Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қариялар қайда?

Қариялар қайда?
ашық дереккөз
Қариялар қайда?
– Ассалаумағалейкүм! – Уағалейкүмассалам, қай баласың? – Нұрыммын ғой, ата. – Әй, әкеңнің атын айт. – Болаттың баласымын, Нарғұлының немересі, – деп, әкем мен қосып атама дейін түгелдеймін. – Е, бәсе. Айтпақшы, атым кім дедің? – Нұрым. Әлгі кісі мен атымды атаған сайын сұрым, пұрым, тұрым, мұрын деп жалғастыра береді. Мен де әр сұраған сайын жалықпай қайталаумен боламын да, ақыр соңында шыдай алмай «Нұрым!» деп қатты айқайлап жібергенде ғана еріккен шал қолымды тас қылып қысқан алақанын сәл босаңсытып, «айқайлама, керең емеспіз» дегендей едірейе бір қарап, «Әә, сен әлгі Нәкеңнің немересі емессің бе?» дейді атамның атын атап. Зорға танығанына қуанып кетіп, бас изеген маған қайта шүйлігеді. – Қай сыныпта оқисың? – Үшінші. «Үшінші сыныпта оқитын түрің осы ма?» дегендей бетіме сәл бажырайып көз тоқтатады да: – Осы төңіректе үшіншіні бітіре алмай орнында қалып қойған бала бар деп еді. Сол сен емессің бе? – дейді. – Жоқ, мен емес, – деймін сенімді түрде. Өйткені біздің маңайда мен секілді үшіншіні бітіргендер көп. Бір-екеуі хат та танымайтын қара басқандар. «Көшпесе солар көшпеген шығар» деген ішкі ойымды бұзып, әлгі ата тосыннан селт еткізеді. – Өткенде деректірлерің «Бір қойшының баласын класында қалдыратын болдық. Демалыс бітпей жатып қойлы ауылға қашады. Оқу басталған соң бір аптадан кейін зарықтырып зорға келеді» деп жатқан. Байқашы, көштің бе, көшпедің бе, анық-қанығын сұрап біл, – дейді де, «ал бара бер» деген ымырамен қолымды босатады. Ал келіп үрейленесің. Масқара-ай, қашайын деп қашпайсың ғой. Елдің балалары лагерьге кетіп жатқанда біз оның не нәрсе екенін сырттай ғана білетінбіз. Әр тоқсан аяқталғанда, әсіресе жазға қарай «көре сал» мен «айдай сал» деген бұйрықты тиімді дей ме, топырлатып үш-төртеуімізді малды ауылдан бірақ шығарады. Содан айраныңды ұрттап, қойыңды бағып, күннің қызыл арайына жон теріңді күйдіріп жүресің. Тамыз айының соңы таяғанда мектепке оралар сәт келеді. Жаңа оқу жылына барарда төртке өткенің, өтпегенің жөнінде күдік пен үміттің арпалысына түсіп, сарыуайымға салынасың. Айтқандай, жайлауға бара сала бұл жайтты шешеме айтқанда бос әңгіме екенін ұқтырып, тегін ақылды миыма сыналап сіңіріп, сабама түсіретін. Тіпті шешем бір жолы үйде топ адамға шай құйып отырғанда сол Сейітқасым ақсақалды ұмытып кетіп, кесесін қайырмай қойған-ды. Ол «шәй құй» деген ымыраны «Зәке, мен шай ішіп болдым ба?» деп білдіргенін естіп, қылжақ кісі екені мәлім болған соң іштей тынғам. Бірақ тұп-тура «сборға» кетіп бара жатқанда қайтадан күйзеліске түсетінбіз. Мектептегі сыныптастарды көріп, өз үйіріме қосылғанда ол кісінікі бос сөз екеніне көзіміз жеткен. Өсе келе бізден кейінгі балаларды да солай тергеп жатқанын көріп, іштей мырс етуші едік. Жас демей, кәрі демей қалжыңдаса беретін марқұм Сейітқасым ата бір кезде менің оқу аяқталмастан жаз жайлау, қыс қыстауға тартып кететінімді байқап, «бүйте берсең орныңда қалып қоясың» дегенді ойнап болса да сездіргісі келгенін енді ұққандаймын. Қайран, ауылдың қариялары-ай! Бұл күнде біразының көзі жоқ. Ауылға барсаң қарияны көзің шалмайды. Белі сұрау белгісіндей иілген бірер әжейді тауып қалуың мүмкін. Бала күнімізде той-томалақ тек жазда ғана болып, қалған соғымбасы, ауызашар, анау-мынау жиын-тойлар қыста болатын секілді көрінетін де тұратын. Есейе келе ауыз ашардың жылдың кез келген мерзіміндегі ораза айында бола беретінін білдік. Әйткенмен ертеректе ауылдағы құдайы тамақ, Құран оқыту секілді жиындарға жаздың күні есегін тепеңдетіп тек шалдар, сосын кемпір-сампырлар баратындай көрінуші еді. Елдегі ағаларымыз тамақ асып, дастарқан жайса, бірді-екілі ақсақалды ғана көзің шалады. Қалғаны өзің құралпы жас жігіттер мен өзіңнен сәл ғана үлкендер, елуді енді еңсергендер. Әлде қазіргі ауыл ағалары күміс сақалын кіндігіне түсіріп, қария болудан қашқақтай ма екен? Әйтеуір, гүж-гүж әңгіме соғып, бір-бірін қағытып отыратын аталардың орны ойсырап-ақ тұр. Бір жақсысы, иегіне бес-алты сақалды қонжитып, не шал не шауқан бола алмай, балағын шорт кескендерден де ада біздің ауыл. Ауылдық жердің өзінен сақалды қарияны сирек көзіміз шалатын болған соң қаймағы бұзылмаған дін ұстанушыларға сақалың жоқ деп мін айтуға да батпайтын болдық. Жастай сақал қойып, мешіт жағалап жүргендердің амалы «дұрыс емес» деп те айта алмаймыз. Бірақ біз кешегі ауылдағы дана, шежірелі қарттарды сағынып жүрміз, соларды аңсаймыз. Қарттар қайда? Олардың өсиетін, уәлі сөзін сағынамыз. Қарттардан тәлім алмаған жастардың көңілі таяз, ізеті төмен болатыны айдан анық. Не десеңіз де көк есегін мініп жиыннан қалмайтын, пошымыңа қарап-ақ үрім-бұтағыңа дейін танып қоятын дана, өсиеті мол, әр сөзі асыл ақсақалдарды, кеудесін сүйреткен көнекөздерді іздеп, сонау алыста қалған алаңсыз күндерді сағынып жүргендеймін... Нұрым СЫРҒАБАЕВ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар