқа толғанға дейін оның бағдарламаға қатысқан тиісті мерзімі үшін әрбір баланың шотына бірдей сома аударылып тұрады. Шотта жинақталған қаражатты балалар 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға мүмкіндік беріледі. Алайда балалар азаматтықты өзгерткен жағдайда бұл құқығынан айырылады. Одан бөлек 1 қаңтардан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге өнеркәсіп пен салаларды дамытуға қосқан қомақты үлесін ескере отырып, зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлемдерді енгізу жоспарлануда. Қызметкердің денсаулығына келтірілген зиянның дәрежесі ескеріледі. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы аясында тәсілдер әзірленді. Заң жобасында төрт төлем көзінен тұратын Мемлекеттің коммуналдық қазналық кәсіпорны қарастырылған, оның бірі республикалық бюджеттен төленетін арнайы кәсіби мемлекеттік жәрдемақы. Сонымен қатар қызметкерлерге қолданыстағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары арқылы БЖЗҚ-дан төлемдер алу құқығы берілген. Төлемдер зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнайы әлеуметтік төлемдерді алу үшін сізге зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстан шығу қажет болады. Яғни қызметкерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады (еңбекақы мен жәрдемақы алады) немесе еңбек демалысына шығып, зейнетақы тағайындалғанға дейін төлемдерді ала алады. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге салынған мораторий мерзімі 2024 жылдың қаңтар айына дейін ұзартылған еді. Демек, 1 қаңтардан бастап шағын және микро бизнесті тексеруге арналған мора­торий тоқ­та­ты­лады. Осылайша бақылаудың барлық салаларында тәуекелдерді басқару жүйесі енгізіледі. Сондай-ақ жаңа жылдан бастап Қазақстанда Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жойылады. Ол жылдық табысы 4,1 миллион теңгеден аспайтын азаматтар үшін енгізілді. Бірыңғай жиынтық төлем 2019 жылдан 2023 жылға дейін, яғни уақытша қабылданған еді. Ол 2023 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Осыған байланысты Бірыңғай әлеуметтік төлемді төлейтін азаматтар 2024 жылдан бастап жеке кәсіпкер болып, тиісті салық режимін таңдауы қажет. Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен 2024-2028 жылдар аралығында 1,5 пайыздан 5 пайызға дейін кезең-кезеңімен жұмыскерлерінің пайдасына аудару басталады. Яғни зейнеткерлікке шыққан кезде бұл жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етілетін болады. Бұл шара жас буынды қолдауға бағытталған, олардың зейнетақы мөлшері олардың зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады. Олардың зейнетақысы үш компоненттен: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен болады. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу әсіресе ынтымақты өтілі жоқ (1998 жылға дейін) немесе ынтымақты жүйедегі өтілі аз азаматтар үшін өзекті. Сонымен қатар жаңа жылдан бастап газ жабдығы бар көліктерде арнайы сәйкестендіру белгісі болуы керек. Өзгеріс Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен бекітілген Жол қозғалысы ережелерінде болды. Леп белгісі және «GAS» деген жазуы бар сары түсті үшбұрыш нышан газ баллонды жабдығы бар көліктердің барлығына жапсырылуы тиіс. Сондай-ақ бұл белгі жабық паркингтерге кіргенде автокөлік оңай танылатындай етіп орнатылуы қажет. Бұл газбен жүретін көліктердің жабық тұрақтарға қойылмауын бақылап, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар жеке басын куәландыратын құжаттарды алған кезде саусақ іздерін тапсыру рәсімі басталады. Әзірге бұл процесс Қазақстан азаматтары үшін ерікті болады. Бірақ елімізге келетін шетелдіктер үшін бұл міндетті болмақ. Иә, жаңа жылда орын алар өзгерістердің барлығы оңынан болсын! Осы орайда «AR-AI» газетінің оқырмандарын жаңа жылмен құттықтағымыз келеді. Ұлу жылында тек жақсылықтар орын алып, елімізде тек шаттық орнасын! Келе жатқан жаңа жыл бәрімізге берекелі болғай! Аяулым ЖАМАНҚАРА aaiauka@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар