Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Нар тұлғалы Нарбаев

Нар тұлғалы Нарбаев
ашық дереккөз
Нар тұлғалы Нарбаев
Дәл бүгін Тараз қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Әлеуметтік саланың үздігі Балабек Нарбаев асқаралы 60 жасқа толып отыр. Балабек Жәнібекұлы екі шақырылым Тараз қалалық мәслихатының хатшысы, Сарысу ауданының әкімі, еңбек инспекциясы басқармасының басшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін әр жылдары абыройлы атқарған. Қазіргі таңда облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры. Газетіміздің жанашыры, әрі өңірге танымал азаматтың мерейтойына орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқарбек Сейілханның мақаласын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Редакциядан Біздің таныстығымыз тоқсаныншы жылдардың аяқ кезіндегі «қайта құру» деген атпен әйгілі болған кезеңмен тұспа-тұс келді. Ол бір қиын аласапыран уақыт еді ғой. Қалада жарық пен жылу, газ деген көзден бұлбұл ұшып тұрған кезең. Көпқабатты үйде тұратын қалалықтар есіктерінің алдына ошақ қазып, ас-суларын сонда пісіруге көшкен. Қол жеткендер газ баллонды үйдегі газ плиталарына жалғап, күнкөрістің қамын жасайтын. Ол кезде арнайы цехтар аз ба, әйтеуір, газ баллонды толтыру деген үлкен проблема еді. Сол жылдары облыстық «Жамбыл» телеарнасында редактор болатынмын. Біз қаладағы бейберекет орналасқан базарлар мен жабайы саудагерлерді жедел түсіріп, эфирге беру туралы тапсырмаларды жиі алатынбыз. Сондай жедел түсірілімге көшеде газ баллондарын толтырып сататын автоцистерналар туралы бейнесюжет жасау маған тапсырылды. Қазіргі «Жансая» ықшамауданының арғы бетіндегі май құю стансасының орнында газ цистернасымен автомашина тұратын. Сол өткен-кеткен машиналарға газ құйып беретін. Жоғарыдан дүңкілдеп жеткен жарлық «сол жерде тұрмыстық газ баллондарына әлгі автоцистерна газ толтырып беріп сатып жатыр. Соны түсіріп, эфирге берулерің керек» деген сыңайда екен. Жерден жеті қоян тапқандай болып телеоператорым Нұрғали Әшіров екеуміз жетіп бардық. Барсақ, шынымен де кішкентай баллондарға пышылдатып газды құйып жатыр. Біз де жалма-жан зырылдатып түсіре жөнелдік. Газ операторлары сасқалақтап қашып-пышып кетті. Қоқиланып алған мен микрофонымды шошаңдатып, олардан синхрон сұраймын ғой баяғы. Қатардағы жай жұмысшы не айтып қарық қылсын. «Бізге бастық құйып беріңдер деді, біз тапсырманы орындаушымыз», деп қарап тұр. «Бастықтарың кім?» деп сұрасам, «Балабек Нарбаев» дейді. – Ол қайда? – Білмеймін. – Жарайды, тауып хабарлас­тырыңдар, – дедім де зулай жөнелдім. Айналасы жарты сағаттың көлемінде вахтадан «Сізге Балабек деген кісі келіп тұр» деп хабарлады. Сәлден кейін «Ассалаумалейкум, Асеке» деп орта бойлы, тығыншықтай қараторы жігіт қырық жылғы танысымдай жайраңдап кіріп келді. Таныстық, білістік, сөйлестік. Менің таңғалғаным, Балабек сол кезде үлкен бастық та емес, бар болғаны сұйытылған газ құю цехының бөлім меңгерушісі болып шықты. Ал бағанағы автоцистернадан босатылып жатқан газ баллондары жарлы-жақыбайлар мен күнкөрісі төмен жандарға тегін беріліп жатыр екен. Шынымды айтсам, алғашында онша сенбедім. Ол сондай көмек алып отырған бірнеше жетім-жесірдің атын атап, түсін түстеп, мекенжайларына дейін айтқанда өзім де Балабектің жағына қалай шығып кеткенімді байқамай қалдым. Телеарнада 5-6 жыл жұмыс істеп қалғандықтан Балабек айтқан әлгі тұрмысы төмен жандардың бесінші ықшамаудандағы №25 жатақханада тұратынынан хабарым бар еді. Өйткені сол жылдары орталық мешітте бас имам болған Ербол Қосбағарұлымен бірге бірнеше қайырымдылық акциясына қатысып, ұн, ет, май-шай таратқаны туралы хабар жасаған болатынмын. Тоқетері сол, сюжетті эфирге бермейтін болдым. Бас редактор Сапарғали Әлібаевқа түсіндірдім. Жарықтық, Сапар да шындықтың бетіне тура қарап, нақты шешім қабылдайтын, қол астындағы журналистерді жауға бермейтін редактор еді ғой. Өзі де көпқабатты үйде есігінің алдына ошақ қазып, бала-шағасын асырап жүрген адам ғой, түсіністікпен қабылдады. Жоғары жаққа не дегенін өзі біледі. Сөйтіп, газ тақырыбы жабылды. Балабекпен кездескеннен соң бір кездері бір жерден оқыған ұлы Гетенің «Біз адамды бір қалпында, тұрған кейпінде ғана қабылдасақ, түбі оған қиянат жасаған боламыз. Егер оны қол жеткізе алар биігінде көре алсақ, сол деңгейде қарым-қатынас жасасақ, оның болашақта мықты азамат болып қалыптасуына көмектескеніміз» дегені есіме түсті. Егер сол жолы сюжетті айқайлатып сынап-мінеп, «қоғамның мүлкін талан-таражға салып жатыр, жемқор, алыпсатар» деп берсек, онда міндетті түрде Балабек Нарбаевқа шара қолданылып, ең құрығанда қызметтен шеттетілер еді. Ол кездегі телеарнаның «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болатын. Сол оқиғадан кейін Балабекпен жылы қарым-қатынас жиілеп, ағалы-інідей болып кеттік. Оның мейірімділігі мен адалдығы, қайырымдылығы мен қарапайымдылығы, табандылығы мен талғампаздығы, батырлығы мен батылдығы сол кезеңде көп адамның бойынан табыла бермейтін қасиет еді. Ұлы хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті» деген ұлағаты Балабектің өмірлік кредосына айналып кеткенін түсіндім. Кейін Балабек қалалық мәслихатқа депутаттыққа түсуге ықылас білдірді. Ол түсетін округтен тіркелген үміткерлер саны, ұмытпасам, оннан асып жығылды-ау деймін. Ең негізгі қарсыласы үміткер Әбдіжәміл Пірімқұлов болса керек. Сол кезеңдегі депутаттыққа түсіп жатқандар шын мәнінде нағыз жүрек жұтқан, көзсіз батырлар еді. Ол кезде қазіргідей аста-төк заман емес. Дүкен сөрелері қаңырап бос тұр. Алатын ең қат дүние – қант, шай, ет, шұжық, сары май талонмен таратылады. Қат дүниенің бәрі алыпсатарлар мен саудагерлердің қолында. Онан қала берді «рекет» деген жаналғыштар тағы бар. Ең қиыны сол, Балабектің үміткер ретінде тіркелген аумағы қаланың қиын, проблемасы шаш етектен шашылып жатқан «Телецентр» округі болса керек. Ол жақ және қаланың ең қылмысқа бейім аймағы атышулы «кировтықтар» деген дақпырты бар топтардың ұясы болатын. «Шешінген судан тайынбас» деп Балабек бұл майданға да кірді. Сенімді өкілдері марқұм Серік Қалиев бастаған шайырлар мен журналист, жазушы, ақындар болды. Сөзін де, өзін де өткізе білетін Серіктің командасы топ жарып, Балабектің ең жоғарғы дауыс жинауына көмектесті. Сөйтіп, Нарбаев нардың жүгін арқалаған депутат болды. Бұл жолдан да жығылмаған ол ел үмітін ақтап, халықтың қалаулысы бола білді. Соның үдесінен шыққаны емей немене, соңында Тараз қалалық мәслихатының хатшысы болып, біраз жыл ел сенімін ақтады. Сол жерде отырып Сарысу ауданына әкім болып ауысты. Сарысулықтар Нарбаевтай нар тұлғаның атқарған жұмыстарын әлі күнге жырдай қылып айтады. Жаңатастың жандана түсуіне дем берген Балабектің бал бармағы мен батыл қимылдарының арқасы болатын. Қаланың қаңырап қалған көпқабатты үйлерін қайтадан қалпына келтіріп, пайдаға асырды. Осы тәсілді кейін қаратаулықтар да қолданып, біраз адам баспаналы болды. Бүгінгі тілмен айтсақ, бұны креативті көзқарас дейді. Жүзінен мейірім мен жылылық есіп тұратын азаматтың облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры болып тағайындалуын заңдылық сияқты қабылдадым. Аталған интернатты алты жыл бойына басқару жүйке мен жүрекке қаншама салмақ түсіретінін осы салада еңбек еткендер жақсы біледі деп ойлаймын. Мен өзім жұмыс бабымен осы мүгедектер үйінде бірнеше рет болдым. Шынымды айтсам, кіргеннен кеткенше асығатын едім. Тағдырдың маңдайға жазғанынан, Алланың пешенеге басқан таңбасынан ешкім де қашып құтыла алмайды ғой. Анау төрт қабырғаның ішінде қамалған ақыл-естен кемшін жандардың жәудіреген көздерін, басы бар, аяғы жоқ сөздерін, ебіл-дебіл болып есіргендерін, айқайға сүрең қосып көсілгендерін көргенде мына өмірге лағнет деп безіп кеткің келері анық. Ал Балабек болса солармен, сол міскін жандардың өз тілінде сөйлесіп, маңдайларынан сипап, сау адамша сәлемдесіп, қимастықпен құшақтап арқаларынан қағып, қолдарына тәтті-пәттісін беріп аралап жүргенін көргенде «шок» болдым. Құдай-ау, әлгі науқас жандар өздерінің әкесін көргендей бірі «папа», енді бірі «аға» деп жатқанда қалай елжіремессің? Осының бәрін өз көзіммен көрген соң «Жамбыл» телеарнасындағы сол кездегі ең алғыр, талапты журналист қыз Маржан Сатыбалдықызына «Мейірімділіктің аралы» деген документальді бейнефильм түсірткізген едім. Қызығы сол, Маржан сол фильмді Ұлттық арнаның бір конурсына жібере салған ғой. Сол конкурстан топ жарып, бәйге алғаны бүгінгідей есімде. Жұмыс жұмысымен жүріп жатар, Балабектің екінің бірінің қолынан келе бермейтін азаматтық мына ісін айтпасам болмас. Бұл өзі бір ойламаған жерден болған оқыс оқиға сияқты болды. Әңгіменің әлқисасын басынан бастап қысқаша баяндайын. 2006 жылы «Тараз» үштігінің әншісі Берік Қалиев аяқ астынан бүйректен сирақ шығарып, үш бөлме аламын деп екі бөлмелі үйін сатты да жіберді. Ала қоятын дайын үй де жоқ. Оның бәрін алдын ала ойластырса, ол Берік бола ма? Ұмытпасам, үйін сол 5-6 мың доллардың айналасында сатты. Өзі пәтер жалдап тұрып жатыр және сол пәтерді алмақшы. Ол үшін тағы бір мыңдай доллар жинау керек. Ақша жинаймын деп жүргенде екі-үш айдай уақыт өтіп кетті. Беріктің сорына сол жылы доллар бір түнде екі есеге шарықтап шыға келмесі бар ма? Бекеңнің қалтасындағы ақшаға бір бөлме үйдің өзі әрең келетін жағдайға келді. Берік не істерін білмей, далбасалап кетті. Жалдап тұрған пәтері сатылып кетті. Сөйтіп, Берік Қалиев қайным бір күнде «бомж» болды да шықты. Ол атты мен қалжыңдап қайным болған соң қойғанмын ғой. Сол ат құрдастар арасында әлі қалмай келеді. Сонымен не керек, Бекеңнің жағдайы шын мәнінде қиынға айналды. Үш баласымен ешкім пәтерге оңайлықпен алмайды. Біресе анда, біресе мында көшіп-қонумен күн кешіп жүріп жатқанда бір күні Гүлзатқа танысы хабарласып, «осында пәлен деген көшеде жеке үй бар, бірақ ол үйде ешкімі жоқ, психикалық науқас жалғызбасты әйел қызымен тұрады. Қызы да жүйке ауруы бар қатты науқас, соларға күтуші керек» дейді. Егер келіссе үйдің жартысына өз отбасымен тұруға болатынын айтады. Бұл ұсынысты олар қуана қабылдайды. Гүлзат екі науқасты бағып-қағуын, олардың тамағы, басқа да күтімі, соның бәрін мойнына алады. Сөйтіп, доллардың әлегінен Қалиевтар отбасының аяқ асты әбігері шықты да қалды. Тура шым-шытырық кино дерсің. Әлгі жүйкесі ауыратын әйелдердің біреуі «буйный» екен де, екіншісі «тихий» болып шықты. Жүйке ауруларында науқас жағдайына байланысты осындай термин бар екен. Аналы-балалы екеуі ұрысқанда аяғы адам төзгісіз төбелеске ұласып, ешкімге бой бермей кететін көрінеді. Амал жоқ, ондай кезде телефонмен жүйке ауруханасынан көмек сұрауға тура келеді. Кейде мұндай жағдай күніне екі-үш рет қайталанады. Психикалық ауруханадан келгендер екеуін байлап-матап алып кетіп, бір-екі күннен соң қайта әкеліп тастайды. Мұндай жағдай аптасына бір-екі рет тұрақты түрде қайталанып тұрады. Әсіресе құс келіп, құс қайтқанда тіпті жиілейді. Берікті қойшы, солай Гүлзаттың ауыр да қиын, адам төзгісіз күндері өтіп жатты. Осындай күндердің бірінде мен оқиғаның үстінен түстім. Шынында, өте үлкен қасірет екен. Ана екі бейшараны аяп кеттім. Өздеріне ие бола алмайды. Азапты тағдыр, аянышты жағдай. Осыны мен бірде әңгіме арасында Балабекке айтып бердім. Балабек бірден жүйке ауруханасының бас дәрігерімен сөйлесіп, болған жағдайдың бәрін анықтады. Бұл мәселені аяғына дейін зерделеу керектігін екі басшы келісті. Сол кездесуден кейін бір апта өткен соң болу керек, Балабек хабарласып, ана екі науқастың ерекше есепте тұратынын және олардың қоғамға қауіпті екенін, уақыт өткен сайын олардың жүйкелері сыр беріп, агрессияға ауысып келе жатқанын, сондықтан жедел түрде стационарлық ауруханаға түпкілікті жатқызу керектігін және арнайы құрылған комиссия анықтап, шешім шығарғанын жеткізді. Комиссия шешімімен екі науқасты сол күні арнайы күзетпен алып кетіп, жүйке аурулар интернат үйіне тұрақты түрде жатқызады. Қалиевтар болса, соттың шешімімен Гүлзаттың екі науқасты қамқорлыққа (опекун) алған келісімшартына сәйкес еңбегі есепке алынып, тұрғын үйдің қалдық бағасы науқастың есепшотына аударылды. Үйді заңнама бойынша Гүлзат Қалиеваға аударып берді. Бірақ үй деген аты ғана атқорадан айырмасы жоқ құжыраны сүріп тастап, орнына жаңадан үй салу керек еді. Солай жасалынды да. Кейін есін жиған соң Берік далада қала жаздаған жерінен заңдылық негізде баспаналы болуға көмектескен Балабекке алғыс айтайық деп маған қолқа салды. Жасыратыны жоқ, жиған-терген үш мың доллары бар екен, соны рақметім ретінде берейін деді. Бұнысы енді азаматтық. О баста әңгімені бастаған мен болған соң келістік. Мен Беріктің сәлемдемесін Балабекке жеткіздім. Қалай ойлайсыз? Сол кезде менің іні-досым Балабек: «Асеке, мен тек қолымнан келген мүмкіндікті қазақ өнерінің күміс көмей, қайталанбас шеберіне жасадым, бар болғаны сол ғана. Мына қаражатты сол баспанасының игілігіне жұмсасын. Маған азаматтың ардақты тұлғасы бәрінен жоғары», деді. Мұндай пәтуалы сөзге ештеңе алып-қоса алмайсың ғой. Міне, «Батыр аңғал келеді» демекші, бірде аңғал, бірде көзінен мейірімнің шуағын шашып тұратын, енді бірде қайсарлығынан қайыспай хас батырдай қасқайып тұратын бірегей азамат жайлы жеткізіп айта алдым ба, жоқ па білмеймін. Бұл жазғандарыма ешқандай тұздықтаған қыздырманың қызыл сөзін қоспауға тырыстым. Балабектің өзім куә болған сәттерін қалай көрдім, қалай қабылдадым, солай жеткіздім. Бәлкім арада біраз жыл өтіп кеткен соң кейбір сәттерде эмоциялық көңіл-күйлердің әсерлері болуы да мүмкін. Бұл сегіз қырлы, бір сырлы арда азаматтың мен ғана білетін сәттері. Ал оның менен де басқа, менен де жақын сырлас, мұңдас достары қаншама!? Алпыстың асқарына шыққан аптал азамат інімнің абыройы арта берсін! Асқарбек Сейілхан, Қазақстанның Құрметті журналисі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар