Құзыреттілік орталығы ашылды
Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде «Жас маман» жобасы аясында «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша құзыреттілік орталығы ашылды.
№16 Жуалы колледжі 2021 жылы «Жас маман» республикалық жобасына қатысқан болатын. Жобаның мақсаты – республика көлеміндегі 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту. Сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша бәскекеге қабілетті мамандарды даярлау. Сұранысқа ие 100 мамандықтың қатарына Жуалы колледжінің «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығы да кірді.
Бұл жоба колледждің халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа жабдықтармен, бағдарламамен оқыту, яғни ауылшаруашылығының техникаларымен, агрегаттар мен қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етіп, колледж студенттерін даярлау процесін жақсартып қана қоймай, колледж базасында құзыреттілік орталық ашуға да мүмкіндік берді. Аталған орталық «World Skills» облыстық, республикалық және халықаралық чемпионаттарының қатысушыларын даярлауға, «World Skills» сарапшыларының тағылымдарына, сондай-ақ шетелдік серіктестермен тәжірибе алмасуға арналған.
Құзыреттілік орталығының ашылу салтанатында аудан әкімі Жалғас Мұртаза мен облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев сөз сөйлеп, колледж оқытушылары мен шәкірттерін құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде колледждің жетістіктеріне тоқталып өтті.
«Колледж 2021 жылы 100 сұранысқа ие мамандық негізінде еліміздің 180 колледжі мен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу мақсатында жарияланған «Жас маман» жобасына қатысып, 700 колледждің ішінде үздіктердің қатарынан көрініп отыр.
Колледж «Жас маман» жобасын іске асыру кезінде халықаралық стандарттар негізінде оқыту бағдарламасына сәйкес тракторист-машинист мамандығы бойынша жыл сайын 20 маманды даярлайтын болады. Ол үшін қажетті қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген 3 кабинет және 5 агрегатталған техника қызмет көрсетеді.
Білімді және белгілі бір дағдылар мен қабілеттерді меңгерген маман біздің заманымызда ең сұранысқа ие болып отыр. Сондықтан құзыреттілік орталығынан білім алып шыққан мамандарымыз еліміздің, оның ішінде ауданымыздың ауылшаруашылық саласының дамуына өз үлестерін қосады деп сенеміз, – деді аудан әкімі.
Орталықтың лентасын облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзұмбеков, аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов және аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев қиды.
Ашылу салтанатына келген қонақтар орталықтың жаңадан жабдықталған кабинеттеріндегі құрал-жабдықтармен, студенттердің теория мен тәжірибені ұштастыру барысымен танысты.
«Жас маман» жобасы бойынша колледжге барлығы 17 ауылшаруашылық техникасы мен қосалқы агрегаттар алынған болатын. Колледж шеберлері мен студенттерінің жүргізуімен жоба аясында алынған жаңа техникалардың шеруі өтті.
Салтанатты шара аудан өнерпаздары мен колледж студенттері және оқытушыларының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
Жуалы ауданы
Келесі мақала