Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жан жадыратқан «Жастар балы»

Жан жадыратқан «Жастар балы»
ашық дереккөз
Жан жадыратқан «Жастар балы»
Жастық шақ – адам өміріндегі ең сәулелі кезең Студенттік шақ кімді де болсын қызықтырмай тұрмасы анық. Өткен аптада жетістікке жеткен жастарды қолдау, белсенді жастардың ортасын қалыптастыру және жастарды ынталандыру мақсатында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар балы – 2023» салтанатты іс-шарасын ұйымдастырды. Осыған орай өңірде есімі кеңінен танымал белсенділер, пікірсайысшылар, волонтерлер, жайдарманшылар, БАҚ өкілдері, қаламыздағы барлық колледждердің білімгерлері шаһардағы «Golden hall» мейрамханасында бас қосып, әдемі кештің көрігін қыздырды. «Жастар балының» шымылдығы өнерлі ұл-қыздардың қазақы биімен түрілді. Салтанатты іс-шараны облыс әкімінің қоғамдық-саяси, жастар ісі жөніндегі кеңесшісі Берік Бегалиев құттықтау сөзбен ашты. – Облыс әкімдігінің жастар саясаты басқармасы мұрындық болған бұл іс-шара студенттердің жыл аяғындағы мерекесі іспетті. Осыдан он жыл уақыт бұрын, 2013 жылдары біз де сіздердей студент болып жүрген едік. Біздің кезімізде де студенттік балдар дәстүрлі түрде өтіп тұратын. Осы жиынды сол студенттік балдың жалғасы деп білемін. Құрметті жастар! Қазіргі заман сырт көзбен қарап тұрсаң, нағыз мүмкіндіктер кезеңі. Өзіміздің де қартайып тұрғанымыз шамалы. Алайда он жыл артқа көз тастап қарасақ, сіздерге беріліп отырғандай мүмкіндіктер біздің кезімізде шамалы болғаны байқалады. Осы заман ағымына қарай көштен қалмай, жаңашылдыққа құмартып, бар қолдау мен мүмкіндіктерді пайдаланып, жасындай жарқыраңыздар. Бірақ ұлттық құндылық, отансүйгіштік, адамгершіліктен ажырамаңыздар. Өкініштісі, қазақтың үлкен тәрбиелік мазмұны бар рухани байлығы шетінен жоғалып бара жатыр. Ұлт ретінде жойылып кетпейік десек, халқымыздың ежелден келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін ұмытпай, жүрегіміздің түбінде сақтауымыз маңызды. Сондықтан жаңашылдыққа жақын болайық, қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланайық, – деді Берік Дүйсенбайұлы. Сондай-ақ облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар да жастарға жылы лебізін арнады – Бүгінгі кешті расымен де студенттік балдың жалғасы деуге келеді. Алайда біз балдың форматын шамалы өзгертіп отырмыз. «Жастар балы – 2023» кешінде ең үздік, ең белсенді жастардың басын қостық. Жамбылдық жастар жыл аясында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарды. Соларға арнап осы іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Облысымыздағы әр өңірде жастар саясатына барынша үлесін қосып жүрген жастар ресурстық орталықтары бар. Орталық қаншама жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартып, ақыл-кеңестерін беріп, жол сілтеп жүр. Бүгінде осы орталықтардың ішінде үздіктерін анықтап отырмыз. Сонымен бірге жастар саясаты басқармасы тарапынан атқарылып жатқан қаншама ауқымды жұмыстарды халыққа жеткізіп, жариялап жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері отыр арамызда. Жас журналистерімізді керемет кешке куә болып, жалынды жастардың қатарынан табылсын деп ескеріп, арнайы шақырып отырмыз. Жыл аяқталар тұста әдемі кеш ұйымдастырып, әр бағытта өзінің белсенділігін танытып жүрген волонтер, дебатшы, жайдарманшы, жастар ұйымдары және өзге салада оқ бойы озық жүрген жас буынды марапаттауды жөн көрдік, – деді Жомарт Дүйсенұлы. Облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Исламбек Дастан, Жамбылдан шыққан алғашқы жайдарманшы, «Бауырсақтар» командасының капитаны болған, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметте жүрген Саят Төлепберген де жастарға ізгі лебізін арнап, кештің ұмытылмас әсерге толы болуына тілектестік білдірді. Салтанатты жиында «Жастар балы – 2023» іс-шарасына орай ұйымдастырылған байқаудың қорытындысы жарияланды. Басқарма басшысы 8 номинация бойынша жеңімпаз болған жастарға бағалы және ақшалай сыйлықтар, дипломдар мен алғыс хаттар табыс етті. Тарқатып айтсақ, «Үздік студент» аталымы бойынша Ербол Тлепов жеңімпаз атанды. «Үздік жастар ресурстық орталығының маманы» аталымына Еркебұлан Спабек лайық деп танылды. «Үздік пікірсайысшы» аталымына Марлен Абрашим ие болды. Биылғы республикалық «Jaidarman» жобасында «Үздік ойыншы» аталымын жеңіп алған Қайрат Оразбеков «Үздік жайдарманшы» аталымында топ жарды. «Үздік волонтерлік ұйым немесе топ» аталымында «Жаса жастар» қоғамдық бірлестігі жеңіске жетті. «Үздік жастар ісі жөніндегі комитет жетекшісі» аталымы Мақпал Сатымбековаға берілді. Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығы «Үздік жастар ресурстық орталығы» номинациясына лайық деп танылды. «Үздік студенттік ұйым» номинациясы Қазақстан студенттер альянсы Республикалық студенттер қозғалысының облыстық филиалына бұйырды. Ал Дархан Өмірбеков «Үздік пікірсайыс көшбасшысы» аталымына қол жеткізді. Мерекелік іс-шарада жастар ән шырқап, би билеп, өзара қалжыңдасып, кешті жандандырып отырды. Әсіресе колледж студенттерінің қатысуымен 30 жұптан құралған қыз-жігіттердің классикалық вальс биі кештің мазмұнын аша түсті. Салтанатты сәтте «Jaidarman» жоғарғы лига ойынында ІІ орын алған «Жуалы» тобының ойыншысы Қайрат Оразбеков те жастарға тілегін арнады. – Бар айтарым, бойларыңызда жастық жалын оты маздап тұрғанда өздеріңізді дамытыңыздар, өсіңіздер, жетіліңіздер. Болашақтарыңыз жарқын болсын! Қай істе де жолдарыңыз болып, жақсы қырларыңыздан танылыңыздар! – деген жайдарманшы әдемі әзілімен кеш қонақтарына күлкі сыйлап, көңіл көтерді. Ұмытылмас әсер сыйлаған кеште қазақстандық жастарға «Қошақан» әнімен танымал болған жұлдызды дуэт «Bakha & Bereek» ән тобы өнер көрсетті. Жастар арасында классикалық бал мәдениетін қалыптастыруға, жастар шығармашылығын қолдайтын қаланың білім беру мекемелерінің имиджін көтеруге, жалпы жастардың шығармашылығын дамытуға ықпал ету ниетімен ұйымдастырылған бал ұзақ уақыт жамбылдық жастардың ойынан кетпейтіні анық. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар