Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақ үшін қасиетті «Өмір ағашы»

Қазақ үшін қасиетті «Өмір ағашы»
ашық дереккөз
Қазақ үшін қасиетті «Өмір ағашы»
«Жаңа жылым жарылқа, ескі жылым есірке» дегендей, енді міне, тағы да бір жылды ұзатып, жаңа жылды қарсы алғалы жатырмыз. Ал бір жылдан енді бір жылға ауысатын осы бір тарихи сәтті біз шырша безендіруден бастаймыз. Қазақ есебінде жаңа жыл наурыз айында келеді десек те, осы дәстүрлі жыл санау бойынша жаңа жылды қаңтардың басынан бастап жүрміз. Мейлі қай кезеңде басталса да біздің айтпағымыз ол емес. Біздің қаузағалы отырған дүниеміз шырша туралы болмақ. Бұл ағаш туралы халық арасында неше түрлі аңыз аңгімелер көп-ақ. Сол аталмыш әңгімелердің бәрінен де аңғаратынымыз, бұл ағаштың киелі болып саналатындығы ғана. Ал кейбір деректерде біздің шырша ағашы деп жүргеніміз арша ағашы екен. Сондықтан да халық арасында арша-шырша деп екі сөз қосылып айтылады деген де анықтама бар. Өйткені екеуі де аталас, тамырлас, бір тұқымды ағаштар. Ал шырша жағу, тұтату немесе жаңа жылды осы ағашпен қарсы алу қайдан шыққан дәстүр дегенге келсек немесе жаңа жылды қай уақыттан бері қаңтардан бастап қарсы алатын болғанбыз? Осы сұрақты тарихшы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім басшысы Асылжан Дулатиға қойған едік. Тарихшы бұл жаңа жылды тойлау дәстүрі бұрыннан болғанын айтып, бізді таңғалдырды. – Соңғы жылдары елімізде, әсіресе ислам дінінің уағыздары көбейе бастаған тұста көпшілік арасында Жаңа жыл мерекесін атап өтуге қатысты сан алуан пікірлер айтылып жүргені рас. Біреулер оны қазақ халқы тойламауы керек, дініміз бен ділімізге жат нәрсе, Аллаға серік қосу, ширк десе, енді біреулері бүкіл әлем тойлап жатқан мерекені неге атап өтпеске деген сынды ойларын білдіруде. Жалпы көбісінің айтатыны – қазақтың жаңа жылы Ұлыстың ұлы күні – Наурызда тойлануы керек деген ойлар. Кейбір адамдар Жаңа жыл мерекесінде шырша құрмайтынын, діни тұрғыда харам, ұлтымызға тән емес мейрам деп санайтындарын айтып, бұл жаңа жыл өз маңызын жойды дегісі келеді. Әрине, жаңа жылды атап өту немесе атап өтпеу әркімнің өз қалауы. Алайда аталған шырша мейрамы қай ғасырлардан бастау алады және оны кімдер ойлап тапты деген сұрағыңа жауап беретін болсам, бұл мәңгілік көгеріп тұрушы шырша мен арша ағаштары туралы ең алғашқы түсінік түркі халықтарында пайда болған. Ұлы даланың қожайыны болған түркілер әрбір жорығында немесе әрбір ұзақ-сонар көшінде даладағы барлық табиғат құбылыстарының тылсым жұмбағын игере білуге тырысқан, тіптен игеріп те алған. Себебі сан мыңдаған ұзақ шақырымға созылған көш барысында ауру да, сырқау да болуы мүмкін, әрбір күнделікті ас-ауқатын сақтау да керек деген сияқты өмір қағидаларына мән беріп отырған. Соған байланысты табиғаттағы барлық шөптер мен ағаштардың емдік, пайдалық қасиеттерін терең ұғынуға тырысты. Солардың ішіндегі шырша мен арша ағаштары көптеген ауруға ем болған. Біле-білсеңіз, бабаларымыз тек осы екі ағаштан ғана бесік жасаған. Неге? Себебі арша ағашы өскен, тұрған жерге ешқандай шыбын-шіркей мен құрт-құмырсқа жоламайтын болған. Яғни осы ағаштан жасалған бесіктегі балаға ешқандай зиянкес зиянын тигізе алмайды. Сонымен қатар ас-ауқаттың қасында арша тұрса, ешқандай тамақ бұзылмайды, – дейді ол. Расында, аршаның мұндай қасиеті бар екенін ғылым да жоққа шығармайды. Мысалы, аршаның бойынан бөлінетін эфир майы ауаны зиянды микробтардан тазартады. Бүрі өте хош иісті, құрамында шайыр, 40 пайызға дейін қант, және де көптеген органикалық қышқыл бар екендігі бүгінгі таңда дәлелденіп отыр. Ал тарихшы Асылжан Дулати Мұрат Әжі атты ғалым өзінің «Қыпшақтар» деген еңбегінің «Шыршалар мейрамы» атты тарауында әдемілеп суреттеп жазғанын, онда түркілердің наным-сеніміндегі «жол ағашы», түркі тілінде «йол ағашы» деген сөзден, кейін келе, «Ёл» деген атау пайда болғанын айтады. Сондай-ақ түркілік дүниетанымдағы аруақтар әлемінің иесі Үлген деп аталатын ата Еуропада Аяз атаға, мұсылман елдерінде Қызыр атаға айналып кеткен дейді. Ал ата-бабаларымыз тойлаған Жаңа жыл мерекесі Еуропаға Аттиланың шапқыншылығымен барып, Еуропаның ұлттық мейрамына айналды дегенді алға тартады. – Баяғы замандарда біздің бабаларымызда жаңа жылды тойлауды желтоқсан айының 22-25-жұлдыздарында бастаған. Неге? Себебі дәл осы уақытта 22:00-де түн ең қысқару шегіне жетіп, үш күн тоқырау болып тұрады да, 25-күні ең ұзақ жаңа күннің ұзару мерзімі басталады. Осыдан ұзарғаннан ұзарып отырып, Наурыздың 22-жұлдызында теңеседі. Әрі қарай ұзара отырып, маусым айының 22-жұлдызында күннің ұзаруының ең шекті уақытына жетіп, түннің ұзару уақыты басталады. Түн ұзара отырып, қыркүйектің 22-жұлдызында күн мен түн қайта теңесіп, түн ұзаруын жалғастыра береді. Аяғында желтоқсанның 22-жұлдызында түннің тоқырау шегіне жетіп, жаңа күннің ұзару уақыты қайта басталады. Көрдіңіз бе, қазақтар бір жылдың ішіндегі күн мен түннің ауыспалы шағындағы барлық кезеңдерін біліп, сол уақыттарға қарап-ақ болашаққа болжамдар жасаған. Ауа райының қалай болатыны, алдағы маусымдардың қандай күйде өтетіні сияқты, күн, түн, жұлдыз, ай, тағы басқалары арқылы алдын ала астрономиялық біліммен көріпкелдік бағдар алған. Бұл – сол кездегі барша түркі халықтарының өздерінің болашағына арнап табиғи-ландшафтық өзгерістердің қалай болатынын ертерек болжауға көмектескен. Күн мен түннің осындай алма-кезек жүрісі олар үшін өте қажетті бағдар болған. Міне, осы 25 желтоқсанды «жыл басы» деп шуақты жаңа күніміз басталды. Енді бізге молшылық пен бақ-береке келеді деп иланған бабаларымыз мәңгілік көгеріп тұрушы шырша ағашын айналып, оған түрлі-түсті шүберектер мен маталар байлап, түрлендіріп, Тәңірге сыйыну мәмілелерін жасаған. Осы әртүрлі түстегі шүберектерді байлау біздің қазақ халқында әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Айдаладағы жалғыз ағаш көрсек болды, оны қасиетті санап, «әулие тал» деп, осындай түрлі-түсті шүберектер байлау сенімі бар. Әулие-әнбиелерге бара қалсақ та міндетті түрде шүберек байлау күні бүгінге дейін келе жатыр. Міне, бұл сол кезден бері қалып келе жатқан діни дәстүріміздің жалғасы болатын. Және де түркілер шыршаны айналып, оған тілектерін айтқан кезде «Көкте көк Тәңірі, жер астында Үлген ата, ортасында екі әлемді мәңгілік байланыстырып тұрушы, мәңгілік көгеруші, бізге бақ-береке әкелуші – Жол ағашы» деп сенген, – дейді А.Дулати. Міне, қарап тұрсақ, біздің ата-бабаларымыз бұл ағашты өмір ағашы деп санаған. Тіпті мәңгілік өмір сыйлаушы немесе сүруші деген ұғым қалыптастырған осы бір ағаш туралы аңыздардың біріне назар салатын болсақ, онда былай делінеді. Бір заманда жер бетіндегі барлық жанды-жансыздың тілін білетін бір патша болыпты. Ол қартайған сайын өлместің суын іздетіпті. Сонда көптеген уәзірлері «Әбілхаят деген су бар. Егер соны тапсаңыз, мәңгілік жасарып тұрасыз» деп ақыл қосады. Мұны естіген патшадан маза кетеді. Ол жатса да, тұрса да сол суды іздеумен болады. Сөйтіп, бір күні әлгі суды өзінің сенімді серігіне айналған құсына тауып келуді тапсырады. Ақырында әлгі жіберген құсы ол суды бір таудың басындағы үңгірдің ішіндегі бұлақтан табады. Сөйтіп, суды алып келе жатқан жолында бір-екі тамшысы осы қарағай, арша, шырша сияқты ағаштарға тамып кеткен екен. Қалғанын орта жолдан құсқа кездесіп қалған Қыдыр баба ішіп қойып, әлгі патшаға да бұйырмапты деседі. Солай әлгі құс қайта айналып иесіне бара алмағандықтан оған қарғыс өтіп, өзі құзғынға айналып кеткен екен. Ал жаңағы суды көрген құзғын да ұзақ жасайтын болыпты дейді-мыс. Осындай сенім мен нанымдардан болса керек, халқымызда «ағаш анасы – арша» деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан да болар, ертеде қазақ батырлары жолаушылап, ұзақ сапарға шыққанда өзіне арша ағашының кесінді жаңқасын бойтұмар қылып тағып жүретін болған. Ал ғылыми негізде бұл ағашты қылқан жапырақты ағаштардың ішінде арша – кипаристер тұқымдасына жататын мәңгі жасыл бұта деп сипаттайды. Қазіргі таңда елімізде аршаның 10 түрі өседі. Олар кәдімгі арша, сауыр арша, дәрілік немесе Сібір аршасы, зеравшан аршасы (қара арша), Түркістан аршасы (балғын арша), қызыл арша, Талас аршасы деп бөлінеді. Мейлі қалай десек те осы бір қасиетті ағашты жаңа жылда үйімізге қойып немесе жасанды шыршаларды безендіріп жаңа жылға, жаңа күнге деген өз ішіміздегі арман-тілектерімізді айтып, алдағы күннен жақсылықты үміт етудің еш әбестігі жоқ. Барлығымызға алда келе жатқан ұлу жылы құт алып келіп, қазақ қоғамы мәңгілік арша ағашындай гүлденіп, көркейе берсін. Шапағат ӘБДІР sapagat. abdir@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар